ТЕКТІЛІК ТҰНҒАН ТӨЛЕШ

...Әлі есімде, 1970 жылы жоғары оқу орнын бітірген мені аудандық білім бөлімі анда-мұнда қақпақылдаумен болды. Амалсыздан өзім танымайтын Махамбет атындағы орта мектептің сол кездегі басшысы Төлеш ағаймен жолығуға тура келді. Институтты жаңа ғана бітіріп келген қаршадай баланы әкелік мейіріммен жылы қабылдаған іскер басшы:

– Таңертеңнен бастап жұмысқа кел, мамандығың бойынша жұмысқа орналасасың. Аудандық білім бөлімінен  бұйрықты өзім аламын, – деді. Бұл қуанышты сәт менің есімде мәңгіге жатталып қалды. Сөйтіп, Төкең ағайдың қамқорлығының арқасында менің ұзақ жылғы ұстаздық еңбек жолымның тұсауы осылай кесілген еді.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар, көз алдыма абзал ағаның өмір жолдары еріксіз елестегендей.

…Қыс басталғаннан бері шығыстан соққан қарлы боран көз аштырмайды. Суық аяз бен өкпек жел бетті қарып, шымшып алады. Қыстың көзі қырауда бұдан сексен жыл бұрын Индер ауданының 5- ауылындағы қарапайым колхозшы Жаманқұлов Құрақтың шаңырағында шекесі торсықтай сәби іңгәлап дүние есігін ашты. Аузын ашса, көмейі көрінетін ақкөңіл Құрақ атамыз қуанғаннан «Құдайдың маған берген олжасы – төлеуі ғой, Алла тағала әдейі өз қамқорлығына алсын» деп Төлеш есімін қалады.

Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген тамаша сөз бар. Олай болса, еңбек ардагері Төлеш Құрақұлының еңбегіне баға берерде оның аяулы әкесі туралы айтпай кетуге болмайды.

Әкесі Құрақ жастайынан орыс байларына жалданып, шөбін шауып, тілін үйреніп, заман талаптарына бейім өскен. Ал, кейін кеңестік кезеңде колхоздың басқарма төрағасы, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарып, 1953 жылы құрметті демалысқа шығыпты. Ал, анасы Бәтима он алты жасында осы әулеттің босағасын аттап, Құрақ атамызға тұрмысқа шығыпты. Анасы өмірден көргені мен түйгені мол, бірақ табиғатында пысық, асау жылқыларды құлақтан тұқыртып, бестілерді үйреткен, қандай жұмысқа болса да тындырымды болатын.

1947 жылы атамыз ауырып, төсек тартып жатып қалады. Сол жылы ел ашықты. Анамыз басы артық киімдері мен дүниелерін тиеп, қыстың қақаған суығында  нар түйеге  жүк шанасын жегіп, Ақтөбе облысына баратын азаматтарға ілесіп кетті. Ай жарымдай жүріп, заттарын айырбастап, көп олжамен бір шана тары тиеп ауылға келді.  Үй-іші, тіпті барша ауыл аштықтан құтылды. Бірге болғандар «Бәтиманың елмен тіл тапқыштығын, қайраты мен қайырымдылығын айтуға сөз жетпейді» деп үнемі мақтайтын еді. Соғыс жылдарында колхоз пішеншілеріне бие байлап, қымыз дайындап, тамақ, сусынымен қамтамасыз ететін. 1942-43 жылдары Украинадан келген сиырлардың 12 қашарын қыста бағып, жаз шыға колхозға қайтарып берген. 1942 жылы Мәмбеттен көшіп келген Құмарғали, Қиса, Дүйселерді (үш ағайынды жетім балалар – Б.А) аштықтан құтқарып, Балқы атаға (шопан) көмекші етіп жіберген еді. Сондықтан болар, Төкеңнің  анасын ауылдың  кәрі-жасы ерекше  сыйлап, «Бәке» дейтін. Қазақ әдебиетінің тарланы Ғабит Мүсіреповше айтқанда, Бәтима анамыз ауыр жүкті жалғыз өзі көтерген нағыз ер-ана болды.

