ҰБТ-ҒА МҰҚИЯТ ДАЙЫНДЫҚ ҚАЖЕТ

Мектеп бітіруші түлектердің жыл сайынғы дәстүрлі сынағы – Ұлттық бірыңғай тестілеу – қыр астында. Оған дайындық барысы облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның басшылығымен өткен жиналыс барысында тыңдалды. Білім сынағы жөнінде баяндаған облыстық білім беру бас-қармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиевтың айтуынша, биыл тестілеу шарасы 2-15 маусым аралығында 7 пунктте өткізілмек.

Түлектер саны 4696 болса, оның 3868-і, яғни 82,1 пайызы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Бұл – былтырмен салыстырғанда 1,2 пайызға артық көрсеткіш. Әзірге тестілеуге қатысуға көбірек тілек білдіріп отырған – Махамбет ауданы, Атырау қаласы мен Жылыой ауданы. Облыс бойынша ең төменгі қатысу Құрманғазы ауданында тіркеліп отыр. Ондағы мектеп бітірушілердің 67,3 пайызы ғана бағын сынағалы отыр екен. Сондай-ақ, оқу жылының қорытындысымен 152 түлек «Алтын белгіге», 81-і «Үздік аттестатқа» үміт артып отыр.
Жалпы алғанда, ҰБТ кезінде тест өткізу пункттеріне 2769 оқушы тасымалданады, 517 оқушы жатақханаға орналасып, 949 оқушыға тамақ ұйымдастырылады. Сынақ тапсырушылардың орналасатын жатақханаларының, асханаларының санитарлық талапқа сай болуы, балаларды алып жүретін автобустардың техникалық байқаудан өтуі – қысқасы, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты жайдың бәрі жауапты мекемелердің жіті бақылауында. Нұсқаулыққа сәйкес, сынақ тапсырушылар мінген көліктерді жол полициясы бастап алып жүреді.
Жиналыста Атырау қаласы мен аудандар бойынша тестілеуге дайын екендіктерін айтып, жауап берді. Облыстық білім сапасын бақылау департаментінің басшысы М.Ахметова ҰБТ кезінде тәртіп мәселесіне жіті тоқталды. Оған себеп, өткен жылы сынақ барысына көлденең кісілердің араласу деректері тіркелген.
Сондай-ақ, ҰБТ тапсыру кезінде жарықпен қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалмады. Бұл жағдай қатаң қадағалануы тиіс. Өйткені, жарықтың аз уақытқа болса да өшіп қалуы барлық жұмысты жоққа шығаруы мүмкін.
Былтыр облыс бойынша үш түлек ең жоғары балды иеленіп, жақсы көрсеткішке ие болғанын айтқан Ш.Мұқан осы жылы да қол жеткізген межеден төмендемеу керектігін нақтылады.

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз