Жарнама
Білім

Бәрі де ұрпақ игілігі үшін…

Білім – кез келген мемлекеттің ілгерілеуі мен өркендеуінің басты тірегі, ұлт болашағының негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру саласын дамыту – экономикалық жаңғырудың өзегі екенін ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, адам капиталының сапасын арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні ерте жастан меңгеру – уақыт талабы.

Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өңірде ауқымды жұмыстар қолға алынып, нақты нәтижелер көріне бастады. Әсіресе жаңа мектептердің салынуы, кадр тапшылығын жою, қосымша білім мен инклюзивті оқытуды дамыту бағыттарында бірқатар ілгері қадамдар жасалған.

Жаңғырған инфрақұрылым

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы елдегі үш ауысымдық және апатты жағдайдағы білім ұяларының проблемасын түбегейлі шешуді көздейді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бірнеше жыл бұрын бұл түйткілді 2025 жылға дейін толықтай еңсеру қажеттігін қатаң тапсырған еді. Осы мақсатта республика бойынша жаңадан салынуы тиіс 1200 мектептің игілігін әуелі Атырау халқы сезіне бастады.

Заман үлгісінде, соңғы құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа мектептердің құрылысы облыстағы білім саласының тынысын кеңейте түсті. Білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр жаңадан 3 мектеп шәкірт қабылдаса, биыл тағы 6 мектептің құрылысы аяқталмақ. Жыл соңына дейін Құрманғазы ауданының Құрманғазы, Ақкөл ауылдары мен Жылыой ауданының орталығында «Келешек мектебі» пайдалануға беріледі.

Жергілікті әкімдіктің қолдауымен де білім нысандары салынып жатыр. Жаңа оқу жылында Еркінқала ауылында 600 орындық, «Жұлдыз-2», «Жұлдыз-3» және «Ақсай-2» шағынаудандарында 900 орындық заманауи мектеп ғимараттары ел игілігіне ұсынылады. Қазір облыста жұмыс істеп тұрған 227 орта мектептің тек 8-інде ғана шәкірттер үш ауысыммен оқып жүр. Бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеп келеді. Жаңа ғимараттар мен жапсаржайлардың салынуы мен күрделі жөндеу жүргізудің арқасында мәселе біртіндеп шешімін табуда. Ал, облыстық білім беру басқармасының жоспары бойынша 2027 жылға қарай өңірде үш ауысымда оқытатын мектеп мүлде болмауы тиіс.

Алайда кез келген құрылысты уақытында аяқтауға кедергі келтіретін жайттар да жоқ емес. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтің айтуынша, кешігудің себебі негізінен мердігерлердің жұмысты дұрыс ұйымдастырмауынан. Жұмыс күші тапшы, кестеден ауытқу, сапасыз жұмыс, жобаның өзектілігін жоғалтып, нарықтағы өзгерістерге байланысты қайта қаралуы, тіпті сот процестерінің созылуы да салынған ғимараттың дер кезінде тапсырылмауына сеп.

Мұғалімге баспана – басты қолдау

Қай өңірде де білім сапасын арттыру әуелі білікті кадрға байланысты. Соңғы жылдары қолға алынған жүйелі шаралардың ішінде министрлік бастамасымен жүзеге асып жатқан «Мың көшбасшы» жобасының орны айрықша. Жоба мектепті тиімді басқаруды үйретіп қана қоймай, жаңа буын басшыларын даярлауға бағытталғанымен құнды. Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, былтыр осы бағдарлама аясында облыста 10 мектеп директоры тағайындалса, биыл тағы 21 түлек оқуын тәмамдап, білім ошақтарына жетекшілік етуге кірісті.

Ерекшелігі сол, мамандар директорлық қызметке конкурссыз қабылданады. Жыл соңына дейін бос тұрған 80-нен астам директордың орны жаңа кадрмен толықпақшы. Бұл басқару жүйесін жаңғыртып, салаға да жаңа серпін бермек.

Дегенмен проблема тек басқарушы буында емес. Пән мұғалімдерінің тапшылығы да өңір үшін өзекті күйінде қалып отыр. Әсіресе, аралас және орыс тілінде білім беретін мектептерде тарих, физика, математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді.

Әйтсе де олқылықты жоюдың жолы бар: 2017 жылдан бері өңірлік білім гранттары бөлініп, оның саны жыл сайын артып отыр. Облыстық басқарма биылғы көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 43 пайызға артып, 268-ге жеткенін мәлімдеді. Бұл – болашақ мұғалімдер үшін үлкен мүмкіндік, сонымен қатар өңірге келешекте қажетті кадр қорын қалыптастыруға негіз болмақ.

Сонымен бірге педагогтерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары да жүйелі түрде іске асып келеді. Облыс әкімі Серік Шәпкенов «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен тамыз мәслихатында биылдың өзінде 81 ұстазға қызметтік баспана сатып алу жоспарланғанын айтқан еді. Әсіресе, өзге өңірлерден келіп, Атыраудың білім сапасын арттыруға үлес қосқысы келетін жас мамандарға арнайы жеңілдіктер қарастырылыпты. Олардың арасында «Мың көшбасшы» жобасынан өткен басшылар да, орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдер де бар. Арнайы бағдарлама аясында мәселе шешімін тауып, «Отбасы банк» жүйесі арқылы жеңілдетілген несие беру тетігі де жүзеге аспақшы.

Кейінгі кезде қоғамда ұстаз болуға жастардың қызығушылығы артып келе жатыр. Бұл әуелі мемлекет тарапынан жасалып жатқан жан-жақты қолдаудың нәтижесі екені сөзсіз. Мұғалім мәртебесін көтеру, әлеуметтік жеңілдіктер мен тұрғын үй мәселесін шешу, кәсіби өсуге жағдай жасау жайы бір арнада тоғысып, осы салаға көзқарастың түбегейлі өзгеруіне ықпал етіп отыр. Соның арқасында болашақта өңірде білікті педагогтердің саны артып, білім сапасы да жаңа деңгейге көтеріледі деген сенім бар.

Өзара бәсекелестік артты

Маусым айынан бастап өңірдегі барлық қосымша білім беру мекемелері пилоттық негізде «Бір балаға – бір жолдама» қағидаты бойынша ваучерлік жүйеге енгізілген. Жаңа тәсілдің басты ерекшелігі – балалардың қосымша үйірмелерге қайталанып жазылуын болдырмауында. Осы арқылы қамтылатын оқушылардың саны артып, кезектегілер саны азайыпты. Мұндай жүйе ашықтықты қамтамасыз етуімен де құнды. Әрбір бала нақты таңдау жасай отырып, өзіне қажетті үйірмеге қатысуға мүмкіндік алады, ал ата-ана қаражаттың қалай және қайда жұмсалып жатқанын толық бақылап отырады. Бұл тәсіл қоғамда әділдік пен сенімділікті арттырып, қосымша білім берудің қолжетімділігін кеңейтті.

Биыл 1 шілдеден бастап Атырау қаласындағы 171 мектепке дейінгі мекеме де қаржыландырудың жаңа форматына көшті. Оның ішінде 47 мемлекеттік және 124 жекеменшік балабақша «ақша баланың соңынан жүреді» қағидатына сәйкес жұмыс істей бастады. Бұл модель бұрынғыдай қаражатты белгілі бір мекемеге бірден аудармай, баланың нақты таңдауына қарай бөлуге негізделген. Егер бүлдіршін балабақшаға бармаса немесе үйірмеге қатыспаса, қаражат төленбейді. Осылайша бюджет қаржысы үнемделіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары да күшейтілмек. Сонымен қатар ата-анаға таңдау құқығын беру арқылы жекеменшік пен мемлекеттік мекемелер арасында бәсекелестік артып, қызмет сапасының жақсаруына жол ашылады.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл соңына дейін өңірде жалпы сыйымдылығы 810 орындық бес балабақша ғимараты ел игілігіне ұсынылмақшы. Бұған қоса, жекеменшік балабақшаға қосымша мемлекеттік тапсырыс беру арқылы жаңадан 4200 орын ашу жоспарланған. Бұл қадам мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейін айтарлықтай арттырып, ата-аналардың кезекте тұру мәселесін шешуге бағытталған.

Сонымен қатар республика көлемінде өз тиімділігін дәлелдеген «Беске дейін үлгер» және «Тілге бойлау» жобалары облыстың барлық балабақшаларында толық енгізілді. Бұл бағдарламалар бүлдіршіндердің ерте жастан қабілетін дамытып, тілдік ортаға бейімделуіне және мектепке дейінгі кезеңнен бастап білімге қызығушылығын арттыруға зор ықпал етеді.

Жаңа жүйенің тағы бір артықшылығы – ата-ана мен балаға таңдау еркін беруінде. Мәселен, бала бір спорт үйірмесін ұнатпай қалса, еш қиындықсыз басқа үйірмеге ауыса алады. Мұндай мүмкіндік мәдениет пен спорт бағытындағы үйірмелерге де берілген, оны қаржыландыру білім саласы арқылы жүргізіледі.

Жазықсыз жауапқа тартылмайды

Мемлекет басшысы Жолдауда ұстаздардың құқығын қорғау мәселесіне айрықша тоқталды. Яғни мұғалімдерді педагогтік қызметке қатысы жоқ міндеттерден босату қажеттігін нақты атап көрсетті. Егер жергілікті атқарушы органдар тарапынан заң өрескел бұзылып, педагогке орынсыз міндет жүктелсе, оған прокуратура органдары араласуы тиіс. Оқушы жазатайым жағдайға ұшырап қалса да, мұғалімді жазғыруға жол берілмейді.

Тәрбие мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап меншік нысанына қарамастан барлық білім беру мекемесіне «Адал азамат» атты біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Ол жас ұрпақты елжанды, әділ, адал азамат етіп тәрбиелеуді көздейді екен.

Жыл басында ашылған 60 штаттық бірлігі бар Психологиялық қолдау орталығына тәжірибелі психологтер мен әлеуметтік педагогтер жұмысқа қабылданыпты. Тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны арқылы кез келген ата-ана, педагог немесе оқушы көмекке жүгіне алады.

Соған қарамастан, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық саны азаймай тұр. Бұл қалың бұқараны қобалжытып, ата-анаға қосымша жауапкершілік жүктейді. Өйткені заң бойынша балалар үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан қаралады. Енді ата-анаға өз баласына жауапкершілікті күшейту қажеттігі ескертілуде. Ал білім беру мекемелері ата-аналар комитетінің жұмысын жандандырып, мектеп пен отбасының байланысын нығайтуы тиіс. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі елдің тірегі, мемлекеттің болашағы.

Ерекше бала ескерусіз қалмайды

Инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Ерекше білім беруді қажет ететін балдырғандардың сапалы білім алып, әлеуметке бейімделуіне және қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау – өркениетті қоғамның басты көрсеткіші. Осы бағытта өңірде де ауқымды жұмыс бар. Әсіресе соңғы жылдары қабылданған шешімдер оларға көрсетілетін қолдаудың кеңеюіне және олардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Өткен желтоқсанда Атырау және Құлсары қалаларында екі психологиялық-педагогикалық-медициналық консультация және Құлсарыда бір психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылып, инклюзивті қолдау желісі айтарлықтай кеңейтілді. Әсіресе, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Құлсарыда салынған үш қабатты жаңа ғимарат – осы саладағы ең ірі нысандардың бірі. Мұндай орталықтардың ашылуы ерекше балаларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, кезекті азайтуға да зор ықпал етеді. Ата-ана бұрынғыдай баласын қашықтағы қалаға апарып, ұзақ кезек күтудің машақатына тап болмай, өз өңірінде қажетті көмекті ала алатын жағдайға жетіп отыр.

Бұл бағыттағы қолдау тек ірі орталық ашумен шектелмейді. Жергілікті бюджет есебінен де ауқымды жұмыс жасалып жүр. Биылдың өзінде мүмкіндігі шектеулі 300 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге мемлекеттік білім беру тапсырысы беріліп, оған 194 миллион теңге қаралды. Қазір өңірде 28 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істеп тұр. Бұл кабинеттер ерекше білім беруді қажет ететін балаларды мектепте оқытумен қатар, қажетті түзету сабағын алуға мүмкіндік береді. Демек бұл – олардың білім алу сапасын арттыру қызметі. Жаңа оқу жылында жаңадан тағы 2 кабинет ашылмақшы.

Сонымен бірге мемлекет деңгейінде қабылданған бастамалар да өңірде қолдау тапқан. Мемлекет басшысының 14 наурыз күні Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес, келешекте Атырау қаласында аутизм орталығын ашу көзделіп отыр. Бұл жаңалық аймақтағы ата-аналардың көптен күткен үмітін ақтайды деуге болады. Өйткені мұндай орталық балалардың ортаға бейімделіп, сөйлеу және қарым-қатынас дағдыларын дамыту арқылы өзіне сенімді болуына зор ықпал етеді. Сонымен қатар ата-аналарға да кәсіби кеңес беріліп, отбасылық қолдау тетіктері қарастырылады.

Түйін

Осылайша, халыққа Жолдауында Президент айтқандай: «Бізге сапасы жоғары адами ресурстар қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек!..»

Өйткені білім беру саласындағы ауқымды өзгерістер – дәл осы талапқа сай ұрпақ тәрбиелеудің берік іргетасы болмақ.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button