Жарнама
Білім

Ғылым мен білім – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық бағыты

Қазіргі жаһандану жағдайында мемлекеттер арасындағы серіктестік білім мен ғылым саласындағы өзара ынтымақтастық арқылы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл үрдіс – ұзақ мерзімді және тұрақты дамудың кепілі. Бұл ретте Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени-гуманитарлық, ғылыми және академиялық байланыстар жаңа серпін алып, нақты нәтижелерге жетуде.

Бүгін Астанада өткен Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әзербайжан – Қазақстан үшін ерекше ел, бауырлас мемлекет. Бізді ортақ тарихи тамырластық, бай рухани-мәдени мұра біріктіреді, менталитетіміз бен ұстанымдарымыз ұқсас. Сан қырлы ынтымақтастығымыз осы мызғымас құндылықтардың негізінде дамып келеді», -деп атап өтті.

Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған Қазақстан–Әзербайжан ғылым және білім орталығы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл орталық ғалымдар арасындағы бірлескен жобалар мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ түркітілдес елдер арасындағы білім беру интеграциясын дамытуға бағытталған стратегиялық алаң ретінде қызмет етуде.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті де бауырлас Әзербайжан елінің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік орнатып келеді. Атап айтқанда, біз Баку жоғары мұнай мектебі, Әзербайжан техникалық университеті, Әзербайжан сәулет-құрылыс университеті секілді басқа да оқу орындарымен ынтымақтастық меморандумдарына қол қойдық. Бұл құжаттар студенттер мен оқытушылар үшін академиялық алмасу, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары, ортақ инфрақұрылымдық жобаларға қатысу сияқты жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Осы стратегиялық серіктестік аясында өткен жылы Баку жоғары мұнай мектебіне барып, Әзербайжан–Қазақстан ғылыми-білім беру орталығының ашылу салтанатына қатыстық. Орталық оқу орындарының даму бағытына тың серпін беріп, кең бейінді ғылыми зерттеулер жүргізуге, бірлескен форумдар, конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктер ашуда. Бұл орталықтың тағы бір артықшылығы – экологиялық мәселелерді шешуге, тұрақты тәжірибелерді енгізуге және студенттер мен жас мамандардың біліктілігін арттыруға көмектеседі. Жастарды осы орталыққа тарта отырып, біз өскелең ұрпақтың тұрақты даму және климаттың өзгеруіне қарсы жұмысты жалғастыруларына қолдау көрсетеміз.

Бүгінде Атырау мұнай және газ университетінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – Caspian SDG Hub. 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан бұл Хаб БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған және Каспий маңы өңіріндегі 12 техникалық университетті біріктіріп отыр. Жоба аясында геокеңістіктік технологияларды қолдану, сапалы білім беру, экожүйелерді мониторингтеу және инженер кадрларды даярлау секілді маңызды бағыттар қамтылған.

Биыл университетіміз ұйымдастырған жазғы индустриалды мектепке әзербайжандық студенттердің қатысуы — екі ел арасындағы нақты академиялық алмасудың көрінісі. Сонымен қатар, Әзербайжан сәулет-құрылыс университетінің магистранттарын біздің кампустың инфрақұрылымын дамыту жобаларына тарту жоспарланып отыр. Олар 225 гектар аумақтағы университет нысандарын жобалау процесіне қатысып, осы тәжірибені өздерінің дипломдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына негіз етіп алады. Бұл тек білім берудің ғана емес, сонымен қатар кәсіби дағды қалыптастырудың тиімді моделі.
Осындай бірлескен жобалар екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, жалпы түркі елдерінің ғылыми әлеуетін біріктіруге, халықаралық білім кеңістігін дамытуға және жас буынды рухани тұрғыда байытуға қызмет етеді.

Гүлзада ШАКУЛИКОВА,
«С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button