
Уақыт талабынан туған шешім
Білім – мемлекеттің ең үлкен капиталы, ұлттың болашағын айқындайтын негізгі күш. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында білім беру жүйесін жаңғырту, оны жаңа дәуірдің талаптарына бейімдеу мәселесіне айрықша назар аударды. Бұл – еліміздің білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, зор сенімнің көрінісі.
Қазіргі заманда білім тек оқулықпен шектелмейді, ол – инновация мен технологияны игеру арқылы дамитын сала. Президент атап өткендей, экономиканың цифрлық жаңғыруы ең алдымен сапалы білімге және жаңа көзқараспен ойлай білетін мамандарға тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – білім саласындағы тарихи қадам. Елдің түкпір-түкпірінде жаңа мектептер салынып, заманауи оқу ортасы қалыптасып келеді. Бұл – мемлекетіміздің білім сапасына деген нақты қамқорлығының айғағы.
Бүгінгі күні жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына еніп отыр. Сондықтан Президенттің оқушыларға жасанды интеллект негіздерін оқыту жөніндегі тапсырмасы – уақыт талабынан туған шешім. Бұл бастама болашақ ұрпақтың заманауи технологияларды еркін меңгеріп, жаһандық бәсекеге қабілетті азамат болып өсуіне жол ашады. Ал студенттерге арналған Al-Sana бағдарламасы жастарды жоғары технологиялық жобаларға тарту арқылы олардың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.
Мұндай ауқымды өзгерістер ұстаздар қауымына да жаңа міндеттер жүктейді. Әр педагог цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, оқу үдерісін жаңа әдістермен ұйымдастыра білуі керек. Президент ұсынған «Qazaq Digital Mektebi» платформасы ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайтып, барлық оқушыға сапалы білімге тең қолжетімділік беруге мүмкіндік жасайды.
Сонымен қатар Жолдауда ғылым мен білімнің өзара байланысын нығайту мәселесі де орынды көтерілді. Ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды үйлестіру арқылы біз ұлттық ғылымның нақты нәтижелерге бағытталған жүйесін қалыптастыра аламыз. Бұл – елдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтудің ең тиімді жолы.
Мен мұғалім ретінде бұл бастамаларды еліміздің ертеңіне бағытталған стратегиялық шешімдер деп білемін. Президент белгілеген міндеттерді орындау – әрбір ұстаздың, әрбір жас маманның парызы. Білім мен ғылымға салынған инвестиция – мемлекет дамуының кепілі. Саналы, білімді, технологияны игерген ұрпақ қана Қазақстанды өркениетті елдердің қатарына шығара алады.
Айнұр НУРИЕВА,
№43 мектептің химия пәнінің мұғалімі.
Атырау қаласы



