Жарнама
Білім

Шәкірт жүрегіндегі алғыс

Ұстаздар күні қарсаңында түлектер де, қазіргі оқушылар да өз ұстаздары жайлы естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды жылы лебізін арнауды дәстүрге айналдырған. Газеттің бүгінгі санында да алғашқы ұстазын сағынышпен еске алған түлектің, сүйікті мұғалімін ардақтаған шәкірттің, білімге жетелеген жетекшісін үлгі тұтқан оқушының шынайы сырлары оқырманға жол тартып отыр.

Алғашқы ұстаздың аялы алақаны

1977 жылдың 1 қыркүйегі – өмірімдегі есте қаларлық ең қымбат күндердің бірі. Сол күні мен алғаш рет Қаракөл орта мектебінің табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам бастым. Қолыма «Әліппені» ұстатып, әр әріпті үйретіп, сауатымды ашқан алғашқы ұстазымыз Күнзира Аманкелдіқызы еді.

Ол кісінің бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Үнемі сабырлы, байсалды, жүзі жылы ұстазымыз бізге тек әріп пен сан үйретіп қойған жоқ. Ұқыптылықты, төзімділік пен жауапкершілікті бойымызға сіңірді. Әсіресе математика пәнін ерекше бір сүйіспеншілікпен түсіндіретін. Қиын тапсырмаларды да жеңілдетіп, әрқайсымыздың жүрегімізге сенім ұялата білді.

Күнзира апай біздің сыныпқа төрт жыл бойы жетекшілік етті. Көңілімізді тауып, жас ерекшелігімізге қарай қамқорлық көрсетіп, шәкірт жүрегін аялай білді. Ауылдағы әр үйдің еркесін бір үйдің баласындай бауырмал қылды. Ол жылдар – балалық шағымыздың ең ғажап кезеңдері болды.

Қазір ұстазымыз – құрметті еңбек демалысында. Отағасы Жақсылық аға екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген ауылдағы өнегелі шаңырақтың иелері. Бүгінде немере-жиен сүйіп отырған ардақты ата-әже, үлгілі әулет. Ұрпақтары да өнерлі, білімді.

Күнзира Аманкелдіқызы бізге әрдайым: «Сендер – менің алғашқы шәкірттерімсіңдер!» — деп ерекше ықыласпен қарайды. Шынында да, біз ол кісінің Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын жаңа бітіріп келгеннен кейінгі ең алғашқы сыныбы екенбіз. Осыны ойласам, көңілім толқып, жүрегіме жылы сезім ұялайды.

Жыл сайын 14 наурыз күні ұстазымның үйіне арнайы барып, халін сұрап, сәлем беріп шығатын қалыптасқан әдетім бар. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Ұстазым да бізді әрдайым қуана қарсы алып, батасын беріп, ізгі тілегін аямайды. Ұстаздар күні қарсаңында апайға жүрек түкпірінен шыққан алғысымды газет арқылы жеткізгім келеді.

Құрметті алғашқы ұстазым, бізге білімнің ғана емес, адамдық пен мейірімнің де үлгісін көрсеткеніңіз үшін мың алғыс! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Ұрпағыңыздың қызығына бөленіп, шәкірттеріңіздің құрметіне кенеле беріңіз!

Ұстаздың алақаны – мейірім, сөзі – тәрбие, ниеті – ізгілік. Ал Күнзира Аманкелдіқызы – осы қасиеттердің бәрін бойына жиған нағыз ұстаз!

Ардақ НАУШАБАЕВА,

Қаракөл орта мектебінің 1987 жылғы түлегі, Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.

Қызылқоға ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button