
Ұлт ұстазының ізімен
Халқының рухани биігін біліммен көтеруді мұрат тұтқан тұлғалардың бірі – Құсиын Айтқалиұлы. Қазақ педагогикасының өрісін кеңейтіп, ұлт білімінің көкжиегін байытқан осынау ұлағатты ұстаздың өнегелі жолы бүгінде жас ұрпаққа бағдар болуда. Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы» АҚ филиалының ұйымдастыруымен өткен «Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық мұрасы, заманауи білім мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

Белгілі педагогтың өмірі мен ғылыми еңбектерін зерделеуге, бүгінгі білім берудегі өзекті мәселелерді саралауға арналған конференция жұмысына еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары, педагогтер, білім беру мекемелерінің өкілдері мен жас зерттеушілер қатысты. Басқосуда ұлт ұстазының ұлағатты ғұмыры, оның педагогикалық көзқарастары мен жаңашыл әдістемелік ізденістері кеңінен талқыланды.
– Тумысынан ұстаздық жолға арналған Құсиын ағамыз Махамбет ауданының Кұлтай ауылында 1930 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын өз ауылынан бастап, кейін Талғайран жетіжылдық мектебінің директоры, Алға орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі әрі директоры қызметін атқарды. Ізденіс пен жаңашылдық – оның өмірлік ұстанымы еді. Сол ізденістің арқасында ол республика мен Одақ көлемінде танылған педагогтардың қатарынан табылды, — деді конференция барысында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы.

Оның айтуынша, Құсиын Айтқалиұлы қазақ тілі материалдарын блоктап оқыту әдісін ұсынып, оны мектеп тәжірибесіне батыл енгізді. Бұл тәсіл сол кезеңнің білім беру жүйесінде үлкен серпіліс әкеліп, көптеген мұғалімге үлгі болды. Ұстаздың озат тәжірибесі мен жаңашылдығы республика көлемінде кеңінен таратылып, өз мектебін қалыптастырды.
Білім беру ісіндегі тынымсыз еңбегі мен жаңашыл ізденістері үшін Құсиын Айтқалиұлына 1980 жылдың 12 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы «КСРО Халық мұғалімі» атағын берді. Бұл – сол кезде бар болғаны бес ұстазға ғана бұйырған мәртебелі атақ еді.
Конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарында заманауи білім мазмұнын жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу, инновациялық оқыту әдістері мен тәрбиенің ұлттық құндылықтарға негізделуі жайы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар ұстаздың педагогикалық мұрасы, әдістемелік идеялары мен адамгершілік болмысы туралы мазмұнды баяндамалар тыңдалды.
Ұлт ұстазының еңбегі – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі мен болашақтың шамшырағы. Оның есімі мен еңбегі қазақ педагогикасының алтын қорында мәңгі сақталып, білім жолындағы буындарға бағыт болып қала бермек.
Мәлике МӘЛІК



