
Болашақтың іргесін біліммен қалаймыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қоғамдағы тәртіп пен заң үстемдігі – ел дамуының басты кепілі» деген терең мағыналы тұжырым айтты. Бұл сөз – елдік рухтың өзегі, мемлекеттің болашағын айқындайтын асыл қағида. Расында да, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Егер әр адам өз ісіне ұқыпты, өзгенің құқығын құрметтей білсе, заңды биік қойса ел еңселі, болашағы баянды болмақ.
Меніңше, бұл ұстанымның бастауы балалық шақтан басталады. Себебі баланың жүрегіне ізгілік пен әдептіліктің, мейірім мен тәртіптің дәнін егу – ұлттың рухани келбетін қалыптастырудың алғашқы қадамы. Осы тұста балабақша тәрбиешілерінің еңбегі ерекше. Олар – қоғамның іргетасын қалап жатқан үнсіз еңбеккерлер, ұлт келешегінің сәулесін жағушылар. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген дана халқымыздың сөзі дәл осы сәтке арналғандай.
Президент Жолдауында жастардың тәрбиесіне айрықша мән берілді. Жас ұрпақтың отансүйгіш, білімді, парасатты болып өсуі – елдің ең басты мақсаты. Ал бұл қасиеттердің бәрі – бала жүрегіне ерте ұялайтын сезімдер. Әдептілік бар жерде адамгершілік, адамгершілік бар жерде елге деген сүйіспеншілік пен патриотизмнің оты тұтанады.
Сондықтан мен ұлттың ертеңін тәрбиелеп отырған тәрбиешілерге үлкен құрметпен қараймын. Олар – баланың санасына мейірім ұялатқан, жүрегіне елжандылық ұрығын сепкен жандар. Президент айтқандай, әділ заң мен саналы ұрпақ – мемлекеттің қос тірегі. Ал сол саналы ұрпақтың өмірге дұрыс көзқарасын қалыптастыру – адамзатқа қызмет етудің ең асыл жолы.
Марлен ҒИЛЫМХАН,
ақын,
“Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.
Сурет ашық дереккөзден алынды


