ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТІҢ ӨНЕГЕСІ

Елбасы жетістіктерін ұлығылау және қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бір топ оқушылары Тұңғыш Президент күніне орай автошеру ұйымдастырды.

Ұстаздар мен ата-аналардың қолдауына ие болған бұл шара бір мезгілде еліміздің барлық өңіріндегі зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылды. Жиырмадан астам ақ түсті автокөліктер Нұрсая ықшамауданынан қозғалып, еліміздің көк байрағын желбіретті. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан ертемен басталған шара мектептегі концертке жалғасты.  «Тәуелсіз Қазақстанның дамуында Елбасының рөлі мен болашағы», «Елбасымыздың салиқалы саясаты» тақырыптарында ой бөліскен оқушылар кейін мектеп алаңында «Елбасы» деген жазу бойынша сапқа тұрып, флешмоб ұйымдастырды. Атаулы мерекені қызу тойлаған зияткерлік мектеп оқушылары түрлі-түсті шарларды көкке ұшырып, тілек тіледі.

Екі мыңға жуық оқушы қатысқан желілік (республикалық) домбыра флешмобы да биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Ол төл мәдениетіміздегі ғажайып туындыларды өскелең ұрпаққа насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу арқылы жастардың домбыра, күй өнеріне дегені қызығушылығын арттыру мақсатында өтті. 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз