
Уақыт талабына сай жаңғыру
Менің педагогика саласында еңбек етіп келе жатқан жылдарым аз емес. Осы уақыт ішінде талай реформаны, түрлі әдіс-тәсілдердің алмасқанын көрдік. Бірақ биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында білім беру жүйесіне қатысты көтерілген мәселелерді тыңдағанда, мемлекетіміздің болашаққа батыл қадам жасап отырғанына көзім жетті. Бұл бастамалар – уақыт талабынан туған, заманауи өзгерістерге лайық шешімдер.
Қазіргі әлемде білім тек дәптер мен оқулықпен шектелмейді. Білім – инновацияны меңгеру, технологияны пайдалану, ойлау мәдениетін дамыту. Президент атап өткендей, цифрлық экономикаға көшу үшін ең алдымен сапалы білім мен құзырлы маман қажет. Осы бағытта ұсынылып отырған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің білім инфрақұрылымын түбегейлі жаңартатын үлкен бастама. Жаңа мектептердің ашылуы – болашақтың инвестициясы. Бұл – оқушыға қолайлы орта, мұғалімге сапалы еңбек жағдайы, елге бәсекеге қабілетті ұрпақ.
Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуын бұрын кітаптан ғана оқитын едік, бүгінде ол – күнделікті өміріміздің бір бөлігі. Оқушыларға жасанды интеллектті үйрету, бағдарламалау негіздерін меңгерту туралы бастама – ертеңгі күнді бүгіннен бастап дайындау деген сөз. Студенттерге арналған Al-Sana бағдарламасы жастардың әлеуетін ашып, олардың өз идеяларын іске асыруына мүмкіндік береді. Әлемдік бәсекеге қабілетті болудың жолы – осы.
Президент ұсынған «Qazaq Digital Mektebi» платформасы ерекше қуантты. Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға арналған нақты тетік. Бір жерде мұғалім жетіспесе, екінші жерде жоғары деңгейлі мамандар бар. Осы платформаның арқасында Қазақстанның кез келген нүктесіндегі бала үздік ұстаздан білім ала алады. Бұл – тең мүмкіндік, әділдік.
Білім мен ғылымның байланысын күшейту – мен көптен күткен шешім. Ғылым оқшау тұрмауы тиіс. Университеттерде жасалған ғылыми зерттеулер мектепке жетсе, ал мектептен шыққан талант ғылымға тартылса, еліміздің интеллектуалдық әлеуеті артады.
Мен білім саласының ардагері ретінде мына пікірді нақты айта аламын: бұл өзгерістер – ұлттың ертеңіне жасалған стратегиялық қадам. Мұндай реформаның нәтижесін бір жылда көрмейміз, бірақ он жылдан кейін бүгінгі шешімдердің жемісін ұрпақ береді. Біз қазір жылдам өзгеріп жатқан дәуірде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан әр педагог, әр жас маман заманға сай озық ойлы болуы керек.
Білімге инвестиция салған ел ғана өркендейді. Бүгінгі шешімдер – мемлекеттің болашағына салынған құнды капитал. Өз ісіне адал ұстаздар барда, сапалы білім беретін жүйе қалыптасады. Ал сапалы білімді ұрпақ Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейді.
Қатира КҮНБАСОВА,
білім саласының ардагері.
Сурет ашық дереккөзден алынды.


