
Ғылымға байыпты бетбұрыс
Ғылымның дамуы — елдің дамуының іргетасы, әрі білімнің, инновацияның көзі. Президенттің Жолдауында осы мәселеге ерекше назар аударылғаны қуантады. Білім экономикасына көшу — заман талабы, ал оны жүзеге асырудың негізгі кілті — сапалы ғылым мен жоғары білім. Ғылым саласында әлі де мемлекеттік үлестің басым болуы заңды, бірақ бюджет қаржысының қайтарымы мен нақты нәтижелері, соның ішінде жаңа патенттер мен технологиялардың пайда болуы әлі де жеткіліксіз. Сондықтан инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беру — дұрыс қадам деп санаймын. Бұл басқару жүйесін тиімді үйлестіруге, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының жұмысын біріктіруге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пен жаңа технологияларды кеңінен енгізетін университеттерге дербестік беру идеясы заман талабына сай. Бұл оқу орындарына инновациялық әдістерді еркін енгізіп, өздігінен дамуға жағдай жасайды. Сонымен бірге, дарынды зерттеушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылдау, білікті мамандарды елге қайтару мәселесін шешу — білім саласының тұрақты дамуы үшін өте маңызды.
Қазір кадр тапшылығы елімізде нақты мәселе. Сондықтан көші-қон саясатын қайта қарап, елімізге техникалық және басқа да саладағы білікті мамандарды ұлтына қарамай тарту — ұлттық мүдде. Олардың Қазақстанда тұрақтап, өз білімдері мен тәжірибелерін елімізді дамытуға бағыттауы маңызды. Бұл — сапалы адами капиталды қалыптастырудың басты шарты.
Мұғалім ретінде айтарым, сапалы білім берудің негізі — жақсы дайындалған, білікті мамандарда. Олар өз ісінің шебері болса ғана, балаларымызды жоғары деңгейде тәрбиелеп, заманауи талаптарға сай білім бере алады. Сол себепті ғылым мен білім саласындағы реформаларға қолдау білдіремін. Президенттің Жолдауында айтылғандай, ғылым мен білімді интеграциялау, инновацияларды енгізу — еліміздің болашағын айқындайтын маңызды бағыт. Бұл бағыттағы жұмыстар табысты жүзеге асырылса, біз сапалы білім мен мықты мамандардың жаңа буынын қалыптастыра аламыз деп сенемін.
Маржан ЗАКАРОВА,
ABYROI SCHOOL-дің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Атырау қаласы
Сурет: El.kz



