
Мұқырда «IQanat» олимпиадасы басталды
Бүгін Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылындағы №2 орта мектепте республикалық «IQanat» олимпиадасының бірінші іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Білім додасы аудан оқушыларының білім деңгейін анықтап, үздіктерді республика көлеміндегі сайысқа жолдау мақсатында ұйымдастырылған. Бұл жоба жылдан жылға ауыл балаларына үздік білім алу мүмкіндігін ашып келеді.

Өткен жылдан бастап Гарвард, Йель және Барқыт Лигасының өзге де университеттеріне оқуға түскен кез келген IQanat түлегіне толық грант беру туралы шешім қабылданған. Мұндай мүмкіндік бүгінде ел бойынша мыңдаған ауыл жасөспірімін қанаттандырып отыр – дәл қазір осы мүмкіндікті жеңіп алу үшін сайыс қызу жүріп жатыр.
Қазақстанның барлық өңірінде IQanat Олимпиадасының І туры басталып, биылғы көрсеткіш барлық рекордты жаңартты. Олимпиадаға 3 300 ауыл мен 170-тен астам ауданнан 64 мың бала тіркелген.
IQanat үшін балалардың мектеп бағасы маңызды емес. Бұл кезеңде қатысушылар математикалық және оқу сауаттылығы, логикалық ойлау және қазақ тілі бойынша кешенді тест тапсырады.
Атырау облысы бойынша олимпиадаға 2 мыңнан астам қатысушы тіркеліп, жарыстар 7 аудан мен 11 локацияда өтуде. Ұйымдастырушылар командасы 2 500 шақырымнан астам жол жүріп, әрбір оқушының өз білімін көрсетуіне және өз күшіне сенуіне жағдай жасап отыр.

Олимпиаданың үш кезеңінен сәтті өткен жеңімпаздарға IQanat қамқоршылары IQanat High School of Burabay мектеп-пансионатында немесе олимпиададан кейінгі үш жылдық сүйемелдеу бағдарламасы бойынша оқуға грант береді. Бұл бағдарлама аясында балалар ҰБТ және халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілін тереңдетіп оқиды, ІТ, кәсіпкерлік және soft skills дағдыларын дамытады.
Жобаның атқарушы директоры Азамат Ашамаев дайындықтан кейін IQanat түлектерінің 94%-ы жоғары оқу орындарына грантпен түсетінін айтады.
– Өткен жылы IQanat Назарбаев университетіне түскен түлектер саны бойынша үздік 5 мектептің қатарына енді. Қазір онда 90-ға жуық түлегіміз білім алуда. Сонымен қатар түлектеріміз әлемнің 19 елінде оқып жатыр. Балалардың ынтасын арттыру үшін жобаның қамқоршылары америкалық беделді ЖОО-на оқудан бөлек, жатын, жол және өзге де шығындарды өтейтін грант бөлді. Ауыл балалары үшін бұл бұрын тек арман еді, — деді ол.

Олимпиада барысында мотивациялық кездесулер мен тренингтер ұйымдастырылып, оқушылар өз күшіне сенуге шабыт алады. Кездесулерге жобаның қамқоршылары келіп, тәжірибелерімен бөлісіп жатыр.
IQanat бүгінде Қазақстанның 240 ірі кәсіпкерін біріктіріп, ауыл оқушыларына қолдау көрсетіп келеді. Олардың көбі өздері де ауылда туып, білім мен еңбектің арқасында жетістікке жеткен. Енді олар «айқанаттықтарға» дем беріп, өз жолдарын жалғастыруға көмектесуде.
Алмас ҚАБДОЛ



