
Атырауда «Келешек мектептері» педагогтері тестілеуден өтуде
Атырау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында мұғалімдердің базалық деңгей курстарынан кейінгі тестілеуден өтті. Бұл сынақ – педагогтердің кәсіби даму сапасын бағалау және курстар барысында меңгерген білімдерін тәжірибеде қолдануға дайындығын анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

29-31 қазан күндері тестілеу Атырау қаласындағы №46, №47, №48 және №50 мектептер базасында өтуде. Барлығы 197 педагог қатысты:
• №50 мектептен – 70 педагог,
• №48 мектептен – 74 педагог,
• №47 мектептен – 37 педагог,
• №46 мектептен – 16 педагог.

25 сұрақтан тұратын тестілеуге 80 минут уақыт берілді. Негізгі мақсат – пән мұғалімдерінің базалық құзыреттерін анықтап, кәсіби біліктілік деңгейін айқындау.
Тестілеу нәтижесінде педагогтердің дайындық деңгейі сараланып, әр қатысушыға кәсіби дамуын одан әрі жетілдіруге арналған жеке ұсынымдар беріледі.
Бұл жұмыс – өңір ұстаздарының кәсіби өсуіне, біліктілігін арттыруға және сапалы білім беру жүйесін дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Айта кетелік, жоба аясында мұғалімдер бұған дейін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – «Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты» ұйымдастырған базалық деңгейдегі курстардан өткен болатын. Курстар 11 пәнді қамтыды: бастауыш сынып, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика, информатика, физика, химия, биология, география және тарих.
Мәлике МӘЛІК


