
Атырауда білім беру көшбасшылары тәжірибе алмасты
Атырау қаласында білім беру бөлімдерінің өкілдері мен мектеп директорларының басын қосқан ауқымды оқыту тренингі өтті. Іс-шараны «El Umiti» корпоративтік қоры облыстық білім беру басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.

Бағдарлама барысында қатысушыларға «El Umiti» қорының білім беру бағытындағы бастамалары таныстырылып, «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды.
Сонымен қатар «Smart Ustaz» жобасы аясында басқарушылық дағдыларды жетілдіруге арналған, ал «Qabilet» жобасы бойынша оқушылардың қабілетін анықтау және 4К дағдыларын дамыту әдістеріне қатысты тренингтер өткізілді. Музыка және әдебиет пәні мұғалімдері үшін «Aitys» жобасы аясында айтыс өнерінен тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды.

2019 жылы құрылған «El Umiti» қоры бүгінде еліміз бойынша миллионнан астам қатысушыны қамтыған оннан астам әлеуметтік-білім беру жобасын жүзеге асырып келеді. Атырау өңірінде «Qabilet» пен «Smart Ustaz» бағдарламалары ерекше қарқынмен дамып, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға және балалардың қабілетін ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

– Семинарда оқу үдерісіндегі жаңа технологиялар мен 4К дағдыларын дамыту әдістері, сондай-ақ «Qabilet» және «Smart Ustaz» жобалары жөнінде тренингтер өткізіліп, озық тәжірибелер талқыланды. Жалпы, бұл қор бұған дейін де көптеген игі шаралардың бастамашысы болып келеді. Мысалы, З.Қабдолов атындағы №40 мектепте осы қордың қолдауымен инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, бүгінде бес жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді, – дейді З.Қабдолов атындағы №40 жалпы білім беретін мектептің директоры Жанаргүл Атшыбаева.

Мәлике МӘЛІК



