
Ата-аналар жаңа мектептің тынысымен танысты
Атырау қаласының “Жұлдыз-2” шағынауданында жаңа білім ордасы – №48 жалпы орта мектептің ашылуы өңірдің білім беру саласы үшін айтулы оқиға болды. Бұл оқу орны мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында бой көтерді. Жоба шеңберінде аймақта барлығы тоғыз жаңа мектептің құрылысы қолға алынған еді. Өткен жылы олардың үшеуі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы алты мектеп оқушыларға есігін ашпақ. Солардың бірі – бүгінгі таңда жұмысын бастаған заманауи үлгідегі №48 мектеп.

Жаңа білім ошағы оқушылардың терең білім алуына, жан-жақты дамуына барлық жағдаймен қамтылған. Мұнда қажетті құрал-жабдықтар толық орнатылып, ұстаздар қауымы үшін де қолайлы орта қарастырылған. Әсіресе қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылып, заманауи бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырылған. Әрбір баланың алаңсыз білім алуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар ерекше білімді қажет ететін балалар үшін де тиісті жағдай жасалған.

Мектеп ұжымының сапалы білім, саналы тәрбие беруіне барлық мүмкіндік қарастырылып отыр. “Ашық есік” күні ұйымдастырылып, мектеп директоры Орынгүл Қуандықова ата-аналарды қарсы алып, жаңа ғимараттың материалдық-техникалық базасымен таныстырды. Қонақтар заманауи жабдықталған сыныптарды, зертханаларды, арнайы кабинеттерді аралап, білім ошағының әлеуетіне куә болды.

Мектеп басшысы Орынгүл Қуандықованың айтуынша, мектеп құрылысы өткен жылы басталып, қысқа мерзімде аяқталды. Жобалық қуаты 900 орынға есептелгенімен, сұранысқа байланысты мұнда 1300 оқушы білім алады деп күтілуде. Жалпы аумағы 10,8 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимаратта 52 сынып орналасқан. Әр сыныпта 25 оқушыдан білім алуы көзделген. Құрылыс құны 6,4 миллиард теңгеден асты.

Мектептің меншік иесі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, ал мердігер мекеме – «JM Capital» ЖШС. Жаңа мектеп мектепке дейінгі даярлықтан бастап, бастауыш, орта және жоғары сыныптарға дейінгі білім берудің барлық деңгейін қамтитын толыққанды оқу мекемесі ретінде жұмыс істейтін болады.



Еркеназ ҚАЛИЖАН



