Бейбіт елдің болашағы – білімді ұрпақ

Bilim Білім

Биылғы оқу жылы облыс үшін сәтті аяқталды. Бұл жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру саласын дамытудағы міндеттемелері аясында бірқатар жаңа бағыт, жаңа жобалар енгізіліп, жаңаша іс-шаралар жүргізілді.

????????????????????????????????????

ІТ кабинеттер ашылуда

Бүгінгі қоғам «цифрлық дәуір» жағдайында дамып жатыр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасының «Халқымыздың құндылықтарының ішінде білім бірінші орында тұруы шарт» деп ерекше атап көрсетуінің мәні де осында. Сондай-ақ, Президент технологиялық революция кезеңінде бүгінгі бар кәсіптердің жартысы жойылып кететіндігін айтып, жастардың болашақ мамандығын таңдауда аса жауапты болуды ескертті.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиевтің айтуынша, осы бағытта қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында IT мамандарын даярлау, мектептерде оқушылар үшін тегін IT сыныптарын, клубтар ашу жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгіннің өзінде жеті ауданда да IT сыныптары ашылды. Сонымен бірге, Жылыой, Индер аудандарында робототехника кабинеттері пайдалануға берілді. Биыл Атырау қаласындағы Құрманғазы, Исатай аудандарындағы оқушылар орталықтарында осындай жаңа форматтағы кабинеттер ашылады.

Оқушыларды робототехника саласындағы  зерттеулерге, техникалық ақпарат және бастапқы инженерлік біліммен алмасуға тарту мақсатында 70 педагог «Робототехника» элективті курсынан өтті. Он мектепте робототехника кабинеті ашылды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің демеушілігімен бірқатар құрал-жабдықтар алынды.

154 оқушы «Алтын белгі» иеленді

Мектептердегі оқу жылын 116 095 оқушы аяқтады. Оның 5177-сі – мектеп бітіруші түлектер. Қорытынды аттестаттаудан  денсаулығына байланысты он оқушы босатылды. Түлектердің 79 пайызы, яғни, 3935-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. 154 оқушы «Алтын белгі», 95 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды.

Білім бәйгелерінде Атыраудың дарынды оқушыларының жеткен жетістіктері де аз емес. 12 оқушы халықаралық, 51 оқушы республикалық пәндік байқаулардың жеңімпаздары атанды. Мектеп бітіруші түлектердің ішінде халықаралық, республикалық олимпиадалар, ғылыми жобалар сайыстарының, әртүрлі білім, өнер додаларының 17 жеңімпазы мен жүлдегері бар.

ҰБТ – жетілдірілген  форматта!

Түлектер үшін білім берудегі сынақтың ең бастысы – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл сынақ биыл жетілдірілген жаңа форматта екінші мәрте өткізілуде. Оқу жылы ішінде ҰБТ-ны өткізу бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Биыл ҰБТ облыс бойынша сегіз тестілеу орталығында өтуде. Әр ауданда арнайы бе-кітілген мектепте және облыс орталығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ұйымдастырылуда.

Тестілеуді өткізу пункттерін техникалық құралдармен жабдықтау үшін жеті миллион теңгеден аса қаражат бөлінді. ҰБТ-ға қатысушы 2671 түлекті тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылды. Барлық оқушылар сумен, 552 оқушы тамақпен қамтамасыз етілуде.

????????????????????????????????????

Жаңартылған  оқу – тиімді

Елімізде биыл 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Облыстық білім беру басқармасынан алынған мәліметке сүйенсек, келесі жылы 3, 6, 8, 10 сыныптар, 2020 жылы 4, 7, 9, 11 сыныптар білім берудің жаңа мазмұнына ауысып, бұл үрдіс 2021 жылы толық аяқталады.

Сегізінші-тоғызыншы сыныптарда  химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізіліп, пилоттық режімде оқыту 12 мектептегі 15 сыныпта жүзеге асуда. «Білім-инновация» лицейі, үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған №30 мектеп-гимназия, қыздар лицейі мен Жылыой лицейінде аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту пилоттық жоба түрінде енгізілді, – дейді басқарма басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова.

2019-2020 оқу жылында 10-11 сыныптарда информатика, химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде оқыту үшін мұғалімдерді даярлау жұмыстары да жүргізілуде. Аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту 2018-2019 оқу жылы 10 сыныпта, 2019-2020 жылдары 11 сыныпта тереңдетілген және стандарттық деңгей бойынша оқушылардың таңдауымен жүргізіледі.

Кәсіптік  бағдар – тегін

«Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру». Мемлекет тарапынан жаңа мамандық алу үшін қолға алынға жоба осылай деп аталады. Сондай-ақ, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында ақылы және тегін білім алуға болады.

Үздік оқытушылардың бейнесабақтарын интернет арқылы қолдану, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тарту қажеттіліктері де назардан тыс қалмаған. Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Үш тілді еркін меңгеру өз елімізде ғана емес, жаһандық әлемде өмір сүрудің және нағыз азаматтық қоғам құрудың кепілі екені Жолдауда баса көрсетілген.

Жұмыспен нәтижелі қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес, облыстағы 25 техникалық кәсіптік білім беру ұйымының 12-інде жұмысшы мамандықтарын тегін оқыту ұйымдастырылған. Оқу орындары жұмысшы мамандықтарын оқыту үшін қосымша 32 лицензия алды.

2358 студент «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты негізінде тегін жұмысшы мамандықтарына кәсіптік оқуға қабылданды. Бұл ретте 9, 11 сыныптың түлектері, бұрын мектеп бітіріп оқу орындарына түспегендер, жұмыссыз жастар қамтылған. Бағдарламаға қатысушылар оқуына ақы төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, бір реттік ыстық  тамақпен, шәкіртақымен, жол жүру ақысымен қамтамасыз етілді.

Мұғалім мәртебесі

Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында, білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын келер жылдан бастап 30 пайызға көбейту жоспарлануда. Бұл ретте облыс педагогтары санаттылықтарына қарай бірінші лектегі арнайы сынақ тапсырып, мәртебесін айқындауға құжаттары жасақталды. Бүгінде ол белгіленген комиссияның қарауында.

Сонымен қатар, 2018 жылы санаттар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін санаттардың жаңа кестесін енгізу жоспарлануда. Санаттар бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы берілді. Нәтижесінде мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30-дан  50 пайызға дейін өседі.

Сынақ тілін өзіңіз таңдайсыз

Биылғы ҰБТ-ны өткізудегі бір ерекшелік: тестілеуді үш тілде тапсыру енгізілді, яғни, тест тапсырушы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін өз таңдауы бойынша қай тілде тапсырғысы келсе, сол тілді таңдауға ерікті. Облыс бойынша ҰБТ тапсыратын 3935 мектеп бітірушінің ішінде 22 оқушы аталған сынақты ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдірді.

Дайындағандар: Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз