Жарнама
Білім

Ғылым мен білімнің жаңа мүмкіндіктері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдардың алдына нақты мақсаттар мен міндеттер қойды. Атап айтқанда, осы Жолдауда үш жылдың ішінде толығымен цифрлы елге айналу, шетелдік инвестициялар тарту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау, ғылым мен инновацияның тұтастығын қамтамасыз ету, ірі қалаларға көші-қонды тежеу және басқа да өзекті мәселелер қамтылды.

Бұл Жолдаудың бұған дейінгі жолдаулардан бірқатар ерекшелігі бар. Әсіресе ғылым мен білім саласына беретін зор мүмкіндіктері ерекше атап өтуге тұрарлық. Президент елімізді толық цифрлы мемлекетке айналдыруды басты мақсат ретінде көрсетті. Бұл – жоғары білім мен ғылымды да жаппай цифрландыруға жол ашатынын білдіреді.

Академиялық және ғылыми қауым бұл бағытта біраз тәжірибе жинақтап үлгерді. Қазіргі таңда қазақстандық жоғары оқу орындары әлемдік білім және ғылым кеңістігіне шығуға мүмкіндік алды. Мәселен, университет оқытушылары лекцияға дайындық барысында интернеттен түрлі материалдарды қолдана алады, шетелдік профессорларды онлайн қосуға жағдай жасалған. Аудиторияларда интерактивті тақталар және жаңа технологиялық құралдар орнатылған. Ғалымдарға заманауи деңгейде зерттеу жүргізу үшін Scopus, ProQuest сияқты әлемдік базаларға қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Дегенмен, қоғамымыз цифрландыру дәуірінің бастапқы кезеңінде екенін ұмытпауымыз керек. Әсіресе, ғылыми зерттеулер саласында алдын ала жасалатын жұмыстар жеткілікті. Әлемдік университеттердегі зерттеулер гуманитарлық, әлеуметтік, жаратылыстану немесе техникалық ғылым саласына қарамастан нақты өмірлік мәселелерді шешуге бағытталған. Сондықтан олардың зерттеу методологиясы біздікінен өзгеше. Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарда заң, саясаттану, социология, менеджмент сияқты салаларда эмпирикалық зерттеу әдістері қолданылады. Бұл – сандық, сапалық және аралас әдістерді қамтиды.

Осы әдістерді меңгерген жағдайда ғана зерттеуші деректерді алғашқы дереккөздерден жинап, талдау жүргізе алады. Ал жиналған деректерді өңдеу мен сараптау кезінде цифрлық құралдар қажет. Мысалы, сапалы зерттеу әдістерімен алынған деректерді талдау үшін NVivo, ATLAS.ti және MAXQDA бағдарламалары пайдаланылады. Бұл бағдарламалар тек құрал ғана. Егер ғалым заманауи зерттеу методологиясын білмесе, оларды тиімді қолдана алмайды. Демек, цифрлық технологияларды ғылымға енгізу үшін ең алдымен зерттеу методологиясын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру қажет. Осыған байланысты Президенттің тапсырмаларын орындау үшін ғалымдар заманауи зерттеу әдістерін меңгеріп, қайта даярлау курстарынан өтуі тиіс. Сонда ғана олардың цифрлық сауаттылығын арттыру нәтижелі болады.

Президент Каспий теңізін сақтау және су ресурстарының стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды. Бұл бағытта Үкімет тарапынан нақты шаралар қолға алынуы тиіс. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми қауымы да осы іске белсенді атсалысуы қажет деп есептеймін. Университетте эколог мамандар, IT және жаратылыстану ғылымдарының өкілдері бар, олар өңірдің экологиялық мәселелерін жақсы біледі. Сондықтан жергілікті ғалымдар мен сарапшыларды осы жұмыстарға тарту маңызды. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың рөлі зор.

Батыс елдерінде мемлекеттік органдар шешім қабылдамас бұрын мәселені жан-жақты зерттейді: алдымен жергілікті халықтың пікірін тыңдап, тәуелсіз зерттеу орталықтарының көмегімен талдау жасайды. Содан кейін ғана ғылыми дәлелдерге негізделген ұсыныстар арқылы шешім қабылдайды. Мұны басқару саласында evidence-based decision making – яғни нақты деректерге сүйенген шешім қабылдау деп атайды. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті билік пен ғалымдар арасында тығыз байланыс орнату қажет.

Біз өз тарапымыздан Каспий өңіріндегі университеттер қауымдастығы аясында Ресей, Әзербайжан, Иран елдерінің ғалымдары мен сарапшыларын тартып, экологиялық зерттеулерді қолға алмақпыз. Президент тапсырмасын орындау барысында Каспий теңізінің экологиялық тұрақтылығын халықаралық деңгейде көтеріп, университеттер қауымдастығы арқылы мәселенің өзектілігін көрсетуге күш саламыз. Бұл – ғалымдарымыздың халықаралық әріптестігін арттыруға, жас ғалымдардың тәжірибе алмасуына, студенттердің ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, университет-билік-өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастықты дамыту ерекше маңызды. Дамыған елдерде кең тараған бұл Triple Helix model үш тараптың да пайдасына жұмыс істейді. Ол өңірдің инновациялық, экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосады.

Президент шетелден қажетті кадрларды тарту мәселесіне де тоқталды. Бұл – бүгінгі университеттердің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Дегенмен, қаржылық тапшылық пен формальды талаптар өңірлік университеттердің жұмысын тежеп отыр. Президент заңнамалық нормалар жағдайды күрделендірмеуі керек екенін нақты айтты. Алдыңғы қатарлы елдердегі университеттер академиялық және ғылыми кадрларды дайындауда дербес. Сондықтан өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін арттыру үшін тиімді саясат қажет.

Кадр тапшылығы миграция мәселесін де күшейтіп отыр. Жыл сайын үздік түлектер Астана мен Алматыға кетіп, өңірлер өздерінің мықты адами капиталынан айырылуда. Соның салдарынан орталық қалаларда жатақхана тапшылығы да туындауда. Президент Тоқаев мұндай қажетсіз миграцияны болдырмау қажеттігін атап өтті. Тарихқа көз жүгіртсек, Оксфорд, Кембридж, Стэнфорд университеттері ірі қалалардан алыс жерлерде құрылғанымен, уақыт өте олардан әлемге әйгілі қалалар өсіп шықты. Мысалы, Стэнфорд университетінің айналасында Кремний алқабы қалыптасты. Бүгінде онда жүздеген IT компания жұмыс істеп, университет пен жергілікті бюджетке миллиардтаған кіріс әкеліп отыр.

Жалпы алғанда, Президент Жолдауында қойылған міндеттер экономиканы цифрландыру арқылы инновациялық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл – экономика, ғылым, инновация, кадр дайындау және экологияны қамтитын кешенді бағдар. Осы процестерде ғылыми қауымның рөлі зор. Жолдау елдің өзекті мәселелерін көтеріп, барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.

Бақыт АЛТЫНБАСОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің стратегиялық даму және интернационализация жөніндегі проректоры, з.ғ.к., білім саласын басқару бойынша доктор, қауымдастырылған профессор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button