
Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік
Махамбет ауданы, Ақтоғай ауылы, Ақтоғай орта мектебінде Ұстаздар күніне орай сала ардагерлерін ұлықтау іс-шарасы өтті. Жиын барысында мектептің алғашқы іргетасын қалаушы ұстаздардың бірі, білім беру ісінің үздігі, мектеп директоры әрі оқу-тәрбие жұмыстарының орынбасары болған Мұқажан Жүнісовтің есімі берілген арнайы оқу кабинеті ашылды. «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты салтанатты жиын ауыл жұрты мен жас буын үшін ерекше мәнге ие болды.

Мұқажан Жүнісұлы 1933 жылы Исатай ауданында дүниеге келіп, жастайынан білім жолын таңдап, ұстаздыққа бар ғұмырын арнаған. Ол ұзақ жылдар бойы химия, биология, география пәндерінен сабақ беріп, талай шәкірт тәрбиеледі. 1981–1987 жылдары Ақтоғай орта мектебінің директоры қызметін атқарып, кейін оқу ісінің меңгерушісі болды. Білім саласына қосқан елеулі еңбегі үшін «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медалімен марапатталып, есімі «Атырау облысы мұғалімдерінің энциклопедиясына» енген. Ақтоғай селолық советінің депутаты болған.

Салтанатты шараға ардагер ұстаздың жары Рысханым Сүндетқалиқызы ұрпақтарымен бірге келіп, ізгі лебізін жеткізді. Жиынға сондай-ақ Исатай ауданы, Аққыстау ауылынан келген және ақтоғайлық бірқатар ардагер ұстаздар қатысты. Олар Мұқажан Жүнісовтің ұстаздық болмысын, еңбек жолындағы өнегелі істерін еске алып, жас ұрпаққа үлгі етті. Қатысушылар арасында ауыл әкімі, мәдениет үйі мен балабақша басшылары да болды. Ардагер ұстаздың шәкірті, бүгінде Атырау қаласындағы Т.Амандосов атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Мүслима Базарбаева құттықтау сөз сөйлеп, мектепке Мұқажан Жүнісовтің есімін беру туралы ұсынысын да білдірді.
Бұл шара – шағын ауылдағы мектеп тарихындағы үлкен оқиға. Ұстаз есімін ұлықтау – жас буынға тағылым, ұрпаққа өнеге. Өмірін білім беруге арнаған, бірнеше буынды тәрбиелеп шығарған Мұқажан Жүнісовтің есімі енді өзі қызмет еткен мектептің төрінде жарқырап тұратын болады. Бұл – үлкенге құрмет, ұстазға тағзым әрі болашақ ұрпақты адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеудің айқын көрінісі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Махамбет ауданы



