ӨТКЕНДІ ОЙМЕН ӨРНЕКТЕП…

Тарих дөңгелегі зырлаумен келеді. Тоқтау жоқ. Міне, Атырау қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №11 орта мектептің жұмыс істей бастағанына 60 жыл болды. Еліміз өзінің басынан қандай кезеңдерді өткізсе, бұл мектеп сондай белестерді аттады. Оқу орны қаладағы үлгілі мектептердің бірі болды. Осындай мақтаулы дәрежеге жету маңдай терлерін төккен ұлағатты ұстаздардың еңбектерінің нәтижесі еді.

Өзім білетін адамдарды ғана атап өтсем, бұрынғы сегізжылдық, кейіннен орта мектеп болып бой көтерген мектепте еңбек еткен  директорлар –Жексен Дүйсемалиев, Кенжеш Әбішев, Төлеу Сағындықов, Құрманияз Сухамбердиев, Бөкен Жаулы деген азаматтар болғандығының куәсімін. Бұлардың әрқайсысы мектепті гүлдендіруге өз дәрежелерінше еңбек етті. Әрқайсысының өз алдына орны қомақты. Жексен Дүйсемалиев мектептің қазіргі ғимаратының еңсе көтеруіне, мән маңызының, білімі мен тәрбиесінің биіктеуіне күш салса, Кенжеш Әбішев, Төлеу Сағындықов істі әрі қарай дамытты. Ал, Құрманияз Суханбердиев мектепті ширек ғасыр бойына басқарып, бар күш- жігерін, білімі мен қайратын, парасаты мен ұлағатын осы мектепке арнаған аса дарынды да білікті басшы болды.

Аталған мектеп басшыларының мақтауға тұрарлық еңбектерін асқақтатқан, мектептің мерейін өсірген  мұғалімдер еді ғой. Енді сол ардақтылардың, көбінің фәни дүниеде жоқ екендіктерін еске алып, аруақтарының алдында бас июді борыш санаймыз. Олар –  Қайыржан Рысмағамбетов, Әмірхан Мырзағалиев, Хамира Айнабекова, Сәния Садықова, Орын Рысмағамбетова, Ерболат Қуанышев, Мәрия Өтепова, Фазыл Райысов, Мұхамбет Ізмұханов, Тұрсынғали Дәукенұлы, Орынша Юсупова, Әпен Қапсалықов, Мәрия Измаилова және т.б. Ұстаздық рухтары биік, топырақтары торқа болғай!

Қазір көздері тірі, өздерінің жылдар бойына білім мен тәрбие алған шәкірттері Тәнзила Қойшекенованы, Әдемі Ермекованы, Майра Гилаеваны, Жұпар Смағұлованы, Айғанша Ташекенованы, Кәрім Дәулетовты, Ғизат Сатқановты, Жанша Жаманбаеваны, Сәбила Жұмашеваны, Уәлихан Көптілеуовті, Гүлза Айсиеваны және басқаларын кездескендерінде төбелеріне көтере құрметтейді.

Бұдан он бір ғасыр бұрын өткен ғұлама Әл-Фараби ұстазының немересінің алдында да бас иіпті. Бұл ұстазға деген құрметтің биік шыңы болса керек. Ал, Ұлы Мұхтар Әуезов: «Ұстаздық – ұлылық!» деген екен. Ұстаздықтың сол ұлылығын ту етіп көтеріп келе жатқан білім ұясы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп деп біледі Атырау халқы.

Қадыр ЖҮСІП,

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің бұрынғы мұғалімі, филология ғылымдарының докторы,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз