ГҮЛЖАЙНАР – ҮЗДІК ПЕДАГОГ

Гүлжайнар Нығметқызы Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжде дәріс береді. Ол колледжішілік «Жыл оқытушысы – 2010» сайысының бас жүлдесін жеңіп алса, келесі жылы облыстық «Жыл оқытушысы – 2011» сайысында жүлделі екінші орынды иемденді. Биыл осындай облыстық байқаудың «үздік педагогы» атанған Гүлжайнар жуырда республикалық «Үздік педагог – 2014» конкурсында жеңімпаз болып, талай жылғы еңбегінің жемісіне қол жеткізді

 

Шәкірт жүрегіне жол табу үшін Гүлжайнар Нығметқызы ізденеді. Ол алғашқы еңбек жолын өзінің туған топырағы Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылында бастады.

Білім берудің жаңа әдіс-тәсілін жетік меңгерген ұстаздың М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі бойынша өткізген ашық сабағы «Қазақстан Республикасындағы филологиялық білім беруді дамытудың негізгі басымдықтары» атты Қазақстан Республикасы филологтарының съезінде ең үздік бейне-сабақ ретінде танылды.  Осылайша ол таспаға еніп, республиканың техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарына  таратылды.

Ұдайы ізденіс үстінде жүретін Гүлжайнар Нығметқызы ғылыммен айналысуға ден қойды. Ол «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының магистратурасын бітіріп, педагогика ғылымдарының магистрі атанды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде шыққан мақалалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса, білім беру саласында өзекті мәселелерді көтеретін халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жасаған құнды баяндамалары жинаққа енді.

Л.Шайхашқызы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз