
Өндіріс пен колледж ынтымақтастығы — сапалы кадр дайындау кепілі
Атырау энергетика және құрылыс колледжінде «Өндіріс пен колледж арасындағы серіктестікті нығайту – сапалы кадр даярлау кепілі» атты “дөңгелек үстел” өтті. Іс-шараны Атырау облысы білім беру басқармасының қолдауымен колледж ұжымы ұйымдастырды.
Басқосудың басты мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жұмыс берушілермен байланыс орнатып, еңбек нарығының талабына сай мамандар даярлау жолдарымен бөлісу.
Жиында колледждің оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі директор орынбасары Күнжамал Сапарғалиева «Әлеуметтік әріптестік – мамандарды даярлау сапасын арттырудың маңызды факторы» тақырыбында баяндама жасады. Ал оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Мира Хайруллина оқу процесіне заманауи білім беру технологияларын енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Кездесуде қатысушылар өзара пікір алмасып, дуальды оқыту жүйесін жетілдіру және өндіріс базасында тәжірибелік білім беру тетіктерін күшейту жөнінде ұсыныстар білдірді.
Іс-шара соңында құрылыс саласындағы колледждер мен қауымдастықтар арасында өзара ынтымақтастықты арттыру мақсатында меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Атырау энергетика және құрылыс колледжі мен аймақтағы бірнеше аграрлық-техникалық және индустриалды колледждердің серіктестігін нығайтпақ.
“Дөңгелек үстел” қорытындысында дуальды оқыту жүйесін дамыту, өндіріс орындарымен серіктестік келісімдерді кеңейту және тәжірибе алмасу бағытындағы нақты ұсыныстар қабылданды.
Айбөпе САБЫРОВА


