Жарнама
Білім

Университет тұлғалары

1980-1985 жылдар аралығында Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында тарих, қоғамтану және құқық негіздері мамандығы бойынша білім алдық. Сол жылдардағы оқу, студенттік өмірдің сәттері, ерекше есте қалған ұстаздар бейнесі бүгінге дейін жадымызда. Бізге білім берген, бағыт көрсеткен аяулы ұстаздар жайлы аз-кем сыр шертуді жөн көрдік. Бұл – ұстаз еңбегіне деген құрметтің бір парасы.

Ғибрат алар ағай еді

Алғашқы екі курста КСРО тарихы пәнінен КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ғинаятолла Нығметов дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізді. Ағайдың ең басты ерекшелігі – студенттерден терең, толыққанды білімді талап ететін. Әрбір дәріс тақырыбын оқығанда оннан астам пайдаланатын әдебиеттер тізімін береді. Ол кезде барлық әдебиет – орыстың атақты ғалымдарының еңбектері. Ал, семинар сабағына дайындалғанда орыс тіліндегі осы әдебиеттерді пайдалану керек. Егер пайдаланбасаң, берген жауапқа қанағаттанбайды. 1947 жылы жарық көрген бір тарихи еңбектен И.В.Сталиннің пікірін семинар сабағында сілтеме жасаған едім. «Сабиров, мұның дұрыс, бірақ айтуға әлі ерте…», — деп бағалағаны бар. Ағай КСРО тарихының күрмеуі қиын күрделі кезеңі ІХ-Х ғасырлардағы Киев Русінен бастап ХVІІІ ғасырдың аяғына дейінгі Ресей тарихының терең білгірі ретінде танылды.

1993 жылы Атырау педагогикалық институтының Педагогика кафедрасына оқытушы болып келдім. Содан бастап, Ғинекеңмен рухани байланысымыз жақындай түсті. Ғинаятолла ағай мерзімді басылым бетінде тарихи-танымдық мақалаларын жиі жариялап тұратын және «Сен сол мақаланы оқыдың ба?» — деп, міндетті түрде сұрайтын. Ағайдан үлгі алып, біз де тәрбиелік-танымдық, тарихи-тағылымдық бағытта мақалалар жаза бастадық. Газет-журналдарға жарық көрген мақаламызды міндетті түрде оқып, кездескен жерде «Мақалаңды оқыдым, жаман емес…», — деп, сұқ саусағын жоғары көтеретін. Ұстаз-ғалым пейіліне шынайы риза болушы едік.

Қазір мақала жазбақ түгілі, «мақалам шықты» деп айқайласаң да, саған жауап қатпайтын тоңторыс жандар көбейді. Мақалаңды оқыды, бірақ жылы сөзге «сараң».

Ағайдың отбасылық қуаныштарына да араласқанымды інілік міндетім деп санаймын. Алдар ағай мен жолдасым Лесқали апарып, «Айдар, сенің қолыңнан келеді», — деп, ағайдың ұлы үйленгенде, өзі мерейлі 70 жасқа толғанда той дастарханын басқартқан болатын. Осы екі қуанышқа Ғинекең аса риза болды…

Қайсар жүректі жан

Гурьев (Атырау) педагогикалық институты өткен ғасырдың 70-80 жылдарында облыстағы жалғыз жоғары оқу орны болды. 1980 жылы жаңадан ашылған «тарих, қоғам тану және құқық негіздері» мамандығының қазақ бөлімі бойынша 50 студент қабылданды. Қыркүйектің алғашқы күні 115, 116 топ студенттері оқуды бастап та кеттік. Кешікпей біздің 116-топқа институттағы беделді тұлға, жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күләш Қайырбекованың куратор болып бекітілуі басым көпшілігі ауылдан келген бозбала-бойжеткендерді мерейлендіріп тастағандай болды. Күләш Қайырбекқызы бәрімізбен танысып шыққаннан кейін, әрбір студентке қатаң талап қойып, сапалы білім алу қажеттігін ескертіп, студенттердің қабілетіне байланысты жауапкершілік жүктеп, қоғамдық жұмыстарды бөліп берді. Болашақ мамандығымызға байланысты топтың фото-шежіре альбомын ашатынын да мәлімдеді. Шынында да, апай айтқан сөзін іспен дәлелдеп, бес жыл бойы алған біліміміздің үлгерімін, тәртібін, қоғамдық-мәдени жұмыстарға қатынасудағы белсенділігімізді фото-шежіре альбомға тіркеп, оның нәтижесін шығарды.

Кафедрадағы басшылық қызметіне, институттағы қоғамдық-саяси тапсырмаларына қарамастан, біздің оқу үлгеріміміз бен тәртібімізді үнемі бақылап отырды. Аптаның бір күнінде саяси сабақ өткізіп, топ студенттерінің саяси сауатын жетілдіруге, өзіндік саяси көзқарасын қалыптастыруға ерекше мән берді. Күләш Қайырбекқызының қатаң талап етуі мен бақылауының нәтижесінде 116-топ студенттері қысқы, жазғы сессияны тек қана «жақсы» және «өте жақсы» бағаларға тапсырып, 1981 жылдың күзінде Гурьев педагогикалық институты бойынша «ХХVІ-партсъезд атындағы топ» атағын (қазір әрине, күлкілі болып көрінеді) жеңіп алды.

Кураторлық қызметінде Күләш Қайырбекқызы біздің оқудан тыс уақыттағы өмірімізді де қадағалап, қажет болса ақыл-кеңесін де беріп отырды. І курсты аяқтағаннан кейін, «Жас қайрат» студенттік құрылыс отрядына жазылып, Исатай Насыров, Мағзом Қошанов, Асқар Ерекешов және 115-топтағы Әліпқали Сәрсенғалиевпен бірге Махамбет ауданының «Зауральный» кеңшарындағы Мыңбай учаскесіне құрылыс жұмысында болдық. Куратор факультет деканы Жиенбай Бақиевпен бірге бізді іздеп келіп, жағдайымызбен танысып, аналық ақыл-кеңесін айтып, «еңбек семестрін» сәтті аяқтауға тілектестігін білдірді.

Жоғары курстарда студенттердің куратормен қарым-қатынасы сирейтіні рас. Дегенмен, сәл-пәл қиналған кезімізде Күләш апайды тауып алушы едік. ІV курста оқып жүрміз, Гурьев қаласына Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) опера және балет театры гастрольдік сапармен келді. Билет құны – 3 сом, біздің топқа 12 билет берілді. Ол кезде институт асханасынан 85 тиынға жақсылап түскі ас ішіп алуға болады. Деканатқа 36 сомды жинап бере алмай, Күләш апайды іздеп бардық. Сырттай оқу бөлімі студенттеріне лекция оқып тұр екен. «Айдар-ау, баяғыдан бері маған келмейсің бе», — деді де, студенттерге қарап, «Сендер бір ай сессияға келгенде облыстағы мәдени шараларға қатынасып, рухани-мәдени деңгейлеріңді көтеріп кетулерің керек. Староста, өз тобыңды осы концертке түгелдей алып бар», — деп пәрмен берді. Сол жерде билеттерді түгелдей өткізіп, Күләш апайдың арқасында деканаттың бір тапсырмасын «орындадық».

Әрине, біз періште болған жоқпыз. Институт ішіндегі, жатақханадағы студенттердің тәртіпсіздігі мен бұзақылық әрекеттерін Күләш Қайырбекқызы өз тобымызда талқылып, нақты шарасын алып, қашанда студенттердің пайдасына шешіп, бірде-бір студенттің оқудан шығып кетуіне мүмкіндік берген жоқ. Қажет болса, ата-анамызды шақырып, пікірлесіп тұратын. Бір рет қатты ренжігенде, «Мен сендерді емес, ата-аналарыңды сыйлаймын ғой», — дегені бар.

Күләш апай студенттердің өтірік айтқанын жаратпаушы еді. «Мені алдау үшін бір пұт тұз жеу керек» немесе «ничего подобного» деп, солқылдақ студенттерді сілкілеп алатын. Өкініштісі, бүгінде біз Күләш Қайырбекқызының осы бір сөздерін сағынышпен еске алатынымыз рас. Себебі, ғибратты ғалым, қайсар ұстаз, мейірімі мол ананың жүрегі 2008 жылдың қазан айында дауасы табылмаған дерттің кесірінен мәңгілікке тоқтады.

Талапшыл басшы, тағылымды ұстаз

ХVІІ ғасырда өмір сүрген ойшылдардың бірі Ян Амос Коменский мұғалім мен архитекторды салыстыра келіп, «Мұғалім – адам жанының мүсіншісі» деген екен. Шындығында да, бір кафедрада, бір факультетте қызмет жасамасақ та, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде адам түйсігіне қозғау салатын, жаныңды түсіне біліп, өзінің интеллектуалдық деңгейін тереңдетуден жалықпайтын педагог ғалымдар бар. Гурьев пединститутында оқығанда тек өз факультетіміздің ұстаз-ғалымдары емес, басқа факультеттердегі студенттердің білімі мен тәрбиесіне қатаң талап қоя білетін оқытушы-профессорларды да көріп, байқап жүрдік. Сондай ұстаздардың бірі – Мәкім Алдабергенова еді.

Біз оқыған жылдары Мәкім апай – химия-биология (қазіргі жаратылыстану) факультетінің деканы. 1982 жылы институтта ашылған дене тәрбиесі және спорт бөліміне облыс түгілі, республикада олжа салып жүрген спортшы қыз-жігіттер қабылданды. Бөлім – химия-биология факультетінің қарамағында. Спортшы жігіттер институт ішінде түрлі бұзақылық, тәртіпсіздік әрекеттерге жол беріп қояды. Сол кезде Мәкім апай КСРО спорт шебері, КСРО спорт шеберлігіне кандидат атанып жүрген зіңгіттей жігіттерді дәліздің бойында тұрғызып қойып, тәртіпке шақырып, ал өздерінің кінәлі екендігін сезінген олар көздерімен жер шұқып, апайдан қатты қаймығып, көзінің сұсынан қорқатын. Осы бір орта бойлы, дембелше келген адамның «ызғарына» таңғалатын едік.

Ол кездің тағы бір ерекшелігі, студенттер өз көзқарасы мен сүйіспеншілігін партаның бетіне жазып кететін. Кейде «химбиологтар» орналасқан төртінші қабатқа көтеріле қалсақ, партаның беті жылан жалағандай тап-таза болып тұратыны да факультет деканының тегеурінді тәртібі мен талапшылдығын көрсетсе керек.

Институтқа оқытушы болып келген соң жекелеген педагогикалық тәжірибе мәселелері бойынша Мәкім апаймен ақылдасып, пікірлесіп отырдық және жаратылыстану факультетінің студенттеріне педагогикалық пәндерден дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргіздім. Осыдан 5-6 жыл бұрын Мәкім апай біздің кафедраға келіп (ол кезде – зоология кафедрасының меңгерушісі): «Айдар, ІІ курста оқып жүргенде «Педагогика тарихы» пәнінен бір студент «үштік» алып қалыпты. Ректордың рұқсатын алып отырмын. Қайта тапсырып, «өте жақсы» деген баға алса тәуір болар еді. Себебі, бұл студент университетті қызыл дипломмен бітіріп, бізде қызметке қалғалы отыр», — деп ойын түйіндеді. Апай қамқорлаған сол студент – қазір ғылым кандидаты, университеттің білікті оқытушысы.

Біздің университетте биыл этнопедагогика ғылымының келелі мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Алматы, Астана, Орал, Ақтөбе, Ақтау қалаларын айтпағанда, Ресейдің Мәскеу, Астрахан қалалары мен Қалмақ автономиялық республикасынан ғалымдар қатысты. Конференцияның пленарлық мәжілісінде Мәкім Жүнісбекқызы орыс тіліндегі құнды деректерге толы, саламатты өмір салтына байланысты мазмұнды баяндамасын ұсынды. Қазіргі жастардың жаяу жүргісі келмейтінін негізге алды ма, апай мынадай дерек келтірді: «100 грамм торт жеген адам 2 сағат жаяу жүруі керек». Бұл дерек маған да ұнады, баратын жерім екі-үш аялдама болса да, алаңдамай жаяу жүре беремін. Осыдан-ақ Мәкім Жүнісбекқызының өзіне тән ғалымдық келбетін аңғаруға болады.

Амал не, өзім көріп, байқаған Мәкім апайдың ұстаздық, ғалымдық, басшылық, адами асыл қасиеттерін өткен шақта айтуға тура келеді. Себебі, өткен жылдың қоңыр күзінде Мәкім Жүнісбекқызы дүниеден озды.

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті,

Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button