Алақандай құралдың алапаттай зияны

Білім Рухани жаңғыру Қоғам

Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл. Қазір бәріміз – ұялы телефон мен компьютерге тәуелдіміз. Байланыссыз ісіміз уақытында бітпейді, ғаламторсыз жұмысымыз тоқтап қалады. Озық технологияның өмірімізге енгені соншалық, бүгінде бесіктен белі шықпаған сәби де қалта телефондағы әуенсіз ұйықтамайтын болды. Тіпті, баланы да смартфондағы бейнероликпен жұбатып, әлдилеуді әдетке айналдырдық. Мектептегі тапсырмалар, студенттердің білімін бағалау, баршаның бүгінгі өмірін смартфонсыз елестету мүмкін емес. Бұрынғы қолжазбалар тарихтың өткен шағында ғана айтылады. Қалай десек те, алақандай құралдың «көмегімен» біраз шаруаны тындырып жүрміз. Бірақ, замана көшіне ілесеміз деп, жаһандану дәуіріне жұтылып бара жатқан жоқпыз ба?

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ата-бабадан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді көздің қарашығындай сақтау – жас ұрпақ еншісіне бұйырған аманат. Тіпті, жарқын болашақ пен кемел келешек те «жастардың қолында» деп «ұрандататынымыз» ақиқат. Ал, кітап оқып, ой-өрісті дамытудың орнына, компьютер мен ұялы телефонға телмірген кейінгі буыннан не күтеміз? Ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған тарихи мол мұрамызды болашаққа жеткізетін кімдер? Қоғамды технологияға жіпсіз «байланған» номофобтардан
қалай арашалап аламыз? Тәуліктегі уақытының басым бөлігін ұялы телефонмен өткізетін жеткіншек қазақы салт-дәстүрлер мен ертегілерден хабардар ма? Би-шешен, батырларымыз жайында не біледі? Ал, алғашқы ұялы телефондар қалай пайда болды?

Негізі, XX ғасырда көптеген өнертапқыш әртүрлі ұялы телефонға ұқсас заттар ойлап таба бастаған. Олар көбінесе рацияларға ұқсаған. Әртүрлі компаниялар мен өнертапқыш адамдар бірге жұмыс істеген. Ұялы телефонмен жасалған алғашқы байланыстың тарихы 1973 жылдың 3 сәуірінен басталады. Сол күні Motorola компаниясының қызметкері, алғашқы ұялы телефонды ойлап тапқан өнертапқыш Мартин Купер өзінің бәсекелесі, Bell Laboratories компаниясы зерттеу бөлімінің бастығы Джоэл Энгелге телефон шалады. Жұмыс кабинетіндегі телефон тұтқасын көтерген Джоэл Энгелге Мартин: «Сен менің қайдан қоңырау шалып тұрғанымды білесің бе? Мен ұялы телефоннан хабарласып тұрмын» деген екен.

Кейін Купер бұл оқиға туралы «Оның не деп жауап бергені есімде жоқ, бірақ, тістерінің сықырлағанын естігендей болдым» депті. Осылайша, алғашқы ұялы телефонды ойлап тапқан өнертапқыш – Мартин Купер. Ол Motorola DynaTAC 8000X болған екен. Дегенмен, сол дәуірдегі ұялы телефон мен қазіргі смартфонның айырмасы жер мен көктей. Яғни, технология дамыған сайын олардың атқаратын қызмет аясы да кеңейе түсуде. Сондықтан, түрлі зерттеулер нәтижесі жасөспірімдер уақыттарының басым бөлігін ұялы телефон мен оның түрлі функцияларын пайдаланумен өткізетінін көрсетіп отыр.

Жастар арасында смартфон арқылы хаттарды жіберу, оны алу және оқу кең таралған. Алайда, психолог мамандар хат алмасу ешуақытта бетпебет әңгімелесудің орнын баспайтынын ескертеді. – Себебі, сөйлесу арқылы қатынас орнатудан басқа байланыс түрлері баяндау тәсілі мен сезімдерді жеткізуге нұқсан келтіретін көрінеді. Телефонды қолдануға тәуелді болған балалардың көбінің өз-өзіне сенімділігі төмендеп, олардың басқалармен қоғамдық қатынас орнатуы қиынға соғады. Сондай-ақ, ұзақ уақыт бойы ұялы телефонды қолданып, өз уақытын сөйлесу немесе хаттар жөнелтумен өткізген бала психикалық ауытқушылыққа душар болуы ықтимал, -деді тәжірибелі психолог Нәсіп Қуанова.

Оның үстіне, смартфонды үздіксіз пайдаланудың жеткіншек үшін зиянды жақтарының бірі – ойының бөлінуі және оқу үлгерімінің төмендеуі. Яғни, қалтафонды мектепке алып барып, сабақтан ойы бөлінген оқушының бағалары айтарлықтай төмендеген. – Негізі, оқу орнына смартфондар әкелуге тыйым салынған. Бірақ, онсыз тағы болмайды. Қоғамда жиі кездесіп жатқан түрлі келеңсіз жағдайларды естіп, көріп отырған соң, телефонсыз мектепке жіберуге қорқасың. Ата-аналардың басым көпшілігі оны баланы бақылап отырудың әдісі ретінде қолданады. Педофилизм өршіп, оқыс оқиғалар көбейген кезде оқушының өзін сабаққа жіберу қиын. Дегенмен, ата-ананың бәрінің бірдей оған мүмкіндігі жоқ. Ұялы телефонның зардабын біле тұра, оны пайдалануға мәжбүрміз, – дейді бізбен әңімесінде жас ата-ана Ләйла Қуанбаева.

– Жас ұрпақты қалыптастыру жолында ұялы телефон қолданып, пайдалануға үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені, оның жасөспірімдер үшін физикалық тұрғыдан да зардабы көп. Телефонның электромагниттік толқындары барлық жастағы топтарға қауіп төндіргенімен, басқаларға қарағанда балалар мен жасөспірімдерге көбірек нұқсан келтіреді. Кейбір еуропалық елдер адам көп жиналатын автобус сияқты қоғамдық орталарда ұялы телефонды қолдануды дұрыс деп санамайды. Себебі, телефонның толқындары тек пайдаланушының өзіне ғана емес, сонымен қатар, төңірегіндегі жандарға да әсер етеді. Жақында Швейцария мен Австрияда отбасыларға жасы 16-ға толмаған балалардың телефонды қолдануына ескерту жасалғанын газет беттерінен оқығанмын. Кейбір ғалымдар жүргізген зерттеудің нәтижелері ұялы телефонды қолдану мен мидың қатерлі ісігіне шалдығудың арасында байланыстың бар екендігін көрсетті, – дейді КСРО Білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Злила Шопанова.

Шын мәнінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мақсаты мен негізгі идеясы халықтың сана сезімін оятып, ұлттық дәстүрлерге ден қойып, киелі жерлерді танып білуге баулу, жер-су атауларының шығу тегіне үңіліп, тарихи тұлғалар есімін жас ұрпаққа таныту болатын. Алайда, осынау игі бастаманың түп-тамырына терең бойлай алмай, маңызын төмендетіп жүргеніміз өкінішті. Жуырда еліміздегі ауылдардың бірінде «Рухани жаңғыру» аясында жасөспірімдер арасында футболдан жарыс өтіпті. Ұлттық спортымыз болса бір сәрі, бірақ, футболдың «Рухани жаңғыруға» қандай қатысы бар? Мектепте
өткізілетін шаралардың дені осы бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылады. Сонда ән мен биден тұратын концерттің барлығы бірдей «Рухани жаңғыру» ма?

Қалай болғанда да, өзіміздің ұрпағымызды өзгелер тәрбиелеп бермейді. Рухани бай, саналы болашақты қаласақ, ұлттық құндылықтарымызды тар шеңберде шектемей, дәріптеу жұмыстарын мектеп партасынан бастау керек. Мәселен, қаладағы білім ордаларының бірінде батырлар жырынан жарыс өтіпті. Былай қарағанда, шағын ғана мектептегі кезекті шара болғанмен, оның тәрбиелік мағынасы зор. Шыны керек, қазір жаңылтпаш айтудан, жұмбақ жасырудан сайыстар сирек өтеді. Киелі жерлерді танып-білуге арналған экспедицияларды оқушылар арасында өткізсе қандай жарасымды?

Арамызда туған ауылының атауын толық білмейтіндер бар. Сондықтан, рухани құндылықтарды дәріптеуде танымдық шаралардың орны бөлек. Жалпы, елімізде жүзеге асып жатқан игі істер жетерлік. Мәселен, қаладағы маршруттарда жаңа автобустар жүре бастады. Солардың ішіне Атыраудың белгілі адамдарының суреттерін іліп, шағын ақпараттар берілсе, жастардың аймақтың дара тұлғаларын білуіне оң септігін тигізер еді. Олардың фотосы мен қысқаша мәлімет жазылса, онсыз да номофобтарға айналып бара жатқан жас буынның ардақты тұлғаларды тануына ықпал етері сөзсіз.

Р.S: Қазақта «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген нақыл сөз бар. Бірақ, бүгінде жеті атасы түгілі өзінің туған жері туралы кеңінен әңгімелей алмайтын жастарды көргенде жаның ашиды. Мұхтар Шахановша айтсақ, құдды бір «мәңгүрт» сияқты. Ал, болашақ жастар – сіз бен біздің аялап, мәпелеп өсіріп отырған баламыз емес пе? Зияны мен пайдасы бірдей ағылған жаһандану кезеңінде сананы қажетсіз ақпаратпен улай бергенше, алдымен, ой елегінен өткізіп, тиімді жағын жадымызға түйгеніміз дұрыс болар еді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған