
Қазақ ғылымы: жаһандану дәуірінде оны дамытудың жолы қандай?
Ғылым – кез келген саланың ілгерілеуіне негіз болатын басты қозғаушы күш. Қазіргі жаһандану дәуірінде ғылыми жаңалықтарға қол жеткізу, оларды тәжірибеге енгізу елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор ықпал етеді. Дегенмен Қазақстанда халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті зерттеуші мамандардың тапшылығы айқын сезілуде.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының талдау қорытындылары да бұл мәселенің өзектілігін жоққа шығармайды. Аталған түйткілдің себептері мен оны шешудің жолдары жөнінде зерделеп көрелік.
Кадр даярлаудың қиындығы көп
Республика Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының директоры Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша былтыр Қазақстанда 1 миллион адамға шаққанда 1141 зерттеуші болған. Бұл әлем бойынша орташа көрсеткіштен 25%-ға төмен (Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша – 1516). Web of Science негізгі индекстерінен халықаралық журналдарда жарияланатын зерттеушілер саны бойынша Қазақстан Канада мен Польшадан шамамен бір сатыға артта қалған, ал медицина ғылымдары бойынша алшақтық 31 есеге төмен.
Жоғары оқу орындарының ғылыми дәрежесі бар штаттық оқытушыларының үлесі небәрі – 48%, ал Алматы мен Астананы есептемегенде – 44%. Ұлттық зерттеу университеттерінде оқытушылардың аз ғана бөлігі халықаралық ғылыми журналдарда жариялайды, ал басқа университеттерде бұл көрсеткіш одан да төмен. Назарбаев Университетінде ғана көрсеткіш жоғары.
Академия директоры А.Күрішбаев бәсекеге қабілетті зерттеушілердің жетіспеушілігінің себебін негізінен, ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің тиімділігі мен сапасының төмендігінен көреді.
– Былтыр Ғылым және жоғары білім министрлігі мен елдегі жоғары оқу орындары ұсынған мәліметтер бойынша 677 адам бейіні бойынша PhD немесе доктор дәрежесін алды. Ал, салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-тың кейбір жетекші университеттері жыл сайын 800 немесе одан да көп докторлық дәреже иегерлерін шығарады. 2023 жылы Қазақстанда 1 миллион адамға шаққанда 35 доктор даярланды, бұл 2021 жылы Канадаға (193) қарағанда 5,5 есе, 2022 жылы АҚШ-қа (172) қарағанда 4,9 есе және Польшаға (77) қарағанда 2,2 есе аз. Магистр мен докторларды даярлауды салыстырғанда бакалаврларды даярлауға қатысты үлкен теңгерімсіздік бар. 2024 жылы жоғары оқу орындары студенттерінің бітіру көрсеткіші 147 мың адам болды, бұл докторантураны бітіруге қарағанда 104 есе көп және берілген докторлық дәрежелер санынан 218 есе артық. АҚШ, Ұлыбритания және Германия елдерінің бакалавр мен PhD (немесе соған ұқсас) дәрежелерінің арақатынасын салыстырсақ 35:1, 17:1 және 9:1 шамасында, — деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Елдің бас ғалымының айтуынша, ғылыми дәреже беру жылы мен әртүрлі ғылыми салалар бойынша докторантураға түсу жылы 5 жылдан 6 жылға дейін өзгереді, бұл докторантурада оқу ұзақтығынан (3 жыл) және докторантурада шәкіртақы алу арқылы докторантураға мемлекеттік қолдау көрсетуден 1,5-2 есе көп. Докторанттар оқуын аяқтаған соң екі жыл ішінде диссертациясын ақысыз қорғай алатынына қарамастан, бұл кезеңде мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығы оларды ғылымнан тыс жұмыс іздеп, кейін оны тастап кетуге мәжбүр етуі мүмкін. Дамыған елдерде докторанттарға қолдау көрсету ұзақтығы әдетте – 4 жыл.
Сонымен қатар Ұлттық академия басшысы ғылыми кадрларды даярлаудың тиімділігі мен сапасының төмендігінің негізгі себептерін жіліктеп берді.
– Біріншіден, жоғары оқу орындарында зерттеу инфрақұрылымын дамытудың әлсіз деңгейі, сатып алу тетіктері тиімсіз жұмыс істейтін қымбат жабдықтардың жетіспеушілігі – басты мәселе. Қымбат жабдықтар мен басқа да ғылыми инфрақұрылымның тапшылығына байланысты докторанттар сапалы зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижелерін беделді журналдарда жариялайтын және қорғайтын сәттерде қиындыққа кезігеді. Жаратылыстану, техникалық, медициналық және ауыл шаруашылығы ғылымдары бойынша респонденттердің шамамен 70%-ы өздерінің ғылыми топтарының қымбат ғылыми жабдықтарға қажеттілігі кемінде екі бірлікті құрайтынын, ал ғылыми инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан ғылымды мемлекеттік басқаруға қанағаттанушылық сәйкесінше – 46%, 51%, 47% және 30%. Бұл ретте қымбат жабдыққа қол жеткізуді талап ететін респонденттердің 44 пайызы мұндай қолжетімділіктің жоқ екенін көрсетті, — дейді академия директоры.

Оның айтуынша, жоғары оқу орындарында әсіресе медицина, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша халықаралық бәсекеге қабілетті ғылыми консультанттардың тапшылығы да басты мәселе. 2024-2025 оқу жылының басында докторанттардың жалпы саны 7633-ке жеткен. Биыл шілде айындағы деректер бойынша, 2020 жылдан бері Web of Science негізгі индекстеріндегі журналдарда кемінде екі мақала және шолу жариялап, авторлардың бірі ретінде корреспонденциялық автор немесе бірінші автор болған қазақстандық авторлардың InCites жүйесіндегі профильдерінің саны – 1971.
Ғылыми инфрақұрылым жаңғырса…
Жоғары оқу орындарының, тіпті ұлттық зерттеу университеттерінің докторанттарды сапалы даярлауға қаржылық қызығушылығының төмен деңгейі, өйткені олар қаржыландыру мен пайданың басым бөлігін бакалаврларды даярлаудан алады, ал докторанттарды оқыту әлдеқайда қымбат.
– Өзінің инфрақұрылымын қолдау және негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін университеттер магистрлер мен докторларды дайындаумен салыстырғанда тиімдірек болатын бакалаврларды дайындауға назар аударуға мәжбүр, — дейді А.Күрішбаев.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша былтыр республикалық бюджет қаражатының 82,3%-ы жоғары білімі бар кадрлар, 10,7%-ы магистранттар, 7%-ы ғана докторанттарды даярлауға жұмсалған.
Әлеуметтік, гуманитарлық және өнер саласындағы докторанттардың жарияланымдарына оларды қорғауға қойылатын негізсіз жоғары талаптар Назарбаев университетіне, тіпті әлемнің жетекші зерттеу университеттеріне қарағанда қатаңырақ. Нәтижесінде көптеген докторант осы бағыттар бойынша өз зерттеулерінің нәтижелерін күмәнді журналдарда ақылы негізде жариялауға мәжбүр. Әлемдік тәжірибеде осы ғылыми бағыттар бойынша диссертация – негізгі нәтиже және оның сапалы сараптамасын халықаралық журналдарда мақалалардың болуына қойылатын талаптармен алмастыру мүмкін емес.
Көптеген шетелдік жоғары оқу орны, әсіресе Шығыс Еуропа елдері қазақстандық жоғары оқу орындарының талантты түлектерін белсенді түрде тартып, оларға жабдық, жұмыс орны, ғылыми әдебиеттерге қолжетімділік тәрізді ғылыми инфрақұрылым, түрлі стипендия және жайлы жатын орынмен қамтамасыз етеді. Сосын отбасын қолдап, оқуға түсуге қойылатын неғұрлым қатаң және ашық талаптармен үздік жағдайлар жасайды.
– Докторантураға түсу үшін қойылатын тілді меңгеру жөніндегі жоғары әрі жеткілікті негізделмеген талаптар инфрақұрылымдық мәселелер мен шетелдік жоғары оқу орындарымен бәсекелестік жағдайында болашағы зор үміткерлердің ынтасын түсіруі мүмкін. Бұдан басқа магистранттарды қолдаудың жеткіліксіз деңгейі, әсіресе жатақхана, стипендиямен қамтамасыз етудегі кедергілер бар. Соның салдарынан көптеген перспективалы бакалавриат түлектері отандық жоғары оқу орындарының магистратурасы мен докторантурасында оқудан бас тартады. Көптеген магистрант оқу кезінде университеттен тыс жұмыс істеуге мәжбүр, сондықтан олардың оқу сапасы мен тиімділігі төмендейді, — дейді А.Күрішбаев.
Мәселе шексіз, шешімі қандай?
Қат-қабат проблеманы шешу үшін академия директоры бірнеше ұсынысын да алға тартты.
– Докторанттарды неғұрлым сапалы және тиімді даярлау үшін қажетті қымбат тұратын ғылыми жабдықтарды сатып алуға докторларды ең көп дайындайтын зерттеу университеттеріне қаржы бөлінуі тиіс. Мұндай қаражатты зерттеу университеттеріне мемлекеттік инвестициялық жобалар арқылы немесе ірі зерттеу жабдықтарын сатып алуға гранттық қаржыландырудың жеке тетігі арқылы бөлуге болады. Зерттеу университеттерінің критерийлеріне ғылыми кадрларды даярлауға тікелей байланысты индикаторларды енгізуге міндетті. Әлемдік тәжірибеде ғылыми-зерттеу университеттерінің басты критерийі бойынша барлық докторант ЖОО кампусында компьютері бар жұмыс орнымен қамтамасыз етілуі тиіс, — деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Докторантураға мемлекеттік білім беру грантының құнын жылына 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтса, ЖОО-дарына докторанттарды даярлауға шетелдік ғылыми консультанттарды неғұрлым тиімді тартуға әлдеқайда тиімді болмақ. Докторанттарды жетекші ЖОО мен ғылыми орталықтарға неғұрлым ұзақ тағылымдамаға жіберуге, оларды қажетті материал және әдебиеттермен қамтуға, қорғауға шетелдік рецензенттер мен уақытша мүшелерді көбірек тартып, қажет болса диссертацияларды ағылшын тіліне аударуға мүмкіндік береді. Осы қаржының неғұрлым тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін грант қаражатының кемінде тең жартысы осы шығынға бағытталуы тиіс.
Магистратураға арналған мемлекеттік білім беру грантының құнын ерекше мәртебедегі ЖОО-дар үшін жылына 1,5 миллион теңге, қалған ЖОО-дары үшін 1,2 миллион теңгеге дейін ұлғайтуға болады екен. Бұл магистратура бағдарламаларын магистрлерді сапалы даярлау үшін өздерінің зерттеу инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ете алатын ЖОО-дары үшін неғұрлым тартымды етуге мүмкіндік береді. Ерекше мәртебелі ЖОО өздерінің негізгі шығынын жабу үшін бакалавриат студенттерінің тым көп санын жинауға мәжбүр болмайды және ғылыми кадрларды даярлауға көбірек көңіл бөліп, әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттері бола алады.
Докторантурадағы оқу мерзімін және стипендия алу кезеңін 4 жылға дейін ұзарту, сондай-ақ диссертацияны мерзімінен бұрын қорғау мүмкіндігін қарастыру да маңызды мәселе. Бұл жаңашылдық докторанттың диссертация қорғағанға дейін ғылыммен және оқу орнымен байланысын жоғалту ықтималдығын барынша азайтар еді. Докторанттардың мерзімінен бұрын қорғауға ынтасы бар, бұл өз жобасын (мысалы, «Жас ғалым») ертерек ұтып алуға, табысын арттырып, зерттеу жүргізу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
Докторантураға түсетін және соңғы үш жылда Web of Science және Scopus-та индекстелетін журналда кемінде бір мақала немесе шолу жариялағандардан мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсыру туралы ресми сертификатты (ҚАЗТЕСТ) және шет тілін меңгергенін растайтын сертификатты талап етпеуге міндетті.
Бұл жаңалық докторантураға шет және мемлекеттік тілдерді нашар меңгергеніне қарамастан, ғылымның дамуына үлес қоса алатын адамдарды тартуға мүмкіндік береді. Мұндай мақаланың болуы үміткердің жоғары деңгейде зерттеу жүргізуге қабілетті екенін растай алады. Сонымен қатар, бұл магистратура мен бакалавриат студенттерін беделді ғылыми журналдарда нәтижелерін жариялау үшін жақсы зерттеулер жүргізуге ынталандырады.
Түйіндеп айтқанда…
Бұл өзекті қадамдар Қазақстан ғылымының ең әлсіз тұсы – кадр тапшылығын шешудің тиімді жолдары. Ал оны жүзеге асыру – кезек күттірмейтін міндет. Өйткені ғалымдар жетіспесе, инновация да, жаңа технология да дамымайды. Сондықтан ғылыми кадрларды сапалы даярлау – ел дамуының басты кепілі. Ғылымға бөлінген әрбір теңге – болашаққа салынған инвестиция екенін естен шығармаған жөн-ақ.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттер https://aqiqat.kazgazeta.kz, https://jambylinfo.kz сайттарынан алынды



