Жылыойдағы жарқын мереке

Жылыойдағы жарқын мереке Жаңалықтар

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында бастау алған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты республикалық мега-жоба эстафетасы сейсенбі күні Жылыой ауданында жалғасын тапты. Мақаттықтар жолдаған эстафета шеруін аудан әкімі Мақсым Ізбасов бастаған жылыойлықтар зор құрметпен қарсы алды.

%d0%b6%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d0%be%d0%b9%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d2%9b%d1%8b%d0%bd-%d0%bc%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%b5

Алдымен меймандар қаладағы «Жеңіс» саябағына аялдады. Аудан әкімі Мақсым Ізбасов пен Мақат ауданы әкімі  Берікқали Сәрсенғалиев Мәңгілік алау басына гүл шоғын қойып, аталар ерлігіне тағзым етті. Бұдан соң ақ түсті 25 көлік 25 Туды көтеріп  қала ішін аралады.

Эстафетаны қабылдау рәсімі «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» деп аталған концерттік бағдарламаға жалғасты. Мега-жоба эстафетасының Жылыойға жетіп, табысталуымен құттықтаған аудан басшысы Мақсым Шафихұлы жоба аясындағы шаралар әрбір елді мекенде, ауылда жалғасын табатынын жеткізді. Мега-жобаның мақсатын кеңінен әңгімеледі. «Біз, жылыойлықтар – өзіміздің туған өлкеміздің тағылымды тарихын, талайлы тағдырын, өрісті өткені мен келісті келешегін айтып мақтанамыз. Жылыой ауданы – еліміздің барлық өңірлері секілді, ел Тәуелсіздігінің нығаюына өзіндік үлес қосып келе жатқан өндірісті өңір» деді ол. Әкім 1991 жылдан бергі ауданда атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевке  Алғыс хат  табыс етті.

Жиынға қатысушылар егемендік алған тұста отау көтеріп, 25 жыл бойы тату-тәтті шаңырақта өмір сүріп жатқан ерлі-зайыптылар Орынжан Жақанов пен Дариға Табынбаева, Мақсот Нәукенов пен Әлия Нұрханованы құттықтады. Сонымен қатар, Тәуелсіздік құрдастары – Мөлдір Есенаманова мен Венера Ауданбаевалар да  марапатталды.

Бұдан соң Мақат ауданының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» атты мега-жоба аясында «Бәйтерек» бейнесіндегі эстафетаны Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасовқа табыстап,  Алғыс хатпен  ұлығылады.

Шара барысында қос ауданның өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

Перизат ҚИЗАТОВА,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз