ҰБТ: БИЫЛ ОЛ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Ұлттық бірыңғай тестілеу – жыл сайын өтіп келе жатқан маңызды сынақ. Өйткені, ол түлектердің он бір жылдық білім деңгейін көрсетіп, жоғары оқу орындарына түсуіне жол ашады. Сондай-ақ, мұғалімдердің де қызметін саралайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі биыл он бірінші рет өткізілмекші. Жыл сайын аталған сынақ қарсаңында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері облысқа келіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру жөнінде ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізеді. Осы жылы да бұл дәстүр жалғасын тауып, аталған министрліктің Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің басқарма басшысы Зинаш Жанділдина білім сынағы биыл қандай деңгейде ұйымдастырылатындығы жөнінде семинар-кеңес өткізді.

Семинар-кеңесті облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев жүргізді. Жиынға облыстық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, Ұлттық бірыңғай тестілеу мемлекеттік комиссиясының төрағалары, тестілеу пункттері мен мектеп директорлары қатысты.

Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің басқарма басшысы Зинаш Жанділдинаның айтуынша, өткен он жыл ішінде еліміз бойынша бір миллион үш жүз отыз бес мыңнан астам түлек бұл тестілеуде білімін сынаған. Бұл барлық түлектердің 80 пайызын құрайды.
Тестілеу өткізу форматы биыл да өзгермеген. Оқушылар бес пән бойынша тест тапсырады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге өтініш білдіргенімен, әртүрлі себептерге байланысты қатыса алмай қалған түлектер кешенді тестілеуде өз білімдерін тексере алады.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде өткен жылдағыдай әр пән бойынша 25 тест тапсырмасы келеді. Жоғары оқу орындарына түсу үшін өтпелі балл көрсеткіші де биыл өзгеріссіз қалып отыр. Конкурсқа ілігу үшін талапкер кемінде елу балл жинауы керек.
Қазақстан бойынша биыл ҰБТ 154 пунктте өтеді. Оның 47-сі жоғары оқу орындарының ғимараттары болса, 107-сі – ауылдық мекен-жайларда. Заң талабы бойынша жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген әрбір түлек тестілеуден өтуге міндетті. Тестілеуге қатысу ерікті түрде іске асырылады. Сынып жетекшілері орташа бағамен оқитын оқушылардың тестілеуге қатысуға ниет білдірген өтінішін қабылдамай, жоғары оқу орнына түсуге кедергі келтіретін жағдайлар да кездесіп жүр. Тестілеуден өту – оқушының конституциялық құқығы. Сондықтан, Зинаш Жанділдина сынып жетекшілері бұл құқықты бұзбауы тиіс екендігін қатаң ескертті.
– Ұлттық бірыңғай тестілеудің он жылдық қорытындысына тоқталсақ, өткен жылы сынаққа қатысу көрсеткіші өте төмен болды. Мектеп бітірушілердің 69 пайызы ғана тестілеуге қатысып, 29 пайызы шекті деңгейден өте алмады. Яғни, 139 мыңнан астам бала мектеп бітірсе, соның 95 мыңнан астамы ғана тестілеуден өтті. Ал, 2012 жылы бұл көрсеткіш 75 пайыз еді. Соның ішінде, шекті деңгейден өте алмаған, яғни, 50 балдан төмен жинаған түлектер 37 пайызды құрады. Бұл ой салатын мәселе деп ойлаймын, – деді комитеттің басқарма басшысы.
2012 жылы орташа балл 71 пайыз, ал, өткен жылы төрт пайызға жоғары болды. Ұлттық бірыңғай тестілеу – бұл білім бәсекесі. Осы сыннан әр түлек таза білімі арқылы сүрінбей өтіп, әділ бағасын алуы керек. Осыған орай, соңғы жылдары технологиялардың көмегімен, аудиторияларға металліздегіш, бейнебақылау камералары орнатылды. Қатаң тексерулерге қарамастан 14 мыңнан астам ұялы телефон тестілеу кезінде оқушылардан алынған. Сондай-ақ, «шпаргалка», фотоаппарат, калькулятор, рациямен тест тапсыру бөлмесіне кірген оқушылар да болған. Өткен жылы тест тапсыру кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 31 оқушы аудиториядан шығарылған. З.Жанділдина мұндай жағдай биыл қайталанбауы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Осы жайттарды айта келе Зинаш Жанділдина Атырау облысының көрсеткішіне де тоқталды.
– Атырау облысы бойынша 2012 жылы 4800 оқушы тестілеуге қатысты. Олардың бес пән бойынша орташа балы 71,4 пайыз болды. Ал, өткен жылы бұл көрсеткіш 74,1 пайыз құрады. Грант иегерлерінің саны осыдан екі жыл бұрын 948 болса, өткен жылы бұл көрсеткіш азайып, 905-ті құрады. Жүзден жоғары балл жинаған түлектер саны соңғы екі жылдың қорытындысы бойынша өсіп отыр. (2012 жылы – 777, 2013 жылы – 861). Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 125 балл жинаған үш оқушы Атырау облысының түлектері екенін де айта кеткен жөн, – деді ол.
Бұған қоса, комитеттің басқарма басшысы кешенді тестілеу және оқу жетістіктерін сырттай бағалау жұмыстарына да қысқаша тоқталып өтті.
Ал, семинар-кеңеске қатысушылар өз тараптарынан көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Басқосуды қорытындылаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Б.Сәрсенғалиев Ұлттық бірыңғай тестілеу облыста жыл сайын ойдағыдай атқарылып келе жатқанына, биыл да сәтті жалғасын табатынына сенім білдірді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз