Жарнама
Білім

Білім мен ғылым – өркендеудің негізі

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен «Қазақстан — академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумы еліміздің жоғары білім мен ғылым саласындағы жаңа кезеңінің бастауы болды. 

Президенттің форум жұмысына арнайы қатысуы – мемлекетіміздің интеллектуалды әлеуетті дамытуға, ғылыми жаңашылдық пен инновацияны қолдауға баса назар аударып отырғанының айқын дәлелі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі», – деп атап өтті. Бұл сөз қазіргі заман университеттерінің миссиясын нақты сипаттайды. Расында да, университет тек білім беру орталығы ғана емес, елдің болашағын айқындайтын, жаңа идеялар мен технологиялар туындайтын интеллектуалды орта.

Форум аясында әлемнің жетекші университеттері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жасанды интеллект, биотехнология, ядролық физика, инженерия және цифрлық технологиялар сияқты стратегиялық бағыттарда ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Бұл бастамалар Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін жаһандық ғылыми кеңістікпен біріктіруге, озық тәжірибелерді игеруге және ұлттық инновациялық экожүйені дамытуға серпін береді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форумда атап өткендей, бүгінде Қазақстанда шетелдік университеттердің 40 филиалынан тұратын желі құрылуда, олардың 85%-ы жоғары технологиялық бағыттарға шоғырланған. Бұл — елімізде халықаралық деңгейдегі сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейтетін үлкен қадам. Сонымен қатар, академиялық туризмді дамыту, шетелдік инвестиция тарту және білім экономикасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда елімізде 31 500 шетелдік студент білім алуда. Алдағы жылдары бұл санды 100 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

UTEBAYEV UNIVERSITY өз кезегінде Мемлекет басшысының білім мен ғылымды дамытуға бағытталған саясатын толық қолдайды. Университет базасында И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалының ашылуы — халықаралық серіктестіктің нақты нәтижесі. Бұл бастама энергетика және инженерия салаларында жоғары білікті кадрлар даярлауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және тәжірибелік білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Форум барысында құрылған стратегиялық серіктестер кеңесі институционалдық ынтымақтастықты күшейтіп, университеттер мен зерттеу орталықтарының өзара байланысын жаңа деңгейге көтереді. Бұл кеңес ортақ міндеттерді шешуде тәжірибе алмасуға, академиялық еркіндікті дамытуға және жоғары технологиялық бағыттарды бірігіп дамытуға жол ашады деген сенімдеміз.

UTEBAYEV UNIVERSITY ұжымы отандық жоғары білім жүйесін жетілдіру, халықаралық серіктестікті кеңейту және инновациялық зерттеулер арқылы еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру бағытында табанды еңбек етуді жалғастырады. Біз үшін басты мақсат — заманауи білім мен ғылым арқылы Қазақстанның болашағын қалыптастыру, озық идеялар мен таланттарды қолдау және жастарды ел дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналдыру.

Гүлзада ШАКУЛИКОВА, 

UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button