
NIS SHARE: тірек мектептермен бірлескен зерттеу цифрлық форматта басталды
NIS SHARE жобасы аясында Атырау қаласындағы NIS пен тірек мектептер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды. Жоба мақсаты – оқу және оқыту үдерісін жетілдіру бағытында мектептер арасында бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе алмасу және кәсіби серіктестікті дамыту. Бұл үдерісте білім беруді цифрландыру, заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалану және деректерге негізделген оқыту тәжірибесін қалыптастыру басты назарға алынды.
Осы мақсатта жуырда NIS Атырау мұғалімдері Махамбет ауданындағы Д.Төленов атындағы орта мектепке жұмыс сапарымен барып, оқу-тәрбие үдерісімен, мектеп ұжымымен және қызметтік ерекшеліктерімен танысты. Кездесу барысында NIS өкілдері ұстаздарға NIS SHARE жобасы аясында цифрлық платформалар арқылы бірлескен зерттеу жүргізу, онлайн талдау, оқу деректерін жинау және нәтижелерді цифрлық форматта бағалау мүмкіндіктері туралы түсінік берді.
Сондай-ақ алдағы бірлескен зерттеу жұмыстарының бағыттары мен жоспарлары айқындалып, цифрлық білім беру ресурстарын сабақта қолдану, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру, оқыту сапасын талдауда цифрлық құралдарды пайдалану мәселелері талқыланды.
Аталған жоба NIS пен тірек мектептер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып қана қоймай, білім беру үдерісін цифрландыру арқылы сапалы әрі тиімді оқыту моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналмақ.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ



