Жарнама
Білім

«Озғандарға жету керек!..»

Қазақтың көрнекті ғалымы Қаныш Сәтпаев: «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады» деп пайымдаған.  Хакім Абай  жаратылысының сегіз сипатының алғашқысы «тіршілік» (һаят) болса, екінші сипаты ғылым екендігіне екпін беріп, «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп айшықтайды.

Ізденіс пен еңбекті талап ететін ғылымның қай кезде де адамзатқа берері мол. Сондықтан оны дамыту басты назарда болуы тиіс. Ал елімізде ғылымды дамытуға қаншалықты көңіл бөлінген? Атыраулық ғалымдар қазір қандай іспен айналысып жүр?

Ғылым – дамудың төте жолы

Соңғы жылдары елімізде ғылымды дамытуға ерекше назар аударылуда. Әрине, жоғары білім және ғылым саласындағы өткен ғасырдың соңындағы ауыртпалықтардың зардаптары күні кешеге дейін өзінің кері ықпалын тигізді. Көптеген кәсіби білікті мамандар, оның ішінде ғалымдар шет елдерге кетуге мәжбүр болғаны белгілі.

2011 жылы Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесі пайда болды. Бұл жәй мерекелік күн емес, ол ғылымның және ғалымның қоғамдағы орнын дәріптеудің  жаңа сатысы бола алды.

2023 жылғы сәуірде елімізде Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында «Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек» деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы. 

Бүгінде елімізде жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жұмысына жоғары мән берілуде. Кейбір жоғары оқу орындары зерттеуші университеттер ретіндегі мәртебелерін де алып үлгерді.

Ғылымды дамыту, ғылым қызметкерлерін қолдау мақсатында тәуелсіздік жылдарында арнайы заңнамалық өзгерістер енгізілді. 1992 жылы алғаш рет «Қазақстандағы ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы», 2011 жылы «Ғылым туралы», 2015 жылы «Ғылыми ізденістер нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңдар, «2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білімді және ғылымды дамытудың тұжырымдамасы» осының бәрі саланы дамытуға арналған реформа еді. 

Қаржыландырудың қандай жолы бар?

Мемлекет басшысының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға қол қоюы  саланың дамуына жаңа бағыт берді. Аталған заң қандай жаңашылдықтар әкелді? Алдымен ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынылатын негізділік пен технологиялық дайындықты (TRL) бағалаудың жаңа тетігі енгізіліп, ғылым қорының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі кеңейтілді. Сонымен қатар инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын мониторингтеу мақсатында ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау бойынша жаңа механизмі мен ғалымдарды ынталандыру мақсатында жас ғалымдар үшін жеңілдікті тұрғын үй сатып алу құқығы енгізілді.

Жергілікті атқарушы органдарға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, гранттық қаржыландыру нысанында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша құзыреттер беру де заңдағы басты артықшылықтардың бірі. 

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, ғылыми ұйымдардың сатып алу тәртібі біраз жеңілдетілді. Мәселен, ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының сатып алу рәсімдері енді Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін қағидалар бойынша жүзеге асырылады.

Жас ғалымдар ЖИ-мен жұмыс жасауда 

Ұлы Абайдың «адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген сөздері баршаға мәлім. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп ғылымға жастай ден қоюдың маңызын атап өткен де Абай Құнанбайұлы еді. Сондықтан, ғылым мен техниканың дамыған заманында университеттердің ғылыммен айналысуы бүгінгі күннің басты талабына айналды. Өңірімізде соңғы жылдары жас ғалымдардың қатары артып келе жатқаны аңғарылады. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қазіргі кезде профессор-оқытушылар құрамы 400-ден асады.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бүгінде аймақтағы ғылыми-инновациялық даму орталығына айналып отыр. Оқу орнының басты бағыты – білім мен ғылымды ұштастырып, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосу. Соңғы жылдары университетте ғылыми жобалар саны артып, жас ғалымдарға арналған гранттар мен зерттеу бағдарламалары іске қосылды. Әсіресе экология, педагогика, цифрлық технология және аймақтық экономика салаларында жаңа зерттеулер жүргізілуде. Білім ордасында соңғы бес жыл ішінде 33 ғылыми жоба жүзеге асырылса, оның 11-і өткен жылға тиесілі.

 Ерекшелеп атап айтарлығы, білім ордасы былтыр Түркияның Карабук университетімен бірлескен қосдипломды бағдарламаны қолға алды. Сондай-ақ 2024 жылы IT саласындағы ғылыми және практикалық жобаларды дамытуға мүмкіндік беретін «Atyrau Hub» инновациялық орталығы құрылды. Онда интеллектке негізделген «Rika AI» көзілдірігі мен ақылды есептегіштер секілді жобалар жүзеге асты. Жалпы, жасанды интеллектімен жұмыс жасап, оны дамытуға білім ордасы маңыз беруде. Оқу орнының баспасөз қызметі хабарлағандай, жуырда ЖИ-ға арналған арнайы апталық та өткен.

– Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында жасанды интеллект апталығы (AI Week) өтті. Оның аясында осы уақытқа дейін «Atyrau Hub»-пен бірлескен буткемп, профессор-оқытушылар құрамының практикалық шеберлік-сабақтары, студенттер ұйымдастырған workshop, қызықты пікірталастар және факультеттерде семинарлар ұйымдастырылды.

AI Week іс-шаралар апталығы «AI: Білім, ғылым және өндірістегі мүмкіндіктер» тақырыбындағы панельдік сессиямен ашылды. Оған университет ректоры Саламат Идрисов жетекшілік етіп, білім, ІТ және өндіріс саласының жетекші мамандары жасанды интеллектінің қазіргі жетістіктері мен болашақтағы мүмкіндіктері туралы құнды ақпараттармен бөлісті, — деді университеттің баспасөз хатшысы Құралай Қуатова.

Айта кетелік, жастар мен студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында орталық 25-тен астам ауқымды іс-шара өткізген. Шетелдегі қазақстандық мамандармен байланыс орнатылып, тәжірибе алмасу мақсатында онлайн шеберлік сабақтары да тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Сондай-ақ экология, био және нанотехнология, Х.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді оқу орнының құрылымында 3 ғылыми-зерттеу институты бар. «Жас зерттеуші» бағдарламасы арқылы да студенттер мен магистранттардың бастамаларына қолдау көрсетіліп, ғылыми ізденістерге жағдай жасалған.

Білім ордасының оқытушылары мен магистранттары үшін 1996 жылдан бастап арнайы ғылыми басылым – «Атырау университетінің хабаршысы» ғылыми журналы жарыққа шығып келеді. Жылына 4 рет шығатын журналда іргелі және қолданбалы зерттеулердің тарих және археология, педагогика және психология, экономика және құқық бағыты бойынша мақалалары жарияланады. Редакциялық кеңестің құрамында Қазақстан, Ресей, Словакия, Түркия, Иран, Ұлыбритания ғалымдары бар.

«Ai-Sana»: бірегей бағдарлама

Өңірлік ғылым мен жоғары білімнің дамуына С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің де қосып отырған үлесі зор. Қазіргі уақытта университеттегі ғалымдардың тең жартысы  жастар. Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ринат Ысқақовтың айтуынша, оқу орнында докторантураны бітірген  25  жас ғалым  бар болса, мұнда 15 жылда алғаш рет докторантура бойынша диссертациялық кеңес ашылған.

– Бір жас ғалым республикалық бағдарлама шеңберінде жас ғалымдарға жеңілдікпен несие беру шарттарымен баспанаға қол жеткізді. Атап айтарлығы, жасанды интеллект орталығындағы қызметкерлердің жүз пайызын жастар құрайды және олар оқу орнында білім алып жатқан өз студенттеріміз. Университеттің дуальды бағдарламалары бойынша қазіргі кезде 800-ден астам жоғары курс студенті оқиды. Жастарымыз сан түрлі ғылыми жобалармен айналысуда. Мәселен,  мұнай-газ кен орындарын сейсмикалық және микросейсмикалық барлау, компьютерлік интерпретация, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалана отырып модельдеу, мұнай беру мен мұнай алуды арттырудың инновациялық әдістері, қосылған құны жоғары жергілікті табиғи және мұнай-газ-химия өнімдері негізінде жаңа материалдар алу саласында ғылыми зерттеулер жүргізуде, — деді ол.

Ринат Маратұлының айтуынша, жасанды интеллект орталығында «Ai-sana» республикалық бағдарламасы бойынша машиналық оқыту мен нейрондық желілер мен жасанды интеллект құруды пайдалана отырып, мұнай-газ индустриясын дамыту  жобаларымен жұмыс басталған.

«AI-Sana» – студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға арналған бірегей бағдарлама. Ол 100 мың қатысушыны қамтып, ұлттық экономиканың әлеуетін арттыруға, технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Бағдарлама өткен жылдың соңында Мемлекет басшысына қанатқақты жоба ретінде ұсынылған еді. Енді міне, белгілі болғандай, өңірдегі білім ордаларында жаңа бағдарламамен жұмыс басталып та кеткен.

«Ai-Sana» бағдарламасының басты мақсаты – жасанды интеллектіні тереңдетіп оқыту ғана емес, өмірде қолдануды үйрету. Студенттер алдымен бірнеше кезеңнен тұратын оқу үдерісінен өтеді. Олар алгоритмдер мен машиналық оқыту негіздерін игереді. Одан кейін өздерінің жеке жобаларын әзірлеп, оны тәжірибеде сынайды. Соңғы кезеңде стартаптарын инвесторларға таныстырады. Иә, «Ai-Sana»-ның артықшылықтары көп. Ең бастысы жастардың мүмкіндігін арттырып, жобаларын жүзеге асыруларына жол ашады. 

Сөз түйіні:

Сәтбаев университетінің ғалымдары ауыз суды бір мезгілде тазартатын, белсендіретін, әрі залалсыздандыратын көпфункционалды, көпсатылы кұрылғы әзірлеп шығарды. Қазіргі таңда судың өнеркәсіптік өндіріске дайын тәжірибелік үлгісі де ұсынылып отыр. Отандық ғалымдар ойлап тауып жатқан тың жаңалықтар жоқ емес. Десек те кейінгі жылдары салаға реформа жасалғанымен ғалымдардың жалақысы жоғары ұйымдарға кетіп жатқаны жайлы да жиі естиміз.

Жоғарыда атап өткендей саланың тамырына қан жүгіргенімен, ғылымды дамытуға әзірге бұл да жеткіліксіз. Жасанды интеллект туралы сөз қозғалған шақта ғалымдарды «Саланы қайтсек дамытамыз?», «Қайтсек, Қазақстанның қарқынды дамуына үлес қоса аламыз?»  деген салмақты сауалдар да мазалауы тиіс. Өйткені қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Иә, ғылым дамудың – төте жолы. Ахмет Байтұрсынұлынша айтсақ: «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек». Өйткені  бұл уақыттың сұранысы.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button