Жарнама
Білім

Білім жүйесін жаңғырту – басты міндет

Білім – кез келген мемлекеттің ең басты байлығы, ел дамуының темірқазығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында білім саласына айрықша мән беріліп, оның жаңа дәуір талаптарына сай жаңғыртылуы туралы нақты міндеттер қойылды. Бұл ұстаздар қауымы үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, зор сенім деп білемін.

Қазіргі әлемнің даму бағыты айқын: технологиялық өзгеріс пен цифрландыру адам капиталының сапасына тікелей тәуелді. Президент атап өткендей, экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары ең алдымен сапалы білім мен жаңа ойлай білетін мамандарды талап етеді. Осы тұрғыда «Келешек мектептері» ұлттық жобасының жүзеге асуы – елдің білім жүйесіндегі маңызды бетбұрыс. 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде пайдалануға беріліп, қалғандарының құрылысы алдағы айларда аяқталатыны білім инфрақұрылымының нақты дамып жатқанын көрсетеді.

Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар өмірдің барлық саласына дендеп енді. Сол себепті оқушылардың осы бағыттағы сауатын ерте қалыптастыру қажеттілігі – өте орынды шешім. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған Al-Sana бағдарламасы 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуға мүмкіндік бермек. Ал мектеп оқушыларына жасанды интеллект негіздері бойынша жаңа пән енгізу бастамасы болашаққа салынған мықты инвестиция деп есептеймін.

Ұстаздар қауымының да бұл өзгерістерден қалыс қалмауы маңызды. Әр педагог жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект жүйелерін меңгеріп, оқу үдерісін заманауи тәсілдермен жетілдіре білуі тиіс. Президент ұсынған «Qazaq Digital Mektebi» платформасы ауыл мектептерінің мүмкіндігін кеңейтіп, барлық балаға сапалы білімге тең қолжетімділік беретін тамаша жоба болмақ.

Білім мен ғылым – елдің интеллектуалдық әлеуетін айқындайтын басты күш. Президент Жолдауында ғылым мен инновацияны өзара ықпалдастыра басқарудың қажеттілігі айтылды. Бұл – зерттеу мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жойып, білім мен ғылымды біріктірудің нақты тетігі. Сондай-ақ жас зерттеушілер мен білікті мамандарды қолдау шараларын күшейту елге оралатын, не елімізде өсіп-жетілетін жаңа буынның дамуына жол ашады.

Мен, жас мұғалім ретінде, бұл бастамаларды еліміздің болашағы үшін стратегиялық шешім деп қабылдаймын. Білім беру ісіндегі әр жаңашылдық – ұлттың жаңа тынысы. Саналы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана біз өркениетті, технологиялық тұрғыдан қуатты Қазақстанды қалыптастырамыз.

Жанар ҚАБДІРАХИМОВА,

ABYROI SCHOOL ATYRAU жеке мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button