Жарнама
Білім

60 ұстаз – болашақ инженерлердің жол бастаушысы

«USTEM Foundation» қоғамдық қоры «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры мен ExxonMobil» компаниясының қолдауымен ғылым, технология, инженерия және математика саласындағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірегей STEM Hanym білім беру бастамасы Атырау облысында іске қосылған болатын.

29 қыркүйекте Атырау облысының бес өңірінен – Атырау және Құлсары қалаларынан, сондай-ақ Мақат, Құрманғазы және Махамбет аудандарынан 300 әйел үшін күндізгі оқыту басталды.

Құрманғазы ауданында 6-10 қазан аралығында өткен 5 күндік оқуға 60-қа жуық педагог қатысты. Бағдарлама STEM бағыттарында дамып, білімін өскелең ұрпақпен бөліскісі келетін әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ашуға арналған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға деген қызығушылық өте жоғары болған. Жалпы саны мыңнан астам әйел өтініш беріп, оның ішінен онлайн іріктеу кезеңінің нәтижесінде ең ынталы 300 қатысушы таңдап алынған.

Қатысушылардың арасында педагогикалық факультеттердің студенттері, жұмыс істеп жүрген мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілері, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар әйелдер және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар бар.

Бағдарламаның қарқынды форматына 30 сағаттық семинарлар мен хакатон кіреді. Бұл қатысушыларға теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар командалық режимде жобалармен жұмыс істеу арқылы оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Курс әлемге танымал, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №514 бұйрығына енген FIRST халықаралық әдістемесіне негізделген. Бұл әйелдерге LEGO Education жиынтықтарымен жұмыс істеуді, роботтарды бағдарламалау негіздерін үйренуді, сыни және инженерлік ойлауды дамытуды, сондай-ақ командада жұмыс істеу мен нақты жаһандық мәселелерді шешу сияқты маңызды дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Бағдарлама қорытындысы бойынша ең талантты түлектер FIRST LEGO League жарыстарына қатысу үшін жеке жиынтықтар алады. Бұл оларға білімін жалғастыруға, жас инженерлер командаларын құруға және республикалық, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындалуға жол ашады.

– STEM Hanym – бұл әйелдердің ғылым мен технология саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірегей бастама. Біздің басты мақсатымыз – Атырау облысында 300 сертификатталған жаттықтырушы дайындау. Олар мыңдаған оқушыны инженерия мен робототехника әлеміне тартады. Біз оларды робот құрастыруға ғана емес, сыни және инженерлік ойлауға үйретеміз. Қатысушылар бағдарламалау, 3D-модельдеу негіздерін меңгеріп, LEGO Education құралдарын нақты мәселелерді шешу үшін қолдануды үйренеді. Ең бастысы – осы білімді балаларға тиімді жеткізу жолдарын игереді. Олардың хакатондардағы креативтілігі мен білімге деген ұмтылысы таңғалдырады. Олар – өз мектептеріндегі STEM-білім берудің болашақ көшбасшылары. Нәтижесінде, мыңдаған бала сапалы STEM-білім алып, халықаралық жарыстарға дайын болады, – дейді «USTEM Foundation» баспасөз хатшысы Мәдина Мадреймова.

Айнагүл ШАКУПОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button