Жарнама
Білім

Білімге жетелеп келеді

Биыл біздің сыныпты екіге бөліп, Гүләйім Сисекешова апайдың сыныбына қосты. Гүләйім Жеңісқызы бізге математика, қазақ тілі мен әдебиеті, басқа да пәндерден сабақ береді. Сыныпқа алғаш барған күнімнен-ақ бізге қамқор болып, сабақты әрдайым түсінікті тілмен түсіндіріп, тәлімін аянбай үйретіп келеді.

Математика пәнінің ерекше ұнайтыны – апай есеп шығаруды оңай жолмен түсіндіреді. Егер біз түсінбей жатсақ, тақтаға шығарып, әр қадамды бірге есептеп көрсетеді. Қазір біз көп таңбалы сандарды көбейтуді өтіп жатырмыз. Мысалы, 320 санын 2-ге көбейту сияқты күрделі есептерді шығарып, үш таңбалы санды көбейту тәсілдерін үйретуде.

Апайымыз бізді түрлі жарыстарға да дайындайды. Солардың бірі – «Алтын сақа» математикалық олимпиадасы. Бұл жарыс мектептен басталып, аудан, сосын облысқа жалғасады. Мен де сыныптастарыммен бірге осы сайысқа дайындалып жүрмін. Гүләйім апай әрдайым бізге сенім артып, жеңіл жолдарын көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады.

Біздің мектепке Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұхановтың есімі берілген. Мектептің қатты ұнайтын себебі – мен ол жерде жаңа достар таптым. Қазір өзімді үлкен отбасының бір мүшесіндей сезінемін. Сыныптағы балалармен татумыз, ал апайымыз бізге анамыздай қамқор.

Гүләйім апай қазақ тілі сабағында да ережелерді түсінікті етіп жеткізеді, әдебиеттен әдемі шығармаларды оқытып, жаттығуларды орындауға уақыт береді. Үлгермей қалсақ түсіністік танытып, қайта түсіндіріп, үй тапсырмасын орындап шығуға жағдай жасайды.

Сынып жетекшім – үлгі тұтар ұстазымыз. Ол әрдайым бізді білімге, еңбекқорлық пен ізденіске шақырады. Осындай ұстазымыз болғанына қуанамын және апайды қатты сыйлаймын.

Болашақта ата-әжемнің, әкем мен анамның, бүкіл әулетімнің үмітін ақтайтын азамат болғым келеді. Ол үшін қазір жақсы оқып, ұстаздардың айтқанын тыңдап, алған білімімді жетілдіруім керек. Ертең елімнің қажетіне жарап, жақсылыққа үлес қосатын білімді де парасатты азамат болуға тырысамын.

Ибраһим ӘСКЕР,

Мұса Баймұханов атындағы орта мектептің IV сынып оқушысы

Мақат ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button