
Киелі қара шаңырақ
Биыл мен үшін ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған түлек үшін де аса қымбат, жүрекке жылы, орны бөлек білім ордасы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті 85 жылдық мерейлі белесіне қадам басып отыр. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан білім мен ғылымның, ізденіс пен жаңашылдықтың жеңісті жолы.
85 жыл – бұл тарих. 85 жыл – бұл тағылым. Бұл – ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан сан мыңдаған маманның, отандық ғылымның іргесін қалаған талай ғалымның киелі қарашаңырақтан түлеп ұшқанының дәлелі. Ал мен үшін бұл университет – өмірлік бағытымды айқындаған, болашағымның бағдарына айналған алтын ұям.
Жоғары оқу орнына алғаш аяқ басқанда болашақта ғылым жолына бет бұрамын деп мүлдем ойламаппын. Бірақ білім мен парасаттың шамшырағына айналған осы қасиетті мекендегі білікті ұстаздарымның тәлім-тәрбиесі, ғылымға деген қызығушылығымды оятқан ғылыми жетекшілерімнің сенімі мен қолдауы менің тағдырымды мүлде басқа арнаға бұрды. Олар менің бойымдағы мүмкіндікті көрді, сол сенім маған қанат бітірді.
Ғылым жолы – жеңіл жол емес. Бұл – терең білім мен табандылықты, ізденіс пен төзімділікті талап ететін қасиетті еңбек. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті маған осы жолдың бастауын ғана емес, рухани дайындығын да сыйлады. Университет қабырғасында алған білім, тәжірибе, тәрбие мені кәсіби маман ретінде ғана емес, азамат ретінде де қалыптастырды.
Білім ордасында өткен әр күн – мен үшін құнды сабақ, ұмытылмас естелік. Бұл жерде мен армандауды үйрендім, биік мақсаттар қойып, соларға жетуге деген сенімді серік еттім. Өз мүмкіндігімді тануға, әр қиындықтың артында үлкен мүмкіндік жатқанын ұғынуға осы университеттің тәрбиесі ықпал етті.
Бүгінде қай салада жетістікке жетсем де, оның бастауы осы қасиетті қарашаңырақтан басталғанын әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Өйткені бұл орда менің жан дүниемнің ажырамас бөлшегіне айналды. 25 жылдан астам уақыт бойы осы оқу ордасымен тығыз байланыстамын. Уақыт өте келе студенттен магистрант, докторант, оқытушы болдым. Ал бүгінде қауымдастырылған профессор атанып, осы қарашаңырақтың қабырғасында еңбек етіп жүргенімді зор мәртебе санаймын. Бұл оқу орны – менің кәсіби және рухани қалыптасуымның алтын бесігі.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті – білім ордасы ғана емес, елдің ертеңін тәрбиелейтін, ұлттың болашағын қалыптастыратын іргелі мекеме. Ол – жаңашылдық пен дәстүрді үйлестіре білген, тарихы терең, болашағы жарқын ғылым ордасы.
Білім мен ғылымның шамшырағына айналған, мол мүмкіндіктерге жол ашқан, қастерлі қара шаңырағым, 85 жылдық мерейтойың құтты болсын! Әлі де талай буынға бағыт беріп, ел игілігіне еңбек ететін білікті мамандарды тәрбиелей бер!
Қарас ҚАЗИЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор



