
«Ғалым да, шахтёр де бас иетін» мамандық
Елдің ертеңі саналатын келешек ұл-қыздарға алғаш рет әріп танытып, қолына қалам ұстататын ұстаздар ұлттың ұстыны болуға әбден лайықты. «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз – ұлы есім, кемел тұлға. «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай атамыздың салған сара жолын жалғастырып, ғылымды меңгеріп, дарынды шәкірт тәрбиелеуге үлес қосып жүрген өңірдегі ұлағатты ұстаздар жайлы бір үзік сыр шертпекпіз…
Құмаровтар әулеті – ұстаздар династиясы
Құрманғазы ауданының киелі топырағында тамырын тереңге жайған бір әулет бар. Бұл әулетті өзгелерден даралап тұратын қасиет – ұстаздық династия. Отбасының тірегі, асқар тауы Берік Құмаров Қиғаш бойындағы Бірлік ауылында өмірге келген. Бала күнінен білімге құштар болып өскен ол әуелі туған ауылындағы сегіз жылдық мектепті тәмамдап, кейін Сафон орта мектебінде білімін жалғастырып, үздік шәкірттердің қатарынан табылады. Ол өзінен үлкен апасы биология пәнінің мұғалімі Сәуле Құмароваға, сондай-ақ Атырау педагогикалық институтында физика-математика ғылымының кандидаты, профессор атанған, ядролық физикадан дәріс берген жездесі Қайреден Сейітовке еліктеп өседі. Әсіресе жездесінің ғылымдағы биік жетістіктеріне тамсанып, өз болашағын ұстаздықпен, білім жолымен байланыстырады.
Берік Ихсанұлы Гурьев педагогикалық институтында оқып, математика факультетіне оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққаннан кейін алғашқы еңбек жолын Карл Маркс атындағы орта мектептен бастайды. Одан соң Бірлік ауылындағы мектепте ұстаздық етіп, Көптоғай ауылындағы С.Мұқанов мектебінде оқу ісі жөніндегі меңгеруші қызметін де атқарады. Алайда тағдырдың ең үлкен сынақтары мен қуаныштарына куә болған орны – Карл Маркс атындағы орта мектеп еді. Сол кездегі ақыл-парасаты, адамгершілігі, іскерлігімен ұштасқан мектеп басшысы Қажеден Батырбаевты пір тұтқан жас мұғалім жақсының жолын қуып, осы мектепте табан аудармай 42 жыл еңбек етіп, сансыз шәкірт тәрбиелейді. Осы білім ошағының басшысы қызметін абыроймен атқарып шығады. Кейін мектеп психологы, оқу ісі жөніндегі басшының орынбасары лауазымында жүріп, 2016 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.
Жолдасы Рахима Мұхитова да бала тәрбиесіне өз ғұмырын арнаған жан болатын. Техникалық училищені тәмамдап, балабақшада және мектепте бала тәрбиесімен айналысып, ұрпақ бойына ізгілік дарытты. Өкінішке қарай, қазір өмірде жоқ болса да, есімі ұрпағы мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгілікке сақталған.
Берік Құмаров – әділдігімен, турашылдығымен, жауапкершілігімен көпке үлгі болған ұстаз. Ол ешқашан жалған баға қоймаған, әр оқушының еңбегін әділ бағалайтын шыншыл жан ретінде аймағына сыйлы. Қазақ ССР Ғылым-білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, есімі Қазақстанның Алтын кітабына енді. Бұл марапаттар – оның саналы ғұмырындағы еңбегінің лайықты бағасы.

Берік ағаның ұстаздық жолын жалғастырған туыстары аз емес. Қарындасы Халипа Құмарова Нұржау орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болды. Оның қызы Эльмира Элдарова – бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің PHD докторы. Ал інісінің баласы Ербол Жасұланұлы үлкендердің жолын қуып, математика пәнінің мұғалімі атанды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». Мектепте бала қыран секілді баптап, бар білім нәрін төгіп, болашағынан зор үміт күткен шәкірттерін ардақты ұстаз әлі күнге дейін ұмытқан жоқ, тілеулерін тілеп жүреді. Жақсы атын естісе марқаяды, одан асқан жетістік жоқтай көреді.
Ұстаздық дәстүр әулеттің өз шаңырағында да жалғасын тапты. Бес баласының әрқайсысы ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп, әке-шешесінің өнегесімен өмір сүріп келеді. Ұл-қыздарының бәрі де ұстаздықты таңдады, бір таңқаларлығы олардың жарлары да ұстаздық жолды серік етті.
Үлкен ұлы Қуантхан Ә.Сәрсенбаев атындағы мектепте технологиялық еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді, жұбайы Вера Сәрсенова орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Екінші ұлы Бақтығали да ұстаздық жолға түсті. Ол Панфилов, Афанасьев, Гагарин мектептерінде директор болып қызмет етсе, жұбайы Құралай Қыдырқызы Жамбыл ауылындағы мектепте бастауыш пәні мұғалімі болып жұмыс жасайды. Үшінші қызы Гүлден Исатай ауданы, Зинеден ауылындағы Гагарин атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Төртінші ұлы Медет алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығын алып, Құрманғазы ауылындағы «Балдәурен» балабақшасында еңбек етті. Жұбайы Бибігүл Қабасова Абай мектебінде әлеуметтік педагог болып қызмет атқарып жүр.
Кенжесі Нұрболат Ә.Сәрсенбаев атындағы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, информатика мен математика пәнінен сабақ береді. Жұбайы Жанаргүл Сергейқызы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Осылайша бір әулеттен шыққан ұстаздардың саны жыл санап көбейіп, олардың ізгілікті жолы әрі қарай жалғасып келеді. Бәрі де – білімнің шырағын жаққан, ұрпағын ғылымға жетелеп, шәкіртін адамгершілікке баулыған өз саласының нағыз майталмандары, ел ардақтылары.
Берік аға жиырмаға жуық немере-жиеннің ортасында ұрпағының қызығына бөленіп отыр. Ол олардың да озат оқушы, үлгілі шәкірт болғанын қалайды. Зейнет жасында болса да білімін толықтырып, сан түрлі есептерін шешімін тауып, кемелдіктің жолын нұсқар кітаптардан көз алмай, ой-өрісін дамытып жүреді. Дүйім қазақтың ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «қойға шапқан аш қасқырша» білімге өмір бойы ынтызар болу – данагөй тұлғаның басты ұстанымы.
Тектілігі тереңге жайылған бұл әулет 2019 жылы «Мерейлі отбасы» конкурсында жүлдегер атанды. Бірлік пен берекеге негізделген шаңырақ бүгінде жарқын өмір мен бақытты неке құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр.
Әлеуметтік желіде белсенді ұстаз
Жылыой ауданы, Тұрғызба ауылында туып-өскен Қабдрахманова Сымбат Едігеқызы – тағдырдың талай сынағына мойымай, адал еңбегімен айналасына ардақты болған жан. Ол қарапайым отбасында дүниеге келіп, он баланың жетіншісі болып өсті. Әкесі өмір бойы колхозда, фермада еңбек еткен еңбек адамы еді. Бірақ 90-шы жылдардағы тоқырау оның отбасына ауыр соққы болып тиді. Отбасының тұрақты баспанасы, жұмысы жоқ кезеңдерде Сымбат Едігеқызының жалғыз сенімі – білімге деген құштарлығы болатын. 1998–1999 жылдары М.Әуезов атындағы орта мектепті үздік аттестатпен тәмамдап, арманына алғашқы қадам жасады.
Жастайынан мұғалім болуды армандаған ол Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледжге түсіп, инфографика пәнін таңдады. Үздік шәкірт атанып, жоғары шәкіртақы алып жүрді. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы университетте білімін жалғастырып, ізденіс пен еңбектің шыңына жетті.

Сымбат Едігеқызы үшін ұстаздық – мамандық қана емес, жүрек қалауымен таңдалған тағдыр жолы. Ол бала тәрбиелеуде қатал тәртіптен бұрын мейірім мен жанашырлықты басты орынға қояды. «Баланың жүрегіне жылылықпен жол табу керек» деген қағиданы берік ұстанған ол бүгінде жас ұрпақты дұрыс бағытқа жетелеудің тиімді жолдарын ұсынып келеді.
Заманауи ұстаздың тағы бір қыры – блогерлігі. Facebook, Instagram, TikTok желілерінде белсенді жұмыс жүргізіп жүрген Сымбаттың парақшалары мыңдаған оқырманның сүйікті алаңына айналған. Әсіресе, әлеуметтік желіні уақыт өткізу үшін емес, рухани тәрбие беретін, ой салар ортаға айналдыруға ұмтылуы көпке үлгі. Ол өлең оқуды әдетке айналдырып, қазақ поэзиясының туындыларын халыққа насихаттап келеді. Қазақ әдебиетінің марғасқаларының жалынды жырларынан бастап, туған жері Жылыой өңірінен шыққан ақындар Айбек Қалмағамбетов пен Бүркіт Базарбаевтың шығармаларын оқырмандарына кеңінен таныстырып, өлеңге деген сүйіспеншілікті оятуға үлес қосып жүр.
«Әлеуметтік желі – теріс жаңалықтың алаңы емес, керісінше, жақсы дүниелерді насихаттайтын кеңістік болуы керек» деген сеніммен ол жастарға арналған пайдалы трендтер түсіріп, балаларға рухани демеу болуды көздейді. Қазірдің өзінде ата-аналарға бағытталған подкаст жобасын қолға алуды жоспарлап отыр.
Мектеп басшысы ретінде де ол үлкен жауапкершілік арқалауда. 11 жыл бойы тәрбие ісінің меңгерушісі, соңғы 7 жылда мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Оның жетекшілігіндегі №4 М.Әуезов атындағы мектеп бүгінде облыстағы үздік жиырма мектептің қатарына енген. Бұл – ұстаздың табандылығы мен әділ басқаруының жемісі. Өткен жылы мектептен түлеп ұшқан 42 түлектің 17-сі мемлекеттік грантқа қол жеткізуі соның бір көрінісі болса керек. Оқушылары республикалық деңгейде жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Жылыойлық Жанаш ақынның:
«Мен бәрінен қайрат алып, төске оздым,
Демалыс жоқ бәрібір де қыс-жаздың.
Мен не деген кереметпін осынша,
Бәрібір мен мұғаліммін. Ұстазбын»,-деген өлең жолдары Сымбат Едігеқызының жүрек сөзі іспетті.
Ол өмірге қайта келсе де ұстаздықты қайта таңдайтынын жасырмайды. Себебі шәкірт жүрегіне сәуле себу, білім мен мейірімді қатар беру – оның өмірлік миссиясы.
Жаңашылдыққа ұмтылған жас басшы
Мақат ауданы Байшонас ауылында дүниеге келген, жастайынан ғылым мен білімге құштар болып өскен Абай Ақмурзиев бүгінде өңірдің өрелі ұстаздарының бірі ғана емес, білікті басшысы ретінде де танылуда. Отызында орда бұзған ол бір мектептің тізгінін ұстап, білім саласындағы тың серпілістерге бастамашы болып жүр.
Абайдың еңбек жолы қарапайым журналистикадан бастау алып, ұстаздық пен басқарушылық қызметте жалғасты. «Атырау» газетінің редакциясында тілшілік қызмет атқара жүріп, сөздің құдіретін, ойдың салмағын сезінді.
Оның ұстаздыққа қадамы 2017 жылы И.Тайманов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әрі тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен басталды. Кейіннен №40 мектепте жұмысын жалғастырып, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Жас педагог шәкірттердің рухани дамуына, отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға баса мән берді. Еңбегі еленіп, 2020 жылы облыстық Білім беру басқармасының ресми өкілі әрі баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалды. Бұл кезеңде ол өңірдегі білім саласының ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғам мен мектеп арасындағы байланысты нығайтты.

Облыстың таңдаулы оқу орындарының бірі – «Зияткер» мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Сол жерде жаңа жобаларды жүзеге асырып, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. 2024 жылдан бастап, Атырау қаласындағы «Ақжар-2» ықшамауданында бой көтерген жаңа №44 мектеп-гимназиясының директоры болып тағайындалуы – оның кәсіби табандылығы мен басқарушылық қабілетінің айқын дәлелі.
Небәрі бір жылдың ішінде аталған мектеп қаладағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының біріне айналып отыр. Қысқа уақытта мұнда оқу-тәрбие жүйесі жолға қойылып, оқушылар мен ұстаздар талай биіктен көрінді. Қалалық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда топ жарған шәкірттер – осының айқын дәлелі. Әсіресе, «Жас құтқарушылар» жарысында республика бойынша бірінші орын алуы – мектеп беделін асқақтатқан тарихи жетістік.
Білім ғана емес, тәрбие бағытында да жаңашыл жобалар қолға алынды. «Жас сарбаздар» әскери-патриоттық мектебі мен «44 Media» жас журналистер орталығының ашылуы – оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашқан ерекше бастамалар. Ай сайын жарық көретін «44» журналы болса, жас тілшілердің алғашқы шығармашылық қадамына айналған.
Түйін:
Хакім Абайдың «Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан» деуі бекер емес. Сырттай қарапайым көрінгенімен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүрген осындай ұстаздар қауымы көпке үлгі болса керек.
Еркеназ ҚАЛИЖАН


