ӨНЕРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

өз  нәтижесін  берді

Индер ауданында шә-кірттерге білім нәрін себетін он бес мектеп болғанымен де өнерге баулитын жалғыз ғана орын бар еді. Оның өзі де құрылғанына қырық жыл болғанымен, басқасын айтпағанда мектептің тұрақты ғимараты жоқтығынан көптеген қиындықтарды бастан кешіп келе жатқанды.

Облыс әкімінің қолдауымен саз мектебіне Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің ескі ғимараты беріліп, ол жаңа талаптарға сай күрделі жөндеуден өтті. Және де бұл жөндеуді бұған дейінгі жүргізілген жұмыстардың бірімен де салыстыруға келмейді, жаңа мектеп салынғанмен бірдей болды.

Осы 2014 жылдың басында ауданға жасаған жоспарлы сапары кезінде өнер мектебіне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бас сұғып, сыныптарды аралап көрді, ұжыммен танысты, жас маман Раушан Иманбаеваның жүргізген сабағына қатысты.

Сол сәтте облыс пен ауданның  басшылары болған толы ортада мектеп директоры Ералы Сахиповқа қарап: «Мектебіңе де, жөнделуіне де әбден ризамын. Сондықтан, енді бұл орынға керекті құрал-жабдықтармен көмектесейік», – деген еді. Бұл сөзін облыс басшысы кейін аудандық әкімдікте өткен аудан белсенділерінің алқалы жиналысында тағы қайталады.

Бұл көмек көп күттірмей жетті де. Бүгінде облыс әкімінің қаржы бөліп алдыртқан 76 керек-жарақтың ұзын тізімі өнер мектебінің басшысының қолында бар. Алынғанның бәрін бірдей санамалап шығудың өзі де жеңіл емес.

– Алдымен, бөлінген 25 млн. теңгеге  бірнеше пианино, бір роял, прима қобыз, алты баян, жиырма домбыра, шертер, қыл қобыз, тайтұяқ, сылдырмақ, шаңқобыз, шіңкілдек, сақпан, дауылпаз, сыбызғы, бірнеше гитара, ұлттық киімдер, соның ішінде, бишілерге қажетті бұйымдар, балалар мен мұғалімдер оркестрінің киімдері, тіпті баннер жасайтын кең жолақты принтер, тағы да басқа көптеген әр шаруаға қажет болатын жабдықтардың бәрін алдық. Отырғыштар, нота қоятын пульт, қысқасы қажетті құрал-жабдықпен 100 пайыз қамтылдық. Бұлардың көпшілігі, шындығында, аудан түгілі облыстың кейбір мектептерінде болмауы да мүмкін.

Біздің ұжымның мүшелері, алдымен, облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлына, ауданның басшылығына үлкен ризашылығын білдіреді. Бұл – біздің мектепке ғана емес, барша шәкірттерге, олардың болашағына жасалған үлкен  қамқорлық, – деді саз мектебінің басшысы Ералы Сахипов.

Расында да, Германиядан алынған әрбір пианино мен роялдың дыбысының өзі құлаққа жағымды, үні өзгеше естіледі екен. Мұндай жабдықтармен жұмыс істеген мұғалім мен шәкірттердің өзіне қолайлы, өнерге ынталарын да өсіре түсері хақ. Содан да  өнер мектебінде оқысам деген шәкірттердің қатары соңғы кезде едәуір көбейіп отырған көрінеді. Тіпті көрші ауылдардан қатынап оқуға тілек білдіргендер шыға бастаған.

Ал, мұның өзі – ата-аналардың, балалардың өнерге деген талпынысын арттырумен қатар, жұмыс істейтін көптеген мамандар көбейеді деген сөз. Бүгінде мұнда 31 мұғалім, 315 шәкірт өнер нәрімен сусындайды.

Бүгінде өнер мектебіндегі домбыра сыныбында – 91, қобызда – 23, фортепьянода – 13, баянда – 18, ақындықта – 10, скрипкада – 12, вокалда – 28, биде – 34, шертерде – 10, суретте – 39, гитарада 10 оқушы оқиды. Оның қатарын әлі де көбейте түсу жоспарда бар көрінеді.

Сол пәрменді көмектің арқасында өнер мектебінде еңбек етсем деп тілек білдіруші жастар көбейді. Олардың көпшілігі осы мекептің түлектері  екендігін де ерекше бөле атау керек.

Жоғарыда сөз еткеніміздей, құрылғанына қырық жыл болған өнер мектебінің жетістіктері де аз емес. Олардың арасынан бірнеше халықаралық сайыстардан бәйге алған «Қарлығаш» балалар хоры, халықаралық ортекешілер сайысында үшінші орынды жеңіп алған Серік Нысанов, ортеке жасаудан бас жүлде иеленген Қизат Сейтқалиевтың жетістіктерін мақтан етеді. Мектептегі фольклорлық-этнографиялық ұлт-аспаптар оркестрі мен көне аспаптар, домбырашылар ансамбльдерінің жетістіктері де көп-ақ.

Облыс басшылығы бөлген қаржыны тиімді жұмсап, барлық керек-жарақтарды алған мектеп ұжымы осындай қамқорлық жасалып отырғанда ізденіспен еңбек етуге тиістіміз деп ортақ мақсатқа жұмылып отырған жайлары бар. Оларға біз де өз тарапымыздан шығармашылыққа толы шабытты да ізденісті еңбек етуді тілейміз.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Индер ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз