Жарнама
Білім

Қазақстан–Қытай энергетика және экология орталығы құрылады

Мұнай-газ және энергетика салаларындағы өзекті ғылыми мәселелерді шешу, жаңа технологияларды енгізу мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде (UTEBAYEV UNIVERSITY) «Каспий тынысы – 2025» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Ауқымды шара барысында UTEBAYEV UNIVERSITY мен Қытай Мұнай университеті (Бейжің) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, соның негізінде Қазақстан–Қытай энергетика және экология орталығын құру туралы шешім қабылданды.

— Жаңа орталықтың негізгі мақсаты – энергетикалық стратегияларды жетілдіру, «жасыл технологияларды» дамыту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу. Орталық екі елдің ғалымдары мен сарапшыларына бірлесе отырып инновациялық шешімдер әзірлеуге, білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және технологиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтереді, — деп атап өтті UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова.

Дәстүрлі «Каспий тынысы – 2025» халықаралық ғылыми конференциясының биылғы тақырыбы «Мұнайлы аймақтағы тұрақты энергия» деп аталды. Жиында энергетикалық қауіпсіздік, көмірсутектердің экономикадағы рөлі, энергетикалық өтпелі кезеңнің сын-қатерлері, экологиялық тәуекелдерді төмендету және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Конференцияға Қытай Мұнай университеті (Бейжің) Экономика және менеджмент институтының деканы Ван Цзяньлян, профессор Фэн Ляньюн, UTEBAYEV UNIVERSITY профессоры Владимир Яшков, Батыс KEGOC филиалының техникалық қызмет жетекшісі Нұрлан Батырбай, сондай-ақ университет ғалымдары мен студенттері қатысты. Қатысушылар энергетикалық жүйелердің болашағы, мұнай-газ саласының даму бағыттары және инновациялық ядролық энергетика бойынша өз ғылыми зерттеулерін ұсынды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button