
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау күшейтілді
Қазақстанда алғаш рет Инклюзивті білім беру жөніндегі әлемдік конгресс өтті. Ауқымды халықаралық іс-шара педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға, инклюзивті мәдениетті дамытуға және инклюзивті білім беру саласындағы жаһандық диалогты жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.
Республика Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, инклюзивті білім беруді жүйелі дамыту мақсатында мектепке дейінгі және кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінде педагог-ассистент штаттары енгізілді. Бұл қадам ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жекелей қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Қазір еліміздің білім беру мекемелерінде 3,8 мың педагог-ассистент пен 10 275 арнайы педагог қызмет атқаруда.
Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға жеке көмекші лауазымы енгізілді. Нәтижесінде 129 ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала физикалық сүйемелдеумен қамтылды. Олардың ішінде бұған дейін үйде оқыған 45 бала мектепке барып, құрдастарымен бірге білім алуға мүмкіндік алды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған инфрақұрылым елімізде қарқынды дамуда. Бүгінде республика бойынша 516 арнайы мекеме жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аутизм орталықтарының желісі кеңейтіліп, ерте жастан бастап мамандық алуға дейінгі кезеңді қамтитын кешенді сүйемелдеу тұжырымдамасы бекітілді.
Қазір инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру мекемелерінің үлесі – 93,3%. Ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалардың көрсеткіші 87%-ға жетіп отыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА



