Жарнама
Білім

Атырауда жастардың рухани иммунитетін нығайтуға арналған қалалық форум өтті

Қазіргі қоғамда жастардың рухани тұрақтылығы мен сана тәрбиесі – ел болашағы үшін аса өзекті мәселе. Ақпарат легі мен жаһандану ықпалы күшейген заманда өскелең ұрпақтың санасын теріс идеологиялардан, жат ағымдардан, жалған ақпараттардан қорғау – тек отбасының немесе мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осы өзекті тақырып аясында Атырау қаласында «Жастардың рухани иммунитеті – қоғам мен білім беру ұйымдарының ортақ жауапкершілігі» атты қалалық форум өтті.

Форумды Атырау қаласы білім бөлімі ұйымдастырды. Жиынның негізгі мақсаты – жастардың рухани иммунитетін ұлттық құндылықтар мен зайырлы қоғам қағидаттары негізінде қалыптастыру, сонымен қатар білім беру ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейту болды.

76daba65 cae0 40ac 9217 27698e3483e7

Форумға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дін саласының мамандары және педагогтар қатысты. Сондай-ақ, қаладағы 9–11 сыныпта оқитын 14 мыңға жуық оқушы онлайн форматта шараны тамашалады.

Форум модераторы – Атырау қаласы білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова өз сөзінде жастардың рухани тұрақтылығы мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиенің маңызын атап өтті. Ол «Рухани иммунитет – әрбір жастың ішкі қорғанысы, ал оны қалыптастыру білім мен тәрбиенің, ата-ана мен ұстаздың және қоғамның бірлескен еңбегін қажет етеді» деді.

2bffe92e 7f18 4c00 a813 2e29b404992b

Жиында Атырау қалалық прокурорының орынбасары Ерлан Қакиев «Жалған терроризм әрекеттері» тақырыбында баяндама жасап, құқықтық сауаттылық пен жауапкершілік мәселесіне тоқталды. Ол жастардың әлеуметтік желілерде немесе ойын ретінде жасайтын кейбір әрекеттерінің қаншалықты ауыр құқықтық салдары болатынын нақты мысалдармен түсіндірді.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев өз сөзінде «Білім мен тәрбие бірлігіндегі рухани тұрақтылықтың маңызына» тоқталып, зайырлы қоғамда жастардың рухани ізденісін дұрыс бағыттау қажеттігін атап өтті.

49d89168 a3ce 4508 9966 9671cb07d84b

«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теолог маманы Ринат Орынғалиев «Жастардың діндарлануы: үдерістен үрдіске дейін» атты баяндамасында қазіргі жастардың діни ақпаратты дұрыс талдай алмау қаупін тілге тиек етті.

Облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Орынгүл Жанғалиқызы «Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстардың жай-күйі» тақырыбында баяндама жасады. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу мен отбасылық бақылаудың маңызына тоқталды.

Дін істері басқармасының «Ақпараттық-талдау орталығының» маманы Исатай Ғизатов «Заң және дін: зайырлылық құндылықтары» тақырыбында сөйлеп, мемлекет пен дін қатынасының заңды негіздерін түсіндіріп өтті.

Облыстық полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Әуез Қуанышкереев мектеп оқушыларына арналған «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453 және 490 баптарын түсіндіру» тақырыбындағы баяндамасында құқықтық ізгілік пен жауапкершілік идеяларын насихаттады.

329f042d 3c11 4a1c 9f2e f6a1cffc4a1d

№50 жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құрмангүл Ахмедьярова «Мектеп кеңістігіндегі рухани тәрбие: жаңа көзқарас және ортақ жауапкершілік» атты баяндама жасап, мектептегі рухани тәрбие жүйесінің заманауи бағыттарын ұсынды.

Ал педагог-психолог Мұрат Абди «Баланың тәрбиесіндегі TikTok па, әлде ата-ана ма?» атты өзекті тақырыпта сөйлеп, әлеуметтік желілердің балалар психологиясына әсері мен ата-ананың рөлін талдады.

Форум соңында қатысушылар жастардың рухани иммунитетін күшейту бағытындағы ұсыныстарды талқылап, білім беру ұйымдары мен қоғам арасындағы байланысты нығайту қажеттігін айтты.

Атырауда өткен бұл форум тек пікір алмасу емес, болашақ ұрпақтың рухани болмысын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button