ҒЫЛЫМҒА – БАЙЫПТЫ БЕТБҰРЫС

Атырау мұнай және газ институтының студенттер сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауының еліміз үшін стратегиялық маңызын саралап, талқылауға арналған жиын өтті.

 

Шара барысында сөз алған институт ректоры Дүйсембек Құлжанов Жолдаудың мәні мен маңыздылығына тоқталды. «Елбасы жыл сайын әр Жолдауында студент-жастарға баса назар аударып келеді. Бұл үрдіс биыл да жалғасып, ендігі уақытта студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға арттыру жоспарланып отыр.  Елбасының әр тапсырмасы үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, оны орындау – басты міндет» деген Дүйсембек Орынғалиұлы Жолдау жүктеген міндеттердің жастардың болашағы үшін маңызды екендігін  қадап айтты.

Инновациялық жаңалықтарға негізделген экономиканы жасақтау – Елбасының алға қойған міндеттерінің бірі. Жолдаудың бұл бағыты бойынша институт профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Әкімғали Кенжеғалиев баяндады. «Ғылыми экономиканы жасақтауда венчурлық қаржыландыру заңнамасын жетілдіріп, зияткерлік меншікті қорғау, ғылыми-зерттеулер мен жаңалықтарды көптеп енгізу қажет» деген ол осы бағытта білім ордасында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, институтта мұнай өндірісінің табиғи ортаға тигізетін залалын зерттеу мақсатында ғылыми зертхана жасақталуда. Ғылымға бет бұрған студенттер мен оқытушылар үшін оның маңызы зор болмақ.

Жолдауда айтылған әр тапсырманы орындауда жастарға үлкен міндет жүктеледі.  «Біздің болашаққа  барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу керек. Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет деп санаймын» деген Президенттің бұл сөзі әр жасқа жігер берді. Бұл жөнінде институттың биылғы бітіруші түлегі Орынбасар Есқалиев баяндап, академиялық автономияға біртіндеп көшу өте құптарлық екенін айтты. Оның пікірінше, әр облыс өзінің еңбек сұранысына байланысты мамандар даярлау арқылы өз аймағындағы шетелдік және жергілікті компаниялармен тығыз байланыста бола алады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз