Жарнама
Білім

Білімге салынған инвестиция – болашақ негізі

Білім – елдің рухани және экономикалық дамуының басты өзегі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған білім беру саласын жаңғырту жөніндегі бастамалар – еліміздің болашағына бағытталған аса маңызды бағдар. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі заманда табыстың кілті – терең білім мен заманауи технологияларды меңгеруде. Бұл – ұлттың интеллектуалды әлеуетін арттырудың, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.

Қазір білім жүйесін цифрландыру, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, ғылыми зерттеулер мен тәжірибені ұштастыру – уақыт талабы. Президенттің «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі тапсырмасы – осы бағыттағы нақты әрі дер кезінде қабылданған шешім. Бұл бастама ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын азайтып, әр баланың сапалы білімге тең қол жеткізуіне жол ашады.

Жаңа дәуірдің мұғалімі тек пән үйретуші емес, сонымен бірге баланың ойлау қабілетін дамытатын, шығармашылыққа жетелейтін тұлға болуы тиіс. Сондықтан ұстаздар қауымы үздіксіз ізденіп, жаңа технологиялар мен инновациялық әдістерді меңгеруге дайын болуы қажет. Бұл – педагог мәртебесін арттырып қана қоймай, бүкіл қоғамның мәдени-танымдық деңгейін көтеретін маңызды үрдіс.

Президент ұсынған «Qazaq Digital Mektebi» және жоғары оқу орындарындағы Al-Sana бағдарламалары – білім берудің жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған батыл қадамдар. Бұл жобалар жастарды ғылым мен технология саласына тартуға, олардың шығармашылық және зерттеушілік әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.

Мен ұстаз ретінде бұл бастамаларды толық қолдаймын. Себебі білімге салынған инвестиция – елдің ең берік капиталы. Білім мен тәрбиенің сапасы – мемлекеттің даму деңгейінің айнасы. Егер біз балаларымызды ғылым мен технологияның тілін ерте үйретіп, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды қатар дарытсақ, онда Қазақстанның болашағы нұрлы болмақ.

Білімді, парасатты, отаншыл ұрпақ – мықты мемлекеттің тірегі. Ал сол ұрпақты тәрбиелеу – біз, ұстаздардың қасиетті парызы.

Гүлдана АБУЛХАЙРОВА,
Б.Нысанбаев атындағы жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Атырау қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button