Жарнама
Білім

Атырауда мұғалім оқушыға қол көтерді

Сабақ кезінде мұғалімнің алтыншы сынып оқушысына қол көтергені белгілі болды. Атыраудағы Зейнолла Қабдолов атындағы №40 мектепте орын алған оқиға қоғам назарын өзіне аударды. Қазір бұл жағдайға байланысты тиісті тексеріс жүргізілуде.

Оқиға 6 «Д» сыныбында бақылау жұмысы кезінде болған. Оқушының анасы Әйгерім Болатқалидің айтуынша, ұлы Айбат Әли құлағының ауырып тұрғанын айтқан сәтте кезекші мұғалім Әсет Әнуарбекұлы келіп, шапалақпен ұрған. «Ұлымның құлағы бірнеше сағат бойы қызарып, ауырып тұрды. Кейін мұғалім “тыныш отырмаған соң аздап қана шапалақпен ұрдым” деп түсіндірді», – дейді баланың анасы.

Дәрігерлер баланы қарап, оның жарақат алғанын растаған. Анасы полицияға арыз түсіріп, ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы бойынша («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, қатыгездік таныту») іс қозғалды. Әйгерім Болатқалидың айтуынша, оқиға ұлына қатты психологиялық соққы болған: «Мұғалім ірі денелі адам, ұлым қатты қорқып қалды. Шапалақтан кейін басын бұра алмай қалды. Егер ұстаз өз эмоциясын басқара алмаса, оған психологтың көмегі қажет деп санаймын», – дейді ол.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары басталған. «№40 Зейнолла Қабдолов атындағы жалпы білім беретін мектеп әкімшілігі тарапынан ата-ананың арызы бойынша тексеріс жүргізілуде. Мұғалімнің әрекетіне қатысты тағайындалған тексеріс аяқталғанға дейін ол уақытша жұмыстан шеттетілді. Ата-ананың арызы бойынша тиісті органдар қорытынды шығарады», – делінген басқарманың ресми хабарламасында.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Сурет ашық дереккөзден алынды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button