ОН КҮМІС, ТОҒЫЗ ҚОЛА!

Атыраулық оқушылар Алматыда өткен жалпы республикалық ғылыми жобалар конкурсынан командалық есепте жүлделі екінші орынмен оралды. Жалпы алғанда, қоржынға он күміс, тоғыз қола медаль түсті.

Жеңімпаз оқушыларды ата-аналары, ұстаздары, облыстық білім беру басқармасының қызметкерлері вокзалдан күтіп алып, қошемет көрсетті.

Жас қазақстандық ғалымдардың  басын қосқан додаға еліміздің әр облысынан жеті жүздей  жүйрік қатысты. Атыраудың атынан 38 оқушы бағын сынап, оның 19-ы жүлдегер атанды. Дүниежүзі тарихы бойынша ғылыми жұмыс қорғап, үшінші орын иеленген  Шәміл Нағымбековтің әкесі  ұлының жыл бойына үздіксіз кітапханаға барып дайындалғанын айтады. Ол ұлының ұстаздары мен достарының, ата-анасының үмітін ақтағанына қуанышты екенін жасырмады.

Жеңімпаздардың қатарында қаладағы Ф.Досымов атындағы №12 орта мектептің оқушысы Әлібек Мизамов та бар.

– Анам – дәрігер, ал әкем мұнайшы. Сондықтан, ғылыми жұмысымды мұнай саласымен байланыстырдым. Жетекшім екеуміз сабақтан тыс уақытта Атырау мұнай және газ институтындағы білікті ұстаздармен ақылдасып, көп уақытымызды зерттеуге арнадық. Еңбегіміз ақталып, жұмысым жоғары бағаланды. Мектепті бітірген соң анам секілді дәрігер болғым келеді. Енді С.Асфендияров атындағы қазақ мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түсуге дайындаламын, – дейді Әлібек.

Жүлделі екінші орынды алып келген ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Жаннат Хабидуллаева ғылыми жұмысымен төрт жыл бойына айналысқан. Ол соңғы алты айда екі апта сайын Алматыға барып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор оқытушыларымен тығыз жұмыс жасағанын айтады.

Жас ғалым Ақмөлдір Дүйсекбаеваның ғылыми жобасының атауы «3D лазер». Ақмөлдірдің жұмысын қазылар алқасы жоғары бағалап, екінші орын иеленген.

Айта кетейік, республикалық ғылыми жұмыстар жобасына қатысып, I, II, III орын алған жүлдегерлер еліміз бойынша барлық жоғарғы оқу орындарындағы білім грантына, яғни тегін білім алу құқығына ие бола алады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз