«ӘЙТЕКЕ БИ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ

Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәдениетін көтеру, суырыпсалма шешендік өнерді дәріптеумен қатар, қандастарымыздың арасынан сөз өнерінің қадір-қасиетін жанындай сүйіп, оны халық арасында кеңінен насихаттап жүрген, тілге ұста, ділмар дарын иелерін іздеп табу мақсатында «Кәнекей, тілім, сөйлеші» атты республикалық шешендік байқау ұйымдастырылды. Өнер сайысына Миялы селосындағы Халел Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шырынгүл Бақтығұлқызы ЖҰМАГЕРЕЕВА қатысып, «Әйтеке би» жүлдесін қанжығасына байлады.


Біз Шырынгүл Бақтығұлқызымен әңгімелескен едік.

– Байқаудың «Сәлемдесу – салтымыз» атты бөлімінде, ең алдымен, өзімізді таныстырдық. «Таза мінсіз, асыл сөз  ой түбінде жатады» бөлімінде жұмбақтап айтылған шешендік сөздердің, мақал-мәтелдердің астарын ашып, мән-мағынасын түсіндірсек, «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» бөлімінде би-шешендердің сөздерінен, сатиралық шығармалардан үзінділер айтып, қисса, дастан, көркемсөз оқудан, күй шертіп, терме орындап, дәстүрлі ән шырқаудан, яғни, қазақ халқына тән ұлттық өнер түрлерінен білім мен өнер бәсекесіне түстік.

Өзім 2003 жылы Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедұлы атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түстім. Алғашқы еңбек жолымды   Халел Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте бастадым.

Тәжірибелі мұғалімдер бізді шешендік өнерге жалықпай баулыды. Ал, нағашы атам, геология-минералдар ғылымдарының кандидаты, Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Атырау өңіріндегі мұнай-газ өндірісін ұйымдастырушылардың бірі, 140-тан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 5 монографияның авторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Халықтар Достығы орденінің иегері Таумұш Жұмағалиевтың бізге берген тәлім-тәрбиесі өмірлік жолымда жаныма нағыз серік болды. Біз нағашы атамызға сәлем бергенде қазақтың ақын-жырауларының жырларын жатқа айтып амандасатынбыз. Ол біздің маңдайымыздан сипап, рахаттана тыңдайтын. Кейде көзіне жас алатын. Сол кезде біз ол кісіге таңдана қарайтынбыз. Қазір ойласам, нағыз сөз құдіретін түсініп, өз ұлтының төл тілін сүйіп өскен адам ғана осылай жүрегімен езіле толқиды екен ғой. Студент кезімізде күнделікті сабағымызды мұқият тексеріп отыратын. «Сендердің келешектерің – білімде. Жалықпай ізденіп, үнемі қазақтың ақын-жырауларының жырларын үзбей оқыңдар. Жаныңа рахат себетін де, ана тіліңнің қадіріне жеткізетін де – сөз құдіреті»  деп отыратын.

Қазіргі кезде өзім білім беретін шәкірттерімнің туған тілімізге деген қызығушылықтары  өте қуантады. Оқушылар ойларын еркін, қысылмай жеткізеді. Ақпаратты технологиялар қарыштап алға дамыған заманда кейінгі жас ұрпақтарымыздың өнерге ұмтылып, жарқын болашаққа деген ерекше сенімдері – Тәуелсіздігіміздің арқасы деп білемін, – дейді Шырынгүл.

Ол – отбасында үш бүлдіршін тәрбиелеп өсіріп отырған аяулы  ана. Жұбайы Ержан жеке кәсіппен айналысады.

Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз