
UTEBAYEV UNIVERSITY AI-Sana Ceremony форумында үздік жоба иегері атанды
Бүгін Астанада Стратегиялық серіктестер форумы аясында AI-Sana Ceremony салтанатты іс-шарасы өтті. Бұл форум жасанды интеллект саласындағы үздік жобаларды таныстырып, білім беру, бизнес және технология салаларындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.
Іс-шара барысында жасанды интеллект бағытындағы үздік бастамалар марапатталып, AI-Sana Academy таныстырылды. Форум жұмысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
UTEBAYEV UNIVERSITY делегациясы форум жұмысына белсенді қатысып, тәжірибе алмасу, инновациялық идеяларды талқылау және жаңа серіктестік бағыттарын дамыту жөнінде маңызды келіссөздер жүргізді.
Форумның ең әсерлі сәттерінің бірі — UTEBAYEV UNIVERSITY әзірлеген “AIHub – интеллектуалды платформасы” жобасының «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ “Демеуші таңдауы” номинациясы бойынша жеңімпаз атануы болды.
Марапатты «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ атынан өндірістік және қолданбалы жүйелерді қолдау департаментінің директоры Айтуар Сырымбетұлы Кабдулин табыстады.
Форумда университеттің инновациялық жобасы — «Edu Data Insight» интеллектуалды талдау платформасы көпшіліктің назарын аударды. Бұл жоба жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, академиялық деректерді талдау және шешім қабылдау процесін оңтайландыруға бағытталған. Платформа студенттерге оқу үлгерімін бақылауға арналған жеке дашбордтар ұсынса, әкімшілікке тәуекел тобына жататын студенттерді анықтауға, оқу бағдарламаларының тиімділігін бағалауға және деректерге негізделген стратегиялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
–Бұл марапат — UTEBAYEV UNIVERSITY ұжымының цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласындағы жүйелі еңбегінің айқын нәтижесі. Алдағы уақытта да еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға, инновациялық экожүйе қалыптастыруға және заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізуге бағытталған жұмыстарды жоспарлап отырмыз,-деп атап өтті университет ректоры Гүлзада Шакуликова.
Айта кетейік, жоғары оқу орнында AI Hub орталығы ашылып, жасанды интеллект бағытындағы жобаларды әзірлеу, студенттер мен оқытушылардың зерттеу жұмыстарын қолдау және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу алаңына айналды. AI Hub базасында студенттер мен жас зерттеушілер нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған жобалармен айналысып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруде.
Қатысушыларды Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтап, AI-Sana бастамасының ел үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
Айта кету керек, AI-Sana бағдарламасы — Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негізінде әзірленген, жасанды интеллект экожүйесін дамытуға және білім мен технология саласындағы интеграцияны күшейтуге бағытталған ұлттық жоба.