 Қазақта «Үйдің жақсы болуы ағашынан, жиеннің жақсы болуы – нағашыдан» деген сөз бар. Халық сыйлап, елі қадірлеген Төкең ағаның нағашысы бәйгеге ат жаратып, жүйрік қосқан, құс салып, аң аулаумен айналысқан, құсбегі, сал-сері болыпты. Кәрі нағашысы Шалда шешен әрі би кісі екен. Бұл туралы белгілі ғалым Б.Омаровтың «Мұрат Мөңкеұлы» кітабында былай баяндалады. «Айтыскер ақын Мұрат Мөңкеұлы 1906 жылы 63 жасында қатты ауырып, Өрліктегі Қармыстың Шалдасының үйіне жетіп жығылады. «Шәке, мен қатты ауырып келе жатырмын. Олай-бұлай болып кетсем, Шолақтың бейітінің жанына қойыңдар» дейді Мұрат. Шалда Мұраттың денесін Жайықтың арғы бетіне өткізіп, марқұмның аманатын орындайды. Ақын бейіті Индер ауданының Жарсуат ауылының маңында» (Б.Омаров «Мұрат Мөңкеұлы», Алматы, 1993, 100-101 беттер).

Шалданың Байзақ деген баласынан туған Өмір атты немересі жауырыны жерге тимеген балуан болыпты. Төлеш ағаның Байзақов Қорқыт деген нағашысы қаржыгер, інісі Қуаныш екеуі талай байрақ алғанын көзіміз көрді. Қазір ұрпақтары бар, Төкеңнің нағашыларының қандай екендігін осыдан байқауға болады.

Төкеңнің бауырларына  тоқталсақ:  Құрақтың үлкен ұлы Нысанғали 16 жасында жеті жылдық мектептің директоры, оқу ісінің меңгерушісі болған зерек жан еді. Оның баласы Нұрлан Нысанғалиұлы Құрақов – облыстағы білікті дәрігер. Ұзақ жылдар бойы облыстық балалар денсаулығын қалпына келтіру орталығының директоры қызметін атқарады, ҚР білім беру ісінің үздігі және озық қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты.

Бауырлары «көке» деп құрметтеген Жұбан ағасы мінезі жағынан әкесіне ұқсайды. Қазір 82 жаста, Арсылан деген баласының қолында бақытты ғұмыр кешуде. «Арпа ішінде бір бидай» демекші, Төкеңнің Балия атты қарындасы бақилық болды, онық артындағы ұл-қыздары мен немере-шөберелері ізін жалғастыруда. Төкеңнің інісі Тұрлан  домбыра тартып, ән салатын, қатарына аса сыйлы болатын. Оның да боз кілемде белдесіп, талайлардың жауырынын жерге тигізгенінің куәсі болғанбыз. Өкінішке орай, 1976 жылдың шілде айында аққан жұлдыздай 38 жасында бұл дүниеден өте барды…

Алғашқы еңбек жолын 1952 жылы  Қазбек жеті жылдық, Өрлік орта мектептерінде бастап, кейіннен Махамбет, Жамбыл және Әуезов атындағы орта мектептерін басқарған Төлеш Құрақұлы 1980 жылы аудандық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалған. Денсаулығына байланысты 1988 жылы бөлім инспекторлығына ауыстырылып, 1993 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Мектептің оқу-материалдық базасын жақсартып, оны орта мектепке айналдыру қашанда айрықша ұйымдастырушылық қабілетті қажет ететіні анық. Ал, ондай ұжымды басқару таланты 30 жастағы Төлештің бойынан табылып жатса, қалайша сүйсінбессің. Бұл туралы Төкең менің Махамбет Өтемісұлының туғанына 210 жыл толуына арналған «Махамбет атындағы орта мектеп» атты кітабымдағы «Мұратты жылдар» деген естелігінде былай дейді: 

«1963 жылдың тамыз айы – Есбол және Бақсай аудандары бірігіп, махамбет ауданы деп қайта құрылған кезең. Аудандық  партия комитетінің хатшысы Дошу Шененовтің шақыртуымен аудан орталығына келіп, оның кабинетіне кірдім. Аз ғана пікірлесіп, сөйлескеннен  кейін Махамбет атындағы орта мектепке (ол кезде сегіз жылдық мектеп болатын – Т.Т) директор болып баруға ұсыныс жасады. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жасан Шырдабаевқа телефон шалып, мені тез қабылдауды тапсырды. Сол күннен бастап осы мектепке директор болып келдім.

1963-1971 жылдары алғаш мектеп басқарған кездерім, көрген қиындықтарым естен кетпейді. Келсем, сабақтың басталуына санаулы күндер қалса да, мектеп ешқандай жөндеуден өтпеген, терезелерінде сау көз жоқ. Оқу қарсаңындағы азғантай уақыттың ішінде ұстаздар мен қызметкерлер мектепті жаңа оқу жылына дайын етті.  Денсаулығының кемдігіне қарамастан шалбарланып, мектептің сыртын қолмен майлаған Жантерекова Рахия бастаған мұғалімдердің күні-түні істеген еңбектері естен кетер ме?..» (Б.Аталық «махамбет атындағы орта мектеп» Атырау  2.012 57-58 беттер).

Шынында да, мектептің проблемаларын жас директор партия,  кеңес органдарының алдына батыл қойды, көп ұзамай-ақ бұл жұмыстың нәтижелері көріне бастады. Мектеп жанынан 120 орындық жатақхана салынып, Атырау қаласынан 30 жұмыс қолы әкелініп, жылыту қазаны  тұрғызылды. Жатақхана тәрбиеленушілеріне арналған наубайхана, асхана, шеберхана, спорт залы ашылып, кабинеттер көрнекі құралдармен жабдықталды.  Оқушылардың білім сапасы, тазалық, тәртіп мәдениеті жақсарып, спартакиадалар мен өнер байқауларынан ауданда алдыңғы қатардан көрінді.

Бұрынғы Жамбыл атындағы кеңшардың басшысы, «Халықтар достығы» орденінің иегері, Индер ауданының Құрметті азаматы М.Бақтығалиев «Төкең уақытпен санаспай жұмыс істейтін, педагогикалық ұжымды ортақ мақсаттарға жұмылдыра білетін іскер» десе, ардагер ұстаз, әріптесі М.Ерғалиева «Төлеш ұжымға батыл талаптар қойды, өзі де айтқанын орындайтын. Біз оны жасына қарамай сыйлаушы едік» деп жылы лебіздерін білдіреді.

«Екі жақсы қосылса, бірін-бірі қимайды»  дегендей, Төкең ағай 1958 жылы жүрек қалауымен Аймекен Қабдешқызымен отбасын құрды. Талдырмаш, орта бойлы, мінезге бай әдемі жеңгеміз сатушы болып қызмет атқарып, халық құрметіне бөленген еді. Екеуі тәрбиелі ұл-қыз өсірді. Олардан немере-шөберелер сүйіп отырған Төлеш ақсақалдың мерейі әркез үстем, көңілі шат.

– Сексен жастың адамның өмірінде алар орны ерекше екен. Өткен өміріме ой жіберіп қарасам, білім беру саласында біраз жетістіктерге жетіп, елге сыйлы болғанымды мақтан тұтамын. Енді қалған ғұмырымда халықтың қадірменді ақсақалы, ұрпағымның сүйікті бабасы бола білсем, бұдан артық арман бола ма? – деп ақтарыла сырын айтты ардагер аға.

 Біз де оның бұл тілегіне үнсіз қосылып, «Аймекен жеңгеймен жұптарыңыз жазылмай, тамырларыңыз тереңге жайыла бергей» деп қимай қоштастық.

                   Бисен АТАЛЫҚ,

 ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі, Махамбет атындағы

 сыйлықтың иегері,

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз