
Аниме мен Minecraft: Атырауда ұстаздар жасанды интеллектінің қыр-сырын меңгерді
Қазіргі оқушыларды дәстүрлі тәсілмен оқытып, оқулықтағы мағлұматтармен баурай алмайсың. Жаңа сабақты қызықты етіп өткізу үшін ұстаздарға біраз тер төгуге тура келеді. Өйткені, көз ашқаннан TikTok пен YouTube-тан түрлі-түсті бейнежазбаларды көріп өскен альфа ұрпаққа мүлдем басқаша әдістер қажет. Ал жасанды интеллект, цифрлық технологиялар дәуірінде шәкірт жүрегіне жол табу үшін мұғалімдер де заман талабына сай болып, саланы бес саусақтай меңгеруі тиіс. Мұнайлы өлке педагогтеріне арналған «Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар: ілгері деңгей» форумында осынау мәселелер қамтылды. Бұл — мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесін цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асқанының айқын дәлелі болса керек.

Иә, бүгінде бір ғана кітаптағы мәліметтерменоқушыларды таң қалдыра алмайсың. Оладың зейінін аша түсу үшін мультимедиалық құрал-жабдықтардың көмегі аса қажет. Әсіресе, бесіктен елі шықпай жатып, ютубтағы әндерді тыңдап, әлеуметтік желілердегі видеоларды көріп өскен жас ұрпақты білім нәрімен сусындату оңай болмай тұр. Сол себепті, қазіргі ұстаздар да жаңа сабақты шәкіртке жан-жақты жеткізу үшін заманауи тәсілдерді меңгере бастады. Айталық, биология пәнінің мұғалімі Марат Айтқалиевтың«секундпен оқимыз» жобасы ел ішінде кеңінен танылып, министрлік, тіпті мемлекет басшысының да назарын аудартыпты.

Шын мәнінде, «альфа ұрпақтың альфа ұстазы» атанып кеткен Марат Айтқалиев бұл әдіс-тәсілді 10-шы сынып оқушыларының биология пәніне деген қызығушылығын оятып, сабақ оқуға деген ынтасын арттыру үшін ойлап тауыпты. Яғни ұстаздың бастамасымен «инстаграмнан» парақша ашылған. Мұғалім сабақты жаңа парақшадағы оқырмандар санына байланысты уақыт аралығында өткізген. Мәселен, 3 оқырман болса 3 секунд қана сабақ болған. Мұндай жаңалықты күтпеген оқушылар ұстазын қолдай кеткен. Сөйтіп, уақыт өте келе парақшаның да әлеуметтік желіде белсенділігі артып, жазылушылар саны көбейген. Тіпті, шынайы аудитория ұстаздар мен оқушыларға тәттілер жіберіп қолдау білдірген. Сабаққа қызығушылығы артқан жасөспірімдер ұстазымен бірге кейінгі сабақтардың бірін тау арасында өткізуді ұйғарыпты. Осылайша, оқушылар жыл бойы қамтитын тақырыптарды бір тоқсанда қамтып үлгерген. Оның үстіне, есіл-дерті әлеуметтік желі, блогер болу болған жастардың білім алуға деген ынтасы артқан. Бұл жобаға өнер жұлдыздарының, кейін министрдің де назары ауып, халық арасында кеңінен насихатталған. Тіпті, ұстаздың бастамасына разы болған оқырмандар оларға ақша жіберген. Ол сома бақандай 400 мың теңгеге жетіпті.
– Оқырмандар саны бірнеше мыңға жеткеннен кейін сабақ оқу уақыты ұлғайды. Осылайша, олардың да қызығушылығы пен ынтасы артты. Өзім ұстаз болған соң білім беру тәсілдерін пайыздық мөлшерлемемен салыстырып отырамын. Көңілге түйгенім, жаңа әдістер шынымен де оқушылардың білім деңгейін арттыруға оң септігін тигізді. Мысалы, альфа ұрпаққа жасушылар туралы тақырыпты тақтаға жазып түсіндіргенмен, кішкентай кездерінен көріп өскен Minecraft ойыны арқылы түсіндірген мың есе артық. Қазір біз балаларды сабақ кезінде білім беруге талпынсақ, Жапония секілді дамыған елдер оқушыға қосымша білімді қалай қызықты етіп жеткіземін деп жанталасып жатыр. Сондықтан, жасанды интеллектіні білім беру жүйенсіне енгізу арқылы жастарымыздың білім мен ғылымға деген құштарлығын арттыруымыз қажет,-дейді Марат Айтқалиев.
Форум облыс әкімдігінің қолдауымен EdCrunch Academy ұйымдастырған. Аталған ұйым ТМД елдеріндегі педагогтар мен мектеп директорларының біліктілігін арттыру бойынша жетекші институтболып саналады. Сондай-ақ білім беру саласындағы инновациялар мен технологияларға арналған Еуразиядағы ең ірі халықаралық EdCrunch Conference конференциясының ұйымдастырушысы. Ең ірі халықаралық білім беру конференциясының негізін қалаушы педагогтар алдында сөз сөйледі. Amansultan платформасының негізін қалаушы Нұрлан Киясов «MAIL: Медиа және жасанды интеллект сауаттылығы» тақырыбын ашып көрсетті. Оның пікірінше, мұндай бастамалар Қазақстанның білім беру саласындағы халықаралық беделіне тікелей әсер етеді. «Педагогтардың біліктілігін арттыру, әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласында, — бұл сән емес, әлемдік деңгейге шығудың негізгі талабы. Егер біз жасанды интеллект сауаттылығын меңгермесек, PISA және өзге де халықаралық зерттеулердегі көрсеткіштерімізді жақсарта алмаймыз. Біздің міндетіміз — мұғалімдерді тек дәріс оқитын емес, технологиялық тәлімгерге айналдыратын тәжірибелік құралдармен қамтамасыз ету. Тек сонда ғана біз тұтынушы емес, жасанды интеллектті өз қолымен жасай алатын ұрпақ тәрбиелейміз»,-дейді ол.

Оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруда заманауи трендтерді қолданып жүрген EdCrunch Academy форум барысында ұстаздарға ұзын-сонар дәрістерден гөрі көп мағлұматты тәжірибе түрінде қолдануды ұйғарыпты.
–Мұғалімдер қазір ChatGPT-ді меңгеріп алды. Сол арқылы қазір сабақ жоспарын жазып, видеолар жасауды біледі. Ал бағдарламалау біліктілігінсіз бағдарлама жасауды әлі екінің бірі біле бермейді. Сондықтан, біз осы алаңда, осы сәтте бірінші жобамызды жасадық. Сабақта қолдануға арналған викторина құрастырып үйрендік. Ақпарат мейлінше жеңіл «тілде» жеткізілгендіктен форумнан кейін ұстаздар өздерінің бағдарламаларын бірден жасап кетеді деген сенімдемін, -дейді ЖИ бойынша тренер, блогер Айгерім Балғабекова.
Білім беру жүйесіндегі жасанды интеллект туралы сөз қозғалғанда тағы бір мәселенің басы қылтиятыны белгілі. Яғни, үй тапсырмасын ChatGPT-пен орындап, кез-келген сұраққа жауапты жасанды интеллектінің көмегімен біле алатын жастардың нейрондары әлсіреп, ойлау қабілеті төмендеп етпей ме деген орынды сауал туындайды. Осынау маңызды тақырыптың жауапбын біз «альфа ұстаздан» білген болатынбыз.
–Білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу әлемдегі маңызды мәселе екені даусыз. Қазір біз оны сабаққа енгізіп, дамытуға міндеттіміз. Жалпы, біздің ақпаратымызды орта буын ұстаздар да жақсы қабылдады деп ойлаймын. Өйткені, мидағы шекараны бұзу арқылы біз жетістікке жете береміз. Белгілі бір ережелерді бұзып, дәріс өткізу қазір маңызды болып тұр. Anime, Minecraft, TikTok секілді платорфмалары қолдана отырып сабақ оқыту қажеттілігі күн санап артып келеді. Әлемдік аренада ешкімнен қалыс қалмағанымызды көрсеткіміз келеді.
Расында да, калькулятор шыққан кезде адамзат ойша есептеуді ұмытты. Сол секілді қазір ChatGPT-де барлығы әзір. Әрине, ол нейрондық байланысқа кері әсер етеді. Десек те, біз заман талабына бейімделуіміз керек. Өйткені, болашақ та осы жасанды интеллектімен тікелей байланысты,- дейді Марат Айтқалиев.

Жалпы, 1700-ден астам мұғалімді қамтыған екікүндік интенсивтің де басты мақсаты сол – педагогтердің әдістемелік және цифрлық құзыреттіліктерін арттыру, білім беру процесінде жжасанды интеллект ққралдарын тиімді қолдану тәжірибесін тарату.
–Бұл форум — мұғалімдер үшін кең, ауқымды мүмкіндік беретін алаң. Мен математика пәнінен сабақ беремін. Жұмысымның барысында жасанды интеллектіні қолданып, жаңа тақырыпты мультфильм, комикс түрінде жасап түсіндіріп келемін. 7 жылдық ұстаздық тәжірибемде былтырғы оқу жылынан бастапжасанды интеллектіні енгіздім. Шынымен де балалардың қызығушылығы жоғары. Бұл форумда өз пәніме жақырынақ сала Anime көңіліме қонды. Енді осыны сабақ кезінде тізрек қолдануға асығып отырмын, — дейді Индер ауданы, Жамбыл атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Айдана Досқалиева.
Жас ұрпақпен тікелей жұмыс істейтін мұғалімдердің жаңа технологияны жетік меңгеруі -уақыт талабы ғана емес, ұлт болашағына салынған инвестиция. «Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар: ілгері деңгей» атты форум Атырау өңірінің тек индустриалды емес, интеллектуалды әлеуеті де жоғары екенін көрсетті. Бұл алаң — болашаққа бет түзеген білім берудің нақты бағдарына айналды.
Сандық дәуірде жүректен-жүрекке жол табудың кілті – технологияны терең түсіну мен оны ізгі мақсатқа жұмсай білу. Ал бұл жолда ұстаздар қауымына артылар үміт те, сенім де жоғары.
Айбөпе САБЫРОВА



