
Қазақстанда алғаш рет педагогтерге арналған психологиялық кабинет ашылды
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогтердің тұрақты кәсіби дамуына және менталдық саулығына қамқорлық жасауға бағытталған маңызды бастаманы қолға алды.
Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы «Өрлеу» филиалдарында алғаш рет педагогтерге арналған психологиялық қолдау кабинеттері ашылды, — деп хабарлайды республика Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл пилоттық жоба мұғалімдердің менталдық денсаулығын сақтау, кәсіби күйзелістің алдын алу және стрессті тиімді басқару дағдыларын дамытуға бағытталған.
Кабинет қызметтері аясында кәсіби психологтар жеке және топтық кеңес өткізеді, релаксация мен арт-терапия сабақтарын ұйымдастырады. Сондай-ақ педагогтерге арналған түрлі тренингтер мен психологиялық диагностика жүргізіледі.
Аталған қызметтерді мұғалімдер «Өрлеу» орталығында біліктілікті арттыру курстарынан өту кезінде пайдалана алады. Жұмыс барысында этикалық нормалар, еріктілік және құпиялылық қағидаттары қатаң сақталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта психологиялық қолдау кабинеттерін еліміздің өзге өңірлерінде де ашу жоспарланып отыр.
Бұл бастама – білім беру саласындағы мамандардың кәсіби және жеке дамуына, сондай-ақ педагог мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.



