«Білім-Инновация» лицейінде дәстүрлі мерекелік фестиваль өтті

FullSizeRender 17 04 18 02 20 1 Білім

Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінде  ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтаған дәстүрлі мерекелік фестиваль өтті. Білім ордасының ауласында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп,  қазан асылды. Дәмі тіл үйірер ұлттық тағамдар дайындалып, жиналған көпшілік талай дертке дауа, шипалы сусындарымыздан ауыз тиді. Ашық аспан астында ұйымдастырылған осынау шарада ақсақалды, ақжаулықты үлкендердің батасып алып, құдды бір ауылда жүргендей күй кештік.

FullSizeRender-17-04-18-02-20-4

Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін оқушылар арасында насихаттау, халқымыздың төл мәдениетінің маңыздылығы мен танымдық, тәрбиелік мәнін ұғындыру мақсатын көздеген фестивальге ата-аналар ұйытқы болды. Мерекелік кеш барысында сөз алған Қазақстан және Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов шынайы құттықтау лебізін білдірді.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова, Атырау қаласы әкімі Серік Шәпкенов, облыстық білім беру басқармасы басшысы Қайырғали Кенжеғалиев те дәстүрлі шараның қадірменді қонақтары болды. Олар лицей шәкірттерінің бүгінге дейін жеткен жетістіктерін саралап, мұндай мәні зор жұмыстарға да белсене атсалысып жатқандарына ризашылық білдірді. Алдағы уақытта да білім ордасының атын асқақтатып, үлкен жетістіктер жолында табыс тіледі.

FullSizeRender-17-04-18-02-20-1

Ата-аналар ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер қойып, сахналады. Қыдыр ата батасы, бойжеткенге сырға салу, құда түсу, келін түсіріп, беташар жасау рәсімдері де көпшіліктің көзайымы болды. Сондай-ақ, сәбиге ат қою, бесікке салу, тұсаукесер, табақ тарту, сүндет той сынды мәдени құндылықтарымыз насихатталды. Ұстаздар, оқушылар және ата-аналар ұлттық ойын түрлерінен сынға түсті. Құлақтан кіріп бойды алар әсем ән мен тәтті күй, мың бұралған бишілер де дәстүрлі мереке көркін қыздырды.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз