
«Білім көкжиегінде 60 жыл»
Атырау қаласындағы білім мен тәрбиенің киелі ұясы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп алпыс жылдық тарихында сан буын шәкірттің жүрегіне ізгілік ұялатқан, арман-мақсатына қанат бітірген іргелі оқу орнына айналды. Осы мерейлі мерейтой қарсаңында мектепте “Білім көкжиегінде 60 жыл” атты салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиын мектеп мұғалімдерінің әсерлі көрінісімен басталып, білім ордасының өткені мен бүгіні, жетістігіне шолу жасайтын бейнефильммен жалғасын тапты. Мектеп директоры Ә.Өмірзақов мектептің қалыптасу жолында еңбек еткен ұстаздарға алғысын білдіріп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етудің маңыздылығына тоқталды.
Шараның көркін “Жібек жолы” би студиясының “Кербез қыздар” биі келтірсе, қалалық мәслихат депутаты, осы мектептің түлегі А.Сәрсембаева ұжымға ізгі тілегін арнап, қалалық мәслихат төрағасының Алғыс хатын табыстады.

Әрбір мектеп тарихы оны басқарған басшылардың еңбегімен ұштасады. Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің 60 жылдық шежіресінде талай білікті де адамгершілігі мол директорлар өз қолтаңбасын қалдырды. Сол тұлғалардың бірі – “Құрмет” орденінің иегері, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Атырау қаласының құрметті азаматы С.Әлібаева. Сондай-ақ, ардагер ұстаздар Ғ.Кереев, Б.Ғұмаров, Ә.Лұқпанова, Г.Қайыржанова, А. Нысанбаева, К.Сарбаева жылы лебіздерін жеткізіп, мектеп ұжымына ардагерлер кеңесі атынан естелік сыйлық табыс етті. №35 Х.Ерғалиев атындағы мектеп-гимназия мен М.Өтемісов атындағы орта мектеп ұжымдары да өз құттықтауларын жолдады.

Мерекелік сазды бағдарлама музыка пәні мұғалімі М.Орпабекованың орындауындағы “Мың алғыс саған, ұстазым” әнімен жалғасты. Сондай-ақ, мектептің аты берілген мемлекет және қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев туралы “Мен Ғанимын” бейнебаяны көрсетіліп, “Ғани ұрпақтары” әнін оқушылар хоры орындады.

Мектеп жанынан құрылған әжелер ансамблі мен 11 сынып оқушыларынан құралған хордың орындауындағы әндерді, сондай-ақ оқушылар тобының «Текемет» биін көрермен ыстық ықыласпен тамашалады. Тағылымды шара жас ұстаздардан құралған хордың “Атамекен” әнімен түйінделді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



