Әлем чемпиондары Құлсары көшелерімен жүгіріп өтті (+ФОТОРЕПОРТАЖ)

Жаңалықтар Спорт ФОТОГАЛЕРЕЯ

Аtr.kz/29 сәуір, 2019 жыл. Өткен сенбіде Жылыой ауданының орталығында  Жастар жылы аясында «Qulsary Marafon – 2019»  жаппай жүгіру сайысы болып өтті. Аудан тарихында алғаш рет ұйымдастырылған бұл спорт мерекесіне жалпы есеппен мың жарымнан астам адам қатысып, олар «Спорт – денсаулық кепілі» деген ұранмен ұзақтығы  үш шақырымдық  жолды жүгіріп шықты.

Аудан тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мен олардың спортпен шұғылдануға деген көзқарастарын қалыптастыруды көздеген  бұл шараға құрметті қонақ ретінде Индонезияда өткен Паразияданың суға жүзуден екі дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ержан Сәлімгереев, аралас жекпе-жектен әлем чемпиондары  Қайрат Ахметов пен Нұрберген Шарипов, джиу-джитсудан әлем чемпиондары Османжан Қасымов пен  Жалғас Жұмағұлов, жекпе-жек ұлттық спортынан әлем чемпионы Арман Әшімов секілді әлемдік додаларда ел байрағын биікке көтерген  танымал спортшылар да қатысты. Олардың бірқатары көпшілікпен бірге марафонда жүгіріп, жарыстың мәнді де сәнді өтуіне өз үлестерін қосты.

Шара барысында аудан әкімі Азамат Бекет марафонға  қатынасқандарға алғыс білдіріп, қолдау көрсеткен әлем чемпиондары мен демеушілерге шексіз ризашылығын білдірді.

– Бұл үлкен спорттық мерекені әр жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ ойымыз бар. Және,  келер жылы жүгірушілер саны биылғыдан екі еселенеді деп сенеміз. Сіздердің бүгінгі көтеріңкі көңіл-күйлеріңізді, жастарымыздың белсенділігін байқай тұрып, бүгінгі шараның көпшілікке ұнағандығын көріп тұрмыз. Сондықтан, бәріңізді осындай спорттық және басқа да шараларға көпшілік болып қатысуға шақырамын,- деді аудан әкімі Азамат Бауыржанұлы. 

Жарыс қорытындысында 6 жасар ең жас марафоншы Ғалым Абиловқа, 57 жасар ең егде жүгіруші Болат Мусиевке сыйлық  табысталып, оның арты аудан өнерпаздарының  ән-биіне ұласты. Бұдан бөлек, мұнайлы өңірге келген спорт саңлақтары аудандық спорт кешеніне жиналған жастарға өз спорт салаларынан шеберлік сағаттарын өткізіп, жеңіске жетудің қыр-сырын үйретті.  

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған