
Ұрпаққа білім дарытқан ұстаздар еңбегі ұлықталды
Ұлт болашағын тәрбиелеу ісінде ұстаздардың орны қашанда айрықша. Осы қастерлі мамандық иелерінің еңбегін ұлықтау мақсатында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында “Қалдырған ізің мәңгілік” атты мерекелік жиын өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде ұстаздың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, “Ұлылықтың басында ұстаз тұрады. Барлық мамандықтың бастауы – ұстаздан. Балалардың білімі мен болашағы ұстаздардың қолында. Ұлтты тәрбиелейтін де, болашаққа жол сілтейтін де – ұстаздар” деп атап өтті.

Мерекелік жиында облыстың бір топ педагогтері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен және «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, өңірдің білім беру саласына елеулі еңбек сіңірген бірқатар ұстаздарға облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ұстаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



